Майқұдықта 9 шақырымнан астам су құбырлары мен кәріз желілері жаңарады
Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданында биыл 9,2 шақырымнан астам су құбыры мен кәріз желісі жаңартылады. Жобаның басты ерекшелігі – жұмыстардың едәуір бөлігі траншеясыз технологиямен жүргізіледі. Бұл жолдарды, жаяу жүргіншілер жолын және абаттандырылған аумақтарды қазбай, инженерлік желілерді жаңартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Әлихан Бөкейхан ауданы әкімдігі.

Қазір негізгі жұмыстардың бірі 14-шағынауданда жүргізілуде. №1, 2, 2А, 3–14, 16 және 18 үйлердің маңында шамамен 1,8 шақырым кәріз желісі ауыстырылады. Технологияның арқасында тұрғындардың күнделікті өміріне түсетін салмақ азайып, кәріз жүйесін толық өшірудің қажеті болмайды.
Сонымен қатар Пришахтинск коллекторы, Зелинский, Сводная және Пирогов көшелеріндегі желілер жаңғыртылады. Бұл учаскелерде диаметрі 160-тан 1000 миллиметрге дейінгі 2,4 шақырымнан астам құбыр ауыстырылады.

Жалпы, биыл «Қарағанды Су» компаниясы ауданда жеті инфрақұрылымдық нысанды жаңартуды жоспарлаған. Оның төртеуі сумен жабдықтау жүйесіне, үшеуі су бұру желілеріне қатысты. Нәтижесінде 4,1 шақырым су құбыры және 5,1 шақырым кәріз желісі жаңартылады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



