Жаңалықтар

Әлеуметтік әділеттілік – қоғам тірегі

Азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру, еңбек құқықтарын қорғау, сапалы білім мен медициналық қызметке қолжетімділікті қамтамасыз ету – әлеуметтік мемлекеттің негізгі міндеттері. Жаңа Конституцияда осы бағыттардағы азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері айқындалып, отбасы, ана мен бала, еңбек адамы және халықтың әл-ауқатын қорғау мәселелеріне басымдық берілген. Ендігі міндет – Ата Заңда бекітілген құқықтардың күнделікті өмірде нақты жүзеге асуына жағдай жасау.

Сурет Ақордадан

2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында мемлекеттің әлеуметтік сипаты мен адам құқықтарының басымдығы нақты көрініс тапты. Ата Заңның 1-бабында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені, ал адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық саналатыны бекітілген. Сондай-ақ, халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің қызметіндегі негізгі қағидаттардың бірі ретінде айқындалған.

Әлеуметтік кепілдіктердің маңызды бөлігі еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне қатысты. Конституцияның 27-бабында әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы белгіленген. Сонымен бірге қауіпсіз еңбек жағдайына, еңбегі үшін кемсітусіз сыйақы алуға және әлеуметтік қорғалуға кепілдік беріледі. 31-бапта азаматтарға ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшеріне кепілдік беру, жасына, науқастануына, мүгедектігіне немесе асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру құқығы бекітілген.

Бұл нормалардың маңызы зор. Өйткені, тұрақты табыс пен әлеуметтік қорғаныс – отбасының экономикалық қауіпсіздігінің негізі. Әсіресе, еңбек нарығындағы өзгерістер, жұмыс орындарының сапасы, жалақы деңгейі мен зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігі халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан конституциялық кепілдіктерді іске асыруда жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыру маңызды.

Денсаулық сақтау мен білім беру де жаңа Конституциядағы әлеуметтік құқықтардың негізгі бағыттарының қатарында. 32-бап азаматтардың денсаулығын сақтауға және заңда белгіленген көлемде медициналық көмекті ақысыз алуға құқығын бекітеді. Ал 33-бапта мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріліп, бастауыш және негізгі орта білім міндетті екені көрсетілген. Бұл – азаматтардың тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан негізгі әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуіне құқықтық негіз.

Жалпы, жаңа Конституциядағы әлеуметтік нормалар азаматтардың еңбек ету, білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасын қорғау құқықтарын біртұтас жүйе ретінде қарастырады. Дегенмен, құқықтың заң жүзінде бекітілуі оның өздігінен жүзеге асатынын білдірмейді. Ол үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігі, әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігі және көрсетілетін қызметтердің сапасы маңызды.

Аида РАХЫМҚҰЛ,
«Орталық Қазақстан»

 

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button