Электрсамокат жүргізушілеріне жаңа талаптар енгізілді
Қазақстанда электрсамокаттар мен өзге де жеке мобилдік құралдарының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары көбейіп отыр. Бас прокуратура жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.

Жыл басынан бері мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 33 адам қаза тауып, 461 адам жарақат алған. Сонымен қатар велосипедшілердің кінәсінен – 169, шағын электр көлік құралдарын пайдаланушылардың қатысуымен – 97, электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы болған.
25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Веложол немесе веложолақ болса, самокат жүргізушілері солармен қозғалуы тиіс. Олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Жолдың жүріс бөлігінде электрсамокатты тек 18 жасқа толған, тиісті жүргізуші куәлігі бар және дулыға таққан адамдар басқара алады. Мопедтер тек жүріс бөлігімен жүруге тиіс.
Сондай-ақ самокат, велосипед және мопедпен жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде көліктен түсіп, оны жетектеп өту қажет. Жолаушы тасымалдауға, рөлді ұстамай телефон пайдалануға және қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.
Бас прокуратура жүргізушілерді де қиылыстарда, аулаларда және жаяу жүргіншілер өткелдерінде жылдамдықты төмендетіп, екі дөңгелекті көлік пайдаланушыларына ерекше назар аударуға шақырды.
Жолдағы қауіпсіздік – барлық қозғалыс қатысушыларының ортақ жауапкершілігі.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



