АймақҚарағанды

«Таза Қазақстан»: Өндірісті өңір қалай өзгеріп жатыр?

Қазақстанда соңғы жылдары экология мәселесіне деген көзқарас түбегейлі өзгеріп келеді. Бұрын тазалық жұмыстары көбіне сенбілікпен ғана шектелсе, бүгінде мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын бастау арқылы табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қоғамның назарын аударды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты аялау, тазалық мәдениетін әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіру өзекті деп санайды. « Мысалы, қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн. Мұны «Таза Қазақстан» кампаниясының негізгі бағыттарының бірі деуге болады. Уақыт өткен сайын көптеген адамдардың қоршаған ортаны аялауға, қорғауға ұмтылып жатқанын көріп отырмыз. Азаматтарымыз экологиялық талаптарды сақтап, оны саналы түрде өмір салтына айналдырып келеді. Мен жаңа ғана көрмені араладым. Онда экологияға мән берген кәсіпорындарымыздың жұмыстары қойылған. Оларға ризашылығымды білдіремін. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Тұтас елдің сана-сезімі өзгере бастады. Жастарымыз мұны терең түсінеді» – деді Президент.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Экология – қоғамдық мәдениеттің көрінісі

Бұл бастама ел көлемінде үлкен қолдау тапты. Әсіресе өндірістік өңірлер үшін аталған жобаның маңызы ерекше. Қарағанды облысы өнеркәсіптік әлеуеті жоғары аймақ болғандықтан, мұнда экологиялық мәселелер әрдайым өзекті.

Кен өндірісі, металлургия, көмір өнеркәсібі, көлік қозғалысының артуы және тұрмыстық қалдықтардың көбеюі өңір табиғатына салмақ түсіріп отырғаны жасырын емес. Сондықтан «Таза Қазақстан» акциясының Қарағанды облысында жүйелі әрі ауқымды түрде жүзеге асырылуы уақыт талабынан туған маңызды шешім.

Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында елімізде кең көлемді экологиялық шаралар қолға алынуда. Осы міндеттерді орындау мақсатында Қарағанды облысындағы орман шаруашылықтары көктемгі ағаш отырғызу науқанын сәтті аяқтады. Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы көктемгі жұмыстар нәтижесінде 278,2 гектар жерге 1 миллион 299 мыңнан астам көшет отырғызылғанын атады.

Мәселен, жалпыхалықтық сенбіліктер барысында бір күннің ішінде ғана 10 мың түпке дейін ағаш отырғызылған жағдайлар тіркелді. Бұл көрсеткіш өңір тұрғындарының экологиялық бастамаларға белсенді қатысатынын және «Таза Қазақстан» акциясының нақты нәтижеге айналып отырғанын көрсетеді.

Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» акциясы қарапайым сенбіліктен әлдеқайда ауқымды бастамаға айналды. Бүгінде өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және елді мекендердің санитарлық жағдайын көтеру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.


Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 2025–2026 жылдары өңірде мыңдаған тонна қоқыс шығарылып, жүздеген аула, саябақ, сквер мен қоғамдық кеңістіктер тазартылды. Заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары күшейтіліп, өзен-көл жағалауларын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінді.

Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран, Шахтинск қалаларында және аудан орталықтарында тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Оған коммуналдық қызмет мекемелері ғана емес, кәсіпорын қызметкерлері, жастар ұйымдары, еріктілер, студенттер мен қарапайым тұрғындар да белсенді қатысуда.
Соңғы жылдары облыста көгалдандыру жұмыстары ерекше қарқын алды. Мыңдаған көшет отырғызылып, жаңа жасыл аймақтар пайда болды. Әсіресе өндірістік қалалар үшін бұл өте маңызды қадам. Себебі ағаш егу – тек қаланы көркейту емес, экологиялық тепе-теңдікті сақтау жолындағы нақты әрекет.

Өңір басшысы: «Жұмыс нақты нәтиже беруі керек»

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Таза Қазақстан» бастамасының өңір тұрғындары тарапынан кең қолдау тапқанын бірнеше рет атап өтті.


