Жаңалықтар

Ата Заң – азамат құқығының кепілі

Ата Заң талаптарының Қазақстан азаматтарының күнделікті өмірінен көрініс табуы, ең алдымен, отбасы тұрақтылығы, еңбек адамының құқығы мен азаматтардың жеке қауіпсіздігінен байқалады. Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Содан бері жүз күннен астам уақыт өтті. Осы кезеңде конституциялық нормалардың қоғам өміріндегі маңызы мен олардың азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөліне назар аудару өзекті.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Жаңа Конституциядағы әлеуметтік маңызы бар нормалардың бірі – 28-бап. Аталған бапта әркімнің тұрғын үйіне қол сұғылмайтыны, тұрғын үйден айыруға немесе шығаруға сот шешімі негізінде ғана жол берілетіні белгіленген. Бұл норма азаматтардың тұрғын үйге қатысты құқықтарын қорғаудың конституциялық кепілі саналады. Сонымен қатар отбасының тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне құқықтық негіз қалыптастырады.

Әсіресе, Қарағанды облысы секілді өнеркәсіптік өңірлерде еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайы ерекше маңызға ие. Кеншілер мен өндіріс қызметкерлерінің жұмыс кестесі күрделі, еңбек жағдайы жауапкершілікті талап етеді. Бірі түнгі ауысымда жұмыс істесе, енді бірі күндізгі еңбек міндетін атқарады. Сондықтан отбасы мүшелерінің қауіпсіздігі, тұрмыстық тұрақтылық пен бала тәрбиесіне қолайлы жағдай жасау мәселелері өзектілігін жоғалтпайды.

Конституцияның 30-бабында неке мен отбасы, ана мен әке, балалық шақ мемлекеттің қорғауында болатыны айқындалған. Балаға қамқорлық жасау және оны тәрбиелеу ата-ананың құқығы әрі міндеті ретінде бекітілген. Ал еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті. Бұл нормалар отбасы мүшелерінің өзара жауапкершілігін, ұрпақтар сабақтастығын және отбасылық құндылықтарды құқықтық тұрғыдан нығайтады.

Қазіргі кезеңде азаматтардың жеке өмірі мен дербес деректерін қорғау мәселесі де айрықша маңызға ие. Цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы, электрондық мемлекеттік қызметтердің дамуы, мобильді қосымшалар мен банк операцияларының көбеюі жеке ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін арттырды. Атап айтқанда, азаматтарға белгісіз нөмірлерден қоңырау шалу, жеке мәліметтерді заңсыз жинау және пайдалану деректері ақпараттық қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарды.

Осы бағытта Конституцияның 21-бабында жеке өмірге қол сұғылмау, азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинаудан, өңдеуден және пайдаланудан қорғау кепілдіктері қарастырылған. Сондай-ақ банк операциялары, салымдар мен хат-хабар құпиясының қорғалуы бекітілген. Бұл нормалар цифрлық кеңістіктегі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге және жеке ақпараттың заңсыз айналымына жол бермеуге бағытталған.

Жалпы, Конституцияның негізгі міндеттерінің бірі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы құқықтық тәртіп пен жауапкершілікті қамтамасыз ету. Заң талаптарының орындалуы мемлекеттік органдардың қызметіне ғана емес, әр азаматтың құқықтық сауаттылығы мен заң алдындағы жауапкершілігіне де байланысты.

Жаңа Конституцияның күшіне енгеніне жүз күннен астам уақыт өткенімен, оның қоғам өміріне ықпалын толық бағалау үшін әлі уақыт қажет. Дегенмен, конституциялық нормалардың нақты өмірде жүзеге асуы олардың тиімділігін айқындайтын басты өлшем екені анық. Атап айтқанда, тұрғын үйге қол сұғылмауы, отбасы институтының қорғалуы, еңбек адамының құқықтары мен жеке деректердің қауіпсіздігі – азаматтардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты мәселелер.

Мемлекеттің тұрақты дамуы азаматтардың құқықтарының сақталуына, әлеуметтік кепілдіктердің қамтамасыз етілуіне және заң үстемдігінің орнығуына негізделеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ата Заң – азаматтардың құқықтарын қорғаудың, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтудың негізгі құқықтық тетігі. Оның пәрмені заң нормаларының қағаз жүзінде қалмай, әрбір азаматтың өмірінде нақты жүзеге асуымен өлшенеді.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button