Республика күні қарсаңында 129 еңбек ардагері, өнеркәсіп, көлік және басқа да салалардың 473 жұмысшысы мемлекеттік наградаларға ие болды
Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық мереке қарсаңында елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ белсенді қоғамдық қызметі үшін еңбек ардагерлері, өндіріс, бизнес, білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларының өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар мен мәдениет және өнер қайраткерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы өндірістегі еселі еңбегі үшін «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Ә. Доспановқа берілді.
«Отан» орденімен көрнекті мәдениет және өнер қайраткері, композитор, «МузАРТ» тобының ел ішінде және шетелде танылуына зор үлес қосқан А. Қоразбаев марапатталды.
І дәрежелі «Барыс» орденіне «TNS-group» концерні» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Т. Жұмағұлов пен актер Н. Ықтымбаев лайық деп танылды. ІІ дәрежелі «Барыс» ордені білім саласының ардагері Е. Мәмбетқазиевке және Қазақстан альпинизм және тауға өрмелеу федерациясы заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті Қ. Уәлиевке табысталды. Ал ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Novo-Prirechnoe» ЖШС директоры В. Тюркин, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы С. Шаңғытов және басқа азаматтар марапатталды.
Елдің дамуына сүбелі үлес қосқан белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері мен өндіріс саласының өкілдері «Парасат» орденін иеленді. Олардың қатарында «Ақмайа» шаруа қожалығының төрағасы Д. Жұмбеков, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Н. Уәли, археолог А. Поду́шкин, Қарағанды медицина университетінің профессоры М. Түсіпбекова және «Радуга» ЖШС бас директоры Д. Шарапаев бар.
«Құрмет» орденімен түрлі салада жемісті еңбек еткен азаматтар марапатталды. Олардың қатарында «Өзенмұнайгаз» АҚ кран машинисі Б. Досқарин, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Көпбейінді облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Е. Калмбах, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Астық-STEM» ЖШС бас агрономы Т. Хамидуллин, «Здоровая Азия» онкологиялық ауруларды қолдау жөніндегі қоғамдық қорының негізін қалаушы Н. Плохих, Қызылорда облысындағы «Қамқорлық» оңалту орталығының басшысы А. Мусафирова, Атырау облысындағы су шаруашылығының ардагері Н. Қонас және Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Б. Медетбаев бар.
Қоғамдық келісім мен ұлтаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін «Ел бірлігі» ордені «Алматы қаласының Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің құрметті төрағасы Г. Аннакулыeваға, Қарағанды облысындағы «Шешен-Ингуш „Вайнах“ этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы У. Джанаевқа, «Возрождение» Қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Д. Редлерге және «Tamos Space School» ЖШС мұғалімі Д. Ромашенкоға берілді.
Өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндірістік салалардың қызметкерлері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Сонымен қатар мәдениет саласының бірқатар өкіліне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», педагогтер мен білім беру саласының мамандарына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», ал өнер қайраткерлеріне «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атақтары берілді. Бірқатар медицина қызметкері, соның ішінде Т. Шарманов атындағы Ұлттық медицина университетінің профессоры Т. Таркина «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағына ие болды.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі, көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері І және ІІ дәрежелі «Даңқ», І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Мемлекеттік наградаларға барлығы 129 еңбек ардагері, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардың 473 қызметкері, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі, 150-ден аса педагог пен ғалым, 120-ға жуық медицина қызметкері және ел дамуына күнделікті еңбегімен үлес қосып жүрген басқа да азаматтар ие болды.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



