6 маусым күні «BaiQymyz-2026» этно-гастрономиялық фестивалі аясында Қарағанды тұрғындары мен қала қонақтары Қарқаралы қаласына тегін жете алады.

Фестивальға қатысқысы келетіндер үшін Қарағанды – Қарқаралы – Қарағанды бағыты бойынша арнайы автобустар ұйымдастырылады. Төрт автобус жолаушыларды «Global City» сауда орталығының жанынан күтеді. Жөнелту таңғы сағат 06:00-де басталып, автобустар салондар толуына қарай жолға шығады.
Кері бағытта Қарағандыға екі автобус сағат 15:00-де, тағы екі автобус сағат 17:00-де аттанады. Бұдан бөлек, сағат 12:00-ден бастап әр екі сағат сайын Қарқаралы қаласынан фестиваль өтетін орынға дейін автобус қатынайды. Барлық бағыттар бойынша жол жүру тегін.

«BaiQymyz-2026» фестиваліне Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарынан және Қарағанды облысының аудандарынан қымыз өндірушілер келеді.
Бағдарлама аясында жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтын «Үздік қымыз» байқауы өтпек. Сондай-ақ ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары, қолөнер көрмесі, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Фестиваль аясында халықаралық мәдени бағдарлама да ұсынылып, қонақтарға қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын кеңінен насихаттайтын мазмұнды шаралар өткізілмек.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



