Өнердің өрісін кеңейтіп…
«Әуенді Сарыарқа» атты халықаралық дәстүрлі музыка фестивалінің 30 жылға жуық тарихы бар, Қарағанды жұртының мақтанышына айналған бірегей жоба. Жыл сайын алыс-жақындағы шет елдерден даңқы жаһанға жайылған, өз халқының музыкалық мұрасын сақтаушы һәм жалғастырушы дара дарындар кеншілер шаһарын осы фестиваль үшін бетке алады. Биылғы XXVII Халықаралық «Әуенді Сарыарқа» фестивалі 10 күнге жалғасты.

Дәстүрлі музыкалық өнер мерекесі аясында көрермендерге әдеттегідей қазақтың ұлттық музыкасы, джаз, академиялық және симфониялық музыка, сонымен қатар, фольклор мен хореографияны тоғыстырған концерттік бағдарламалар ұсынылды. Жалпы фестивальдің мақсаты – ұлттық мәдени мұраны дәріптеу, кәсіби орындаушылық өнерді дамыту, халықаралық шығармашылық байланысты нығайту және көрермендердің музыкалық мәдениетін байыту.
Фестиваль Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің концертімен басталып, содан бері толассыз сахнада ұлттық классикадан бөлек, әлемдік классикалар да әуеледі. Кеншілер мәдениет сарайында Қарағанды джаз оркестрінің XXXIV концерттік маусымының ашылуы да фестиваль аясында өтті. Мәскеуден келген вокалист Захар Мироненко мен саксофоншы Антон Залетаев – кештің арнайы қонақтары. Мұнда әлем тыңдарманын еліткен, мәртебелі музыка өнерін жаңа қырынан танытқан джаз жанрының жауһазындары орындалды.
Ал, «Солистер шеруінде» халықаралық конкурстардың лауреаттары Дарья Горожанко (меццо-сопрано, Беларусь), Уго Тарквини (тенор, Италия), сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыргөзов (баритон, Астана) және халықаралық конкурстардың лауреаты Рысты Рахымжан (сопрано, Қарағанды) өнер көрсетті.
Фестивальдің шымылдығы 28 қазанда Кеншілер мәдениет сарайында жабылды. Көрермендер назарына «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблінің бірлескен бағдарламасы ұсынылды.
Концертте Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Байғара Сәдуақасов, Тәжікстаннан келген халықаралық конкурстардың лауреаттары Камолиддин Худоймурганов дутор музыкалық аспаппен, Лутфуллоҷон Дадобоев және Қырғызстаннан келген Расул Шарипбекуулу өнер көрсетті. Сондай-ақ, халықаралық конкурстардың лауреаттары Шыңғыс Сәрсенбай, Нұрлытаң Саятқызы, Гүлмира Тапай және Арман Айнабаев ән шырқады.
Ақындар айтысы десе, ішкен асын жерге қоятын жұрт қазақ пен қырғыз айтысса, қапы қалмайды. Фестивальдің қорытынды концертінде қазақ пен қырғыздың күй тартысы болды. «Қазақтар жағынан» Арман Айнабаев шықты, қырғыз ағайынның намысын Расул Шарипбекуулу арқалап шықты. Екі өнерпаз да бірінен-бірі асып түсу үшін күрделі күйлерді орындады. Қырғыз күйшісі қомызын иығына қойып, бірде жерге қойып тартты. Залға лық толған қарағандылық көрерменнің делебесі қозып, жігіттер қауымы орындарынан өре түрегеліп, «пай-пайлап» жатты. Қарағандыдағы концерттерде күй тартыс жоқтың қасы. Содан ба, біздің жұрт таң-тамаша болды.
Тәжікстандық мейман Лутфуллоҷон Дадобоев қазақ халқының, соның ішінде Қарағанды жұртының дәстүрлі музыкаға деген ықыласы ерекше әсерге бөлегенін айтты.
– Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Керемет әсер алдым. Мұндағы өнерпаздардың дарынына, шеберлігіне сүйсіндім. Қарағандыға келген күннен бастап шамам келгенше әрқайсымен сұхбаттасып, тәжірибе алмасып жатырмын. Жинаған тәжірибемді тәжікстандық өнерпаздармен бөлісуге асықпын. Қазақ музыкасының кереметі көп. Туындыларды өз деңгейінде орындап жүрген қарағандылық өнерпаздардың шеберлігі, тіпті, бөлек әңгіме. Біраз дүние үйрендім. Тәжікстанда осы фестивальмен деңгейлес «Шашбақам» дәстүрлі муызка фестивалі өтеді. Сол фестивальді ұйымдастырушыларға айтатын біршама идеяларым бар. Өйткені, «Әуенді Сарыарқа» ұмытылмас әсер сыйлады, – деді Лутфуллоҷон Дадобоев.
Расул Шарипбекуулу ағайынды екі ұлысты тілден бөлек музыкасы да жақындастыратынын айтты.
– Қазақтарда «Көре-көре көсем боласың» деген сөз бар. Фестивальде әріптестерімнің өнеріне таң-тамаша болып жүрміз. Музыка жер бетіндегі халықтардың баршасына ортақ тіл. Фестиваль аясында қазақтың дарынды өнерпаздарымен дос болып, алдағы уақытта арадағы байланысты үзбеуге уәделестік, – деді Расул Шарипбекуулу.
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің директоры Талғат Ыдырысов «Әуенді Сарыарқа» фестивалінің даңқы жер жүзін шарлап кетті дейді.
– Бұл фестиваль қазір халықаралық деңгейде өтіп жүр. Бұрындағыр облыстық, республикалық деңгейлерде ұйымдастырылған. Фестиваль жаңғырығы басқа мемлекеттерге жетіп, сондағы өнерпаздар қатысуға ниет білдіре бастады. Мәселен, АҚШ-тан, Мексикадан, Жапониядан өнерпаздар келді. Қарап отырсақ, фестиваль даңқы Азия құрлығынан әрі асып кеткен. Уақыт өте келе бұл Қарағандының бетке ұстар, мақтан тұтар фестивалі болып шыға келді, – деді Талғат Ыдырысов.
Фестивальдің қорытынды концертінде өнерпаздарға Қарағанды облысы әкімінің ықылас гