Арманға бастар алаң
Облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) мен «Қазақстандық Арнайы Олимпиада» қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалы бірлесіп биыл бесінші мәрте «Special Olympics» бағдарламасы аясында ерекше жандар арасында футболдан облыстық турнир өткізді. Оған аймақтың арнайы мектеп-интернаттарынан, коррекциялық және әлеуметтік мекемелерінен бес команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Ашылу рәсімінде «Қазақстандық Арнайы Олимпиада» қоғамдық бірлестігі Қарағанды филиалының жетекшісі Ирина Эрзямкина сөз алып, жылы лебізін білдірді.

Бұл бәсекенің басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар жандарды қоғамнан оқшауламай, спорт арқылы олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне ықпал ету. Және инклюзивті қоғам құруға үлес қосу. Ирина Эрзямкина өз сөзінде аталған бастаманың ең басты құндылығы спорттық нәтижеден гөрі қатысушылардың өз күшіне деген сенімін нығайтып, белсенді өмір салтына ынталандыруында екенін ерекше атап өтті.
– «Шахтер» стадионының жасыл алаңына шыққан әр қатысушы өзін нағыз чемпион сезінеді. Осындай сәттер олардың ерекше эмоцияға бөленіп, өз мүмкіндігіне деген сенімін арттырады. Біз дәл осындай бірлескен жобалар арқылы шектеусіз мүмкіндіктер кеңістігін қалыптастырып келеміз. Футболдағы барлық әлеуметтік бастамамызды тұрақты түрде қолдап, демеушілік танытып жүрген QOFA ұжымына шынайы алғысымды білдіремін, – деді Ирина Эрзямкина.
Турнир айналмалы жүйе бойынша өтті. Әр команда төрт кездесу өткізіп, жинаған ұпай санына қарай жеңімпаз анықталды. Нәтижесінде, ең көп ұпай еншілеген Қарағанды қаласының №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының «Арлан» командасы чемпион атанды. Команда шабуылшысы Ермек Сұлтанов бұл жарысқа ұзақ уақыт дайындалып, жеңімпаз атану үшін келгенін айтты.
– Футбол – менің ең жақсы көретін спортым. Бұл турнирге біз өте ұзақ дайындалдық. Бапкеріміз бізге көп көмектесті. Мұндай үлкен стадионда ойнау – біз үшін нағыз мереке. Төрт ойынның екеуін жеңдік. Өзім бес гол салдым. Бапкеріміз команданың әр ойыншысына жекелей тапсырма беріп, қарсыластарға тактикалық қысым жасауды тапсырды. Нәтижесінде, командамыз жеңіске жетті. Бізге қолдау көрсетіп, осындай жарыс ұйымдастырған жандарға алғыс білдіремін, – деді ол.
Доп додасының қорытындысы бойынша Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының «Sparta» командасы – ІІ орын еншілесе, үздік үштікке Қарағанды қаласы Ә.Бөкейхан ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің «Сұңқар» командасы табан тіреді.
Айта кетейік, «Арлан» командасы бұған дейін де халықаралық ареналарда табысты өнер көрсеткен. Атап айтқанда, 2023 жылы Польшада өткен халықаралық турнирде күміс жүлдеге ие болса, өткен жылы әлем чемпионатында IV орынға тұрақтады. Ал, осы жолғы чемпионатта топ жарып, күзде Алматы қаласында өтетін республикалық турнирге жолдама жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге QOFA ұйымының арнайы кубогы, медалі және бағалы естелік сыйлық табысталды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



