Бас тақырыпЖаңалықтар

Экомәдениет жауапкершіліктен басталады

Экологиялық мәдениет қалыптастыру әр адамның қоршаған ортаға деген жауапкершілігінен басталады. Осы құндылықтарды жастар арасында кеңінен насихаттап, өңірдегі игі бастамаларды дәріптеу мақсатында «Таза Қазақстан – жарқын болашақ» облыстық жастар экологиялық форумы өтті.

Суреттер автордан

Экологиялық бастама аясында ұйымдастырылған форумға Қарағанды облысының қалалары мен аудандарынан студенттер, курсанттар, эковолонтерлер және өз аулаларын абаттандыруға үлес қосып жүрген тұрғындар қатысты.

Форумда облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысушыларға өңірді көркейтуге қосқан үлестері үшін алғыс айтып, қоршаған ортаға жанашырлық таныту әр азаматтың жауапкершілігі екенін атап өтті.

   – Тазалық туралы сөз қозғағанда, Ұлы Дала мәдениетінен бастау алатын ар мен жан тазалығына жүгінеміз. Қазақ халқы арды әрқашан жаннан жоғары қойған. «Таза Қазақстан» бастамасының да түпкі мәні – осы жауапкершілікте. Табиғат аясында демалғанда өзіңнен кейін келетін адамды ойлау, көшет отырғызғанда оның тамыр жайып, саялы ағашқа айналғанына дейін күтім жасау – экологиялық мәдениеттің көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығы адамның ішкі мәдениетін танытады. Биыл Қарағандыда аумағы 200 гектарды құрайтын жаңа экопарк ашылып, оның аумағына 5 мың ағаш отырғызылды. Бұл іске өңір тұрғындарымен қатар «Талдау мектебі» аналитикалық мектебінің екінші легінің қатысушылары да атсалысты. Жастар ағаш отырғызумен шектелмей, өңірдің 2040 жылға дейінгі жасыл қорын арттыруға бағытталған зерттеу жүргізіп, GreenLab платформасын әзірледі. Енді әр көшеттің жеке тіркеу нөмірі болады. Жоба авторлары ағаштарды бес жыл бойы бақылап, жасанды интеллект көмегімен оларды суару, емдеу және қоректендіру уақытын анықтауды көздеп отыр. Биыл он айда облыстағы экологиялық акцияларға 160 мың тұрғын қатысты. Дегенмен, басты міндет – адамдарды сенбілікке жұмылдыру ғана емес, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру. Осы мақсатта алғаш рет «Үздік аула» және «Үздік кіреберіс» облыстық конкурстары ұйымдастырылды. Байқауға өңірдің 12 қаласы мен ауданынан 70-тен астам өтінім түсті. Бұл – өз ортасын жақсартуға бейжай қарамайтын тұрғындардың бар екенін көрсетеді, – деді Әлібек Үсенұлы.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес бүгінде облыстың әр тұрғынына 5,4 шаршы метр ағаш алқабы тиесілі. Өңірдің мақсаты – 2040 жылға қарай бұл межені 21,3 шаршы метрге жеткізу. Бұған әр азамат қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарағанда ғана қол жеткізуге болады. Жапония тәжірибесін де үлгі етуге болады. Онда оқушылар күн сайын өз сыныптарын өздері тазалайды. Мұндай еңбек балаларды тазалыққа ғана емес, ортақ мүлікке құрметпен қарауға тәрбиелейді. Экологиялық акцияларға 160 мың тұрғын қатысты. Басты міндет – адамдарды сенбілікке жұмылдыру ғана емес, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру. Осы мақсатта алғаш рет «Үздік аула» және «Үздік кіреберіс» облыстық конкурстары ұйымдастырылды. Байқауға өңірдің 12 қаласы мен ауданынан 70-тен астам өтінім түсті.

Форумның маңызды бөлігі – экологиялық бастамаларға белсенді қатысып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі. Жұлдызай Байдүйсен мен Вусал Мамедов «Үздік эковолонтер» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, әрқайсысы 100 мың теңгелік сертификат алды. «Үздік экокоманда» номинациясында «Бізбен бірге бол» инклюзивті жасағы 150 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Сондай-ақ, «Экодесант» және «Асар» командалары жеңімпаз атанды. «Үздік кіреберіс» номинациясы бойынша бірінші орынды Қарағанды қаласындағы Құрылысшылар даңғылы, 13-үйдің 4-кіреберісі иеленіп, 250 мың теңгелік сертификат алды. Екінші орын Балқаш қаласындағы 12-шағынаудан, 4-үй тұрғындарына бұйырып, 150 мың теңге табысталды. Үшінші орын Шахтинск қаласындағы Молодежная көшесі, 41-үй тұрғындарына беріліп, 100 мың теңгелік сертификат тапсырылды. «Үздік аула» номинациясында бірінші орын Шет ауданының Ақадыр кентіндегі 9-шағынаудан үйлерінің ауласына беріліп, 300 мың теңге табысталды. Екінші орынды Саран қаласындағы Чкалов көшесі, 23-үйдің ауласы иеленіп, 250 мың теңге алды. Үшінші орын Осакаров ауданының Пионерское ауылындағы Центральная көшесіндегі аулаға бұйырып, 200 мың теңге берілді. Төртінші орын Қарағанды қаласындағы Нұркен Әбдіров даңғылы, 44/1-үйдің ауласына беріліп, 150 мың теңгелік сертификат табысталды. Бұдан бөлек, ынталандыру сыйлығы ретінде Теміртау қаласындағы Бауыржан Момышұлы даңғылы, 23/3-үй мен Балқаш қаласындағы Сейфуллин көшесі, 10-үйдің тұрғындарына 50 мың теңгеден сертификат берілді.

Салтанатты рәсім барысында жүлделі орындарға ие болған аулалар мен кіреберістер туралы бейнероликтер көрсетілді. Қатысушылар тұрғындардың өздері тұратын ортаны көркейту бағытында атқарған жұмыстарымен танысты. Бастамалар тазалық пен абаттандыру ісінде тұрғындардың белсенділігі ерекше маңызға ие екенін көрсетті.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button