Боулингте бақ сынасты
БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасында облыстық боулинг турнирі өтті. Мерекелік сайыс Қазақстан Журналистер одағы Қарағанды облыстық филиалының ұйымдастыруымен, Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Турнирдің ашылу салтанатында Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов журналистер қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
– Еңбектеріңіз қашан да құрметке лайық. Сенімді ақпарат таратып, өңір дамуын жүйелі насихаттап, түрлі салада қалам тербеп, мазмұнды еңбек етіп келесіздер. Еңбектеріңіз жемісті болып, толайым табыс тілеймін. Сәтін салса, алдағы уақытта бұл турнирді дәстүрлі түрде өткізуге ниеттіміз, – деді Мейрам Кожухов.
Сайысқа 10 команда қатысты. Алғашқы кезеңде командалар жарты сағаттық фрейм бойынша бақ сынады. Нәтижесінде үздік шыққан алты команда ақтық кезеңге жолдама алды. Плей-офф кезеңі де 30 минутқа созылып, қатысушылар шешуші сында шеберлігін ортаға салды.
– Бір сәт жұмыстан алшақтап, осылайша бас қосу әрқайсымызға ерекше әсер сыйлайтыны рас. Бейресми жағдайда жүздесіп, достық қарым-қатынасты нығайту – бәріміз үшін маңызды. Ұйымшылдығымыз артып, бірлігіміз ажырамай, еңбектеріміз еселене берсін! – деді Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов.
Қорытындыда үздік командалар ұпай санына сәйкес анықталды. Жүлделі ІІІ орынды екі команда – «eKaraganda» ұжымы мен облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті иеленді. ІІ орынға ардагер журналистер мен редакторлардан құралған «Арландар» командасы тұрақтады. Ал, І орынды «Saryarqa» телеарнасының ұжымы еншіледі.
Марапаттау рәсімі барысында журналистика саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар әріптеске де құрмет көрсетілді. Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен Аман Хамит, Сайран Ақанбаев, Станислав Песнев, Елена Уньянкина, Саят Сабдалы және Бекзат Тұрмағанбет марапатталды.
Сондай-ақ, «Үздік ойын көрсеткені үшін» арнайы жүлдесі «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілдаға, «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясы «eKaraganda» сайтының директоры Сергей Забурдяевқа, ал, «Көрермендер көзайымы» Айсұлтан Жақыпқа берілді.
Салтанатты шарада әріптесіміз Мағжан Құдайбергенге Қазақстан Журналистер одағының ресми куәлігі мен төсбелгісі табысталғанын да айта кеткен абзал.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»