Жаңалықтар

Елге ел қосылса – құт

Ерікті қоныс аудару бағдарламасы елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2026 жылы азаматтарды көшіру жұмыстары сол кезеңде қолданыста болған бұрынғы қағидалар негізінде жүргізілді. Ал, 2027 жылдан бастап жаңа № 401 бұйрықпен бекітілген тәртіп күшіне енеді. Жаңа Қағидаларда өңіраралық және облысішілік ерікті қоныс аудару бағыттары қарастырылған. Жұмыс берушілердің қатысуымен қажетті еңбек ресурстарын тарту және азаматтарды жұмысқа орналастыру тетіктері көзделген.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Облыста да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 2026 жылы өңірге өңіраралық ерікті қоныс аудару шеңберінде 37 адамды (10 отбасын) көшіру жоспарланған болатын. Алайда 16 қарашадағы жағдай бойынша облысқа нақты 56 адам (13 отбасы) қоныс аударды. Осылайша, жоспар 151 пайызға орындалып, белгіленген межеден 19 адамға артық көрсеткішке қол жеткізілді.

Қоныс аударушылар облыстың бірнеше елдімекеніне орналасты. Атап айтқанда, Нұра ауданына – 3 отбасы (18 адам), Абай ауданына – 1 отбасы (4 адам), Саран қаласына – 5 отбасы (19 адам), Балқаш қаласына – 1 отбасы (3 адам), Шахтинск қаласына – 2 отбасы (4 адам), Приозерск қаласына 8 адам қоныс аударды.

Бағдарламаның тиімділігін нақты мысалдан көруге болады. Мәселен, 2024 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданынан жас отбасы Приозерск қаласына қоныс аударды. Отбасы мүшесі Руфат Мурадов жоғары білімді, дене шынықтыру педагогы және заңгер мамандықтарын меңгерген. 2024 жылдың қаңтар айынан «Достық» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында жаттықтырушы болып еңбек етіп келеді. Ал, жұбайы заманауи маникюр мамандығы бойынша сертификат алған.

Қоныс аудару бағдарламасының тағы бір қатысушысы – Ибрашев Мейірбек Нұрланбекұлы. Ол 2025 жылы Тараз қаласынан Саран қаласына көшіп келген. Мансап орталығының көмегімен Саран қалалық ауруханасына жұмысқа орналасып, әлеуметтік жағдайы ескеріліп, тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

Бүгінде Мейірбек Ибрашев аурухананың денсаулық сақтау орталығының меңгерушісі қызметін атқарады. Оның жетекшілігімен 9 дәрігер мен 11 мейіргер еңбек етеді. Ол бөлім жұмысын ұйымдастырып, медицина қызметкерлерінің қызметін үйлестіруге және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын бақылауға жауапты.

– Тараздан Саранға көшерде алдымен, тұрақты жұмыс пен отбасымның әлеуметтік жағдайын ойладым. Мансап орталығының көмегімен жұмысқа орналасып, тұрғын үй мәселеміздің шешілуі біз үшін үлкен қолдау болды. Бүгінде өз қызметімді жауапкершілікпен атқарудамын. Осындай мүмкіндік жасаған Қарағанды облысының Еңбек мобильділігі орталығына алғысымды білдіремін. Оңтүстік өңірлердегі жұмыс іздеп жүрген жас отбасыларға осында келіп, еңбек етуді кеңес беремін, – дейді Мейірбек Ибрашев.

Бағдарлама аясында өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға да басымдық беріледі. Мәселен, 2026 жылы қоныс аудару бағдарламасы арқылы Приозерск қаласына келген Ілияс Дауей жұмыс іздеуші тұлға ретінде тіркелген. Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін оны одан әрі жұмыспен қамту мақсатында «Приозерск қаласының ауруханасына» дәрігер-рентгенолог лауазымына жұмысқа орналасу үшін жолдама берілді.

Ерікті түрде қоныс аударушыларға бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады.

Атап айтқанда, отбасы басшысына және отбасының әрбір мүшесіне көшуге байланысты 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде біржолғы субсидия төленеді, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындары 12 айға дейінгі мерзімге ай сайын өтеледі, тұрғын үй сатып алуға немесе ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша бастапқы жарнаны төлеуге 1 625 АЕК мөлшерінде экономикалық мобильділік сертификаты беріледі.

Одан бөлек, қоныс аударуды ұйымдастыруға және азаматтарды жұмысқа орналастыруға қатысатын жұмыс берушілерге мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button