– Тұжырымдамаға өзгерістер енгізу маңызды. Біздің тұрғындар «Таза Қазақстан» бастамасын белсенді қолдады, жұмыс жүріп жатыр. Оны тиімді ету үшін тез шешім қабылдау керек, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімі депутаттарды бағдарламаның іске асырылуына тұрақты мониторинг жүргізуге шақырды. Бұл – экологиялық саясаттың қағаз жүзінде қалмай, нақты нәтижеге бағытталғанын көрсетеді.

Әкімдік ұсынған мәліметке сүйенсек, 2025 жылы Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы нақты нәтижелерімен ерекшеленді. Өңірде атқарылған жұмыстар тек бір реттік науқан емес, жүйелі экологиялық саясаттың бір бөлігіне айналғанын көрсетеді.
Акцияға облыс бойынша 127 мыңнан астам тұрғын қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосты. Қоғамдық белсенділік тек тұрғындармен шектелмей, өңір экономикасының негізгі бөлігі саналатын кәсіпорындарды да қамтыды. Жалпы 10 743 кәсіпорын бұл бастамаға тартылды. Экологиялық жұмыстарды тиімді жүргізу үшін 1 433 техника бірлігі жұмылдырылып, қалалар мен елді мекендерде ауқымды тазалық жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде өңір аумағынан 56 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды. Сонымен қатар экологиялық тәртіпті бұзған, заңсыз қоқыс тастаған 367 орын анықталып, толықтай жойылды. Бұл көрсеткіштер өңірдегі санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі болып отыр. Көгалдандыру бағыты да айрықша қарқын алды.

2025 жылғы бір реттік сенбіліктер барысында 10 мың түп ағаш көшеті отырғызылды. Бұдан бөлек, облыстың барлық қалалары мен аудандарында жасыл желекті көбейту жұмыстары тұрақты түрде жалғасып, қосымша мыңдаған көшеттер егілді. Бұл бастама өндірістік өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтауға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.

Қоғамдық сана өзгеріп келеді

Бұрын көшені тазалау тек коммуналдық қызметтің міндеті деген түсінік қалыптасқан еді. Ал бүгінде қоғамның көзқарасы өзгере бастады. Тұрғындар ауланың тазалығы өздеріне де байланысты екенін түсінуде.
Эколог мамандардың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясының басты жетістігі – қоғамдық сананың өзгеруі. Себебі экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Ол ұзақ әрі жүйелі жұмысты талап етеді.
Қарағанды облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар бұл бағытта оң өзгерістер бар екенін көрсетіп отыр. Тазалық акциялары бір реттік науқан емес, тұрақты қоғамдық қозғалысқа айналып келеді.

Шахтнск қаласының тұрғыны Айдана Қуанышованың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамның көзқарасын өзгертуде маңызды рөл атқарып отыр.

– Бұрын сенбіліктерге көп адам шыға бермейтін. Қазір көршілер өздері хабарласып, бірге шығатын болды. Ауламызда ағаш отырғыздық, балалар да қызығып қатысады. Ең басты өзгеріс – адамдардың жауапкершілігі артты. Қазір әркім тазалық өзінен басталатынын түсінеді, – дейді Айдана Қуанышова.

Мұндай пікірлер өңірде экологиялық мәдениеттің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Тұрғындардың белсенділігі артқан сайын, қоғамдық кеңістіктің тазалығы да жақсарған.

Нақты нәтижелер мен көрсеткіштерге сүйенсек…

Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асқан жұмыстар нақты нәтижелерімен де ерекшеленді. Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, соңғы екі жылда өңірде ауқымды санитарлық тазалау және көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Елді мекендердегі саябақтар, скверлер, әлеуметтік нысандар аумағы мен көшелер тазартылып, заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары күшейтілді. Акция барысында Қарағанды облысы бойынша мыңдаған тонна тұрмыстық қалдық шығарылып, жүздеген аула мен қоғамдық кеңістік ретке келтірілді. Экологиялық сенбіліктерге мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпорын ұжымдары, еріктілер, жастар ұйымдары, студенттер мен қарапайым тұрғындар белсенді қатысты. Мамандардың айтуынша, акция басталғалы өңір бойынша ондаған мың адам тазалық шараларына атсалысқан.

