Білім

Тұтас бір буынның тәлімгері

Техника ғылымдарының докторы, профессор Жұмағұл Нугужинов 70 жылдығына арналған «Ғылым, инновация, құрылыстағы техникалық реттеу және инжиниринг: цифрлық және зияткерлік технологиялар, жай-күйі мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференция құрылыс индустриясындағы заманауи технологиялар мен ғылымның даму бағыттарын талқылайтын алаңға айналды. 

Суретті түсірген Жангелді Әбдіғалым

Конференцияның салтанатты ашылуында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сөз сөйледі.

– Қарағанды облысында құрылыстың болашағын қалыптастыратын мамандарды, ғалымдарды, инженерлерді, оқытушылар мен сарапшыларды қабылдау – зор мәртебе. Бүгінде құрылысқа цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, жаңа материалдар мен жобалау әдістері кеңінен енгізілуде. Бірақ, барлық технологияда әрдайым адамзаттың еңбегі, білімі, жауапкершілігі мен инженерлік ойлау қабілеті тұрады. Біздің елімізде технологиялық даму мәселелеріне ерекше назар аударылып келеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Ермағанбет Бөлекпаев Жұмағұл Нугужиновты мерейтойымен құттықтап, жаңа тәсілдерді ілгерілетуге қосқан үлесі, бірқатар ірі жобаларға қатысқаны және жас инженерлердің тұтас бір буынын тәрбиелегені үшін алғыс білдірді.

Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева конференцияның ғылым мен құрылыс саласындағы инновациялық шешімдерді дамытуға ықпал ететін маңызды алаң екенін атап өтті.

– Бүгінгі конференция заманауи құрылыс ғылымы мен тәжірибесінің өзекті бағыттарын біріктіреді. Құрылыс бүгінде ауқымды трансформация кезеңін бастан өткеруде. Заманауи құрылыс мәдениетінің жаңа деңгейін қалыптастыруда. Осындай жағдайда тек өзекті мәселелерді талдап қана қоймай, технология­лық тұрғыдан негізделген қолданбалы шешімдер ұсына алатын университеттердің, ғылыми ұйымдардың және кәсіби қауымдас­тықтың рөлі айрықша, – деді Сәуле Сағынтаева.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің атынан құттықтау сөз сөйлеген ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ренат Елшібеков құрылыс пен инженерияны дамытудың маңызын атап өтті.

Пленарлық отырыстар барысында құрылыс саласындағы цифрландыру мәселелері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, жасанды интеллект пен цифрлық негіздерді қолдану, техникалық реттеу жүйесін жетілдіру, жер сілкінісіне төзімді құрылыс технологиялары, ғимараттар мен құрылыстарды компьютерлік модельдеу және инновациялық құрылыс шешімдерін енгізу бағыттарына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар, саладағы ғылыми зерттеулер мен инженерлік тәжірибенің өзара байланысын күшейтуге басымдық беріледі.

Халықаралық конференцияға Ресей, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Польша, Беларусь, АҚШ және өзге де мемлекеттердің жетекші ғалымдары, мемлекеттік орган өкілдері, құрылыс компанияларының мамандары, жобалау және ғылыми-зерттеу ұйымдарының сарапшылары қатысты.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button