АймақЖаңалықтар

Қарағандыда Кеншілер күніне арналған мерекелік концертке дайындық қызу жүріп жатыр

Ертең, 29 тамызда Қарағандыда Шахтерлер күніне арналған ауқымды мерекелік кеш өтеді. Концерт Оңтүстік-Шығыс шағынауданындағы Байкен Әшімов көшесінде орналасқан жаңа алаңда ұйымдастырылады. Басталу уақыты сағат 18:00-де.

Сурет Qarmet ресми сайтынан

Мерекелік кештің хедлайнерлері – Димаш Құдайберген,  Қайрат Нұртас және Дима Билан. Танымал өнерпаздар Қарағанды тұрғындары мен қала қонақтарына өздерінің хит әндерін ұсынады. Концерт соңында мерекелік отшашу болады.

Қазір концерт өтетін аумақта соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көрермендерге арналған 50 биодәретханалар орнатылды. Бүгін дыбыс аппараттары соңғы рет тексеріледі.

Мерекеге байланысты мобильді байланыстың сапасын жақсарту үшін қосымша төрт жылжымалы базалық станция орнатылды. Олар алғаш рет Астана мен Алматыдан арнайы жеткізілді. Дегенмен, көрермендердің көп жиналуына байланысты байланыста уақытша үзілістер болуы мүмкін.

Қауіпсіздік шаралары да күшейтіледі. Концерт алаңында және оған іргелес аумақта полиция қызметкерлері, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем бригадалары кезекшілік атқарады.

Көрермендерге жол қозғалысының сызбасымен, автотұрақ орындарымен және автобустардың жүру бағыттарымен алдын ала танысу ұсынылады. Сондай-ақ сапарды жоспарлау кезінде уақытша жол шектеулерін ескеру қажет.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button