Көгалдандыру бағытындағы жұмыстар да ерекше қарқын алды. Облыс аумағында жүздеген мың түп ағаш көшеттері отырғызылып, жаңа жасыл белдеулер қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Саран және Шахтинск қалаларында ағаш отырғызу жұмыстары жүйелі түрде қолға алынған. Өндірістік қалалар үшін бұл экологиялық ахуалды жақсартудағы маңызды қадамдардың бірі саналады.

Сонымен қатар облыста өзен-көл жағалауларын тазарту және абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Нұра өзені мен Балқаш көлі жағалауында экологиялық акциялар ұйымдастырылып, демалыс орындарының санитарлық жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген.

«Таза Қазақстан» – жастар қозғалысына айналды

Экологиялық акцияның басты ерекшелігінің бірі – жастардың белсенділігі. Бүгінде өңір жастары табиғатты қорғау жұмыстарында алдыңғы қатардан көрініп жүр. Еріктілер қозғалысы күшейіп, экологиялық мәдениетті насихаттайтын бастамалар көбейді. Мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында экологиялық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінуде. Ашық сабақтар, экологиялық форумдар, ағаш отырғызу акциялары, қалдықтарды сұрыптау бойынша тренингтер жиі ұйымдастырылады. Сарапшылардың пікірінше, экологиялық мәдениет бала кезден қалыптасуы қажет. Өйткені табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Осы орайда Қарағанды облысының алдағы жылдардағы қоғамдық белсенділігі ерекше назар аудартады. Өйткені 2028 жылы Қарағанды облысы ТМД елдерінің Жастар астанасы мәртебесін алады деп жоспарланып отыр. Бұл өңір жастарының әлеуметтік, мәдени және экологиялық бастамаларына жаңа серпін береді. Мамандардың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттырып, еріктілік мәдениетін нығайтуға да ықпал етуде.

Цифрландыру және экологиялық бақылау

Қарағанды облысында экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында цифрлық технологияларға да басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, бейнебақылау камераларының санын көбейту көзделген. Бұл заңсыз қоқыс тастаудың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде қалдықтарды бөлек жинау жүйесін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Қоғамдық орындарға экобокстар мен фандоматтар орнату жоспарланған. Мұндай құрылғылар арқылы тұрғындар пластик пен қайта өңделетін қалдықтарды өткізіп, бонус ала алады. Бұл тәжірибе әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан қолданылып келеді. Енді Қазақстанда да экологиялық мәдениетті заманауи әдістер арқылы қалыптастыруға бетбұрыс жасалуда.
Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында тек тазалық жұмыстары ғана емес, бақылау тетіктері де күшейтілуде. Өңірде қоғамдық тәртіп пен экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі кеңінен қолданылып отыр. Қазіргі таңда облыс аумағында Жедел басқару орталығына қосылған 4 500-ге  жуық камера жұмыс істейді. Бұл камералар тек қоғамдық қауіпсіздікті емес, сонымен қатар қала тазалығы мен экологиялық тәртіптің сақталуын бақылауға да мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Қауіпсіз қала» жобасы аясында 2 700-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл жүйе заңсыз қоқыс тастау, қоғамдық орындарды ластау сияқты құқық бұзушылықтарды анықтауға көмектеседі.
Кейбір қалаларда бақылау инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы кезеңде қосымша жүздеген жаңа камера орнату жоспарланған. Бұл «Таза Қазақстан» бастамасының тиімділігін арттырып, экологиялық мәдениетті күшейтудің маңызды құралына айналып отыр.

Аяулым СОВЕТ
“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button