Бәрекелді, балуандар!
Филиппиннің Манила қаласында спорттық самбодан жасөспірімдер мен жастар және жауынгерлік самбодан ерлер мен айелдер арасындағы Азия чемпионаты өтті. Оған 22 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Осы чемпионатқа облыс атынан үш спортшы қатысып, бір алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.
Спорттық самбодан 80 келі салмақта өнер көрсеткен Мадина Ержан екі кездесу өткізіп, өз салмағының үздігі атанды. Ол алғашқы белдесуінде Түрікменстан, екіншісінде Қырғызстан балуанымен белдесіп, қарсыластарын қапы қалдырды. Жалпы, Мадина – спорттық самбодан үш дүркін Азия чемпионы. Өткен жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Әрі халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Осы жолы да үздік нәтиже тіркеп, ел мерейін үстем етті.
+98 келі салмақта сынға түскен Болат Сапар үш кездесу өткізіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Алғашқы екі белдесуінде Моңғолия және Филиппин спортшысымен кездесіп, екі кездесуін де мерзімінен бұрын аяқтаған. Алайда, жартылай финалда Өзбекстан балуанына 4:6 есебімен есе жіберген.
Болат – жастар және ересектер арасындағы Азия чемпионы. Сондай-ақ, ересектер арасында жағажай самбосынан әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Самбоға 10 жасында келген ол бүгінде үлкен белестерді бағындырып келеді.
Ал, жауынгерлік самбодан 71 келіде бақ сынаған Ниетхан Тілеухан төрт белдесу өткізіп, нәтижесінде чемпионаттың күміс жүлдегері атанды. Ол алғашқы үш кездесуінде Филиппин, Корея және Қырғызстан спортшысымен белдесіп, қарсыластарынан айласын асырған. Ал, финалда Түрікменстан балуанымен кездесіп, 1:2 есебімен есе жіберді. Ниетхан – өткен жылғы жауынгерлік самбодан әлем чемпионы. Әрі халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Бүгінде аталған чемпионатта үздік өнер көрсетіп, тағы бір мәрте жүлдемен оралды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



