Бұйырғаны бес алтын
Бокстан Қытайдың Гуйян қаласында өткен Әлем кубогының екінші кезеңі аяқталды. Аталған турнирге 44 елден 300 боксшы қатысып, кіл мықтыны анықтады. Ал, байрақты бәсекеге ұлттық құрама сапында 17 спортшымыз өнер көрсетіп, бес алтын, үш қола жүлде жеңіп алды. Нәтижесінде, жалпыкомандалық есепте ІІ орын иеленді. Жүлдегерлердің қатарында жерлесіміз Абылайхан Жүсіпов пен Аида Әбікеева және Дина Исламбекова да бар.
70 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз Абылайхан Жүсіпов 1/8 финалда Бразилия өкілі, Әлем кубогының финалисі Кайан Рейесті сенімді түрде жеңсе, ширек финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаевтан басым түсті. Жартылай финалда биылғы Азия чемпионы, иорданиялық Зейад Ишаишпен кездесіп, қарсыласын 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Осылайша, қазақстандық былғары қолғап шебері турнир барысында бірнеше мықты қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Ал, финалда Үндістан өкілі Дипакпен қолғап түйістірді. Шешуші жекпе-жекте қазақстандық боксшы жоғары деңгейдегі шеберлігі мен тактикалық сауаттылығын паш етіп, қарсыласына мүмкіндік қалдырмады. Кездесу барысында айқастың тізгінін толық өз қолында ұстап, барлық раундта басымдық танытты. Нәтижесінде, жерлесіміз төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 5:0. Осылайша, Абылайхан Жүсіпов Әлем кубогында өткізген барлық жекпе-жегінде қарсыластарынан 5:0 есебімен айқын басым түсіп, турнирдің алтын медалін жеңіп алды.
65 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен әлемнің екі дүркін чемпионы Аида Әбікеева Әлем кубогының жартылай финалында Бразилияның даңқты боксшысы, Токио және Париж Олимпиадаларының жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы Беатриз Феррейрамен қолғап түйістірді.
Жоғары деңгейде өткен тартысты кездесуде тәжірибесі мол қарсылас басымдық танытып, төрешілер шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен, Әбікеева турнир барысында жарқын өнер көрсетіп, Әлем кубогын қола медальмен аяқтады.
Ал, аса ауыр салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Дина Исламбекова жартылай финалда Өзбекстанның тәжірибелі боксшысы Олтиной Сотимбоевамен кездесті. Бұл – қос спортшының биылғы жылғы өзара үшінші жекпе-жегі болды. Өкінішке қарай, бұл жолы да қарсыласы басымдық танытып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Дина Исламбекова финал жолдамасынан тыс қалып, турнирді қола жүлдемен аяқтады.
Одан бөлек, Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбай (50 келі) мен Айбек Оралбай (+90 келі) өз салмағында топ жарды. Әйелдер арасында 54 келіде бақ сынаған Назым Қызайбай мен 60 келідегі Виктория Графеева да алтын алып, ел мерейін үстем етті. Ал, әйелдер арасындағы 80 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шыққан Валерия Аксенова қола медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының жүлде қорын толықтырды.
Жалпыкомандалық есептің қорытындысы бойынша бес алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алған Қытай құрамасы І орынға тұрақтады. Ал, төрт алтын, үш күміс және төрт қола жүлдеге қол жеткізген Өзбекстан құрамасы үздік үштікті қорытындылады.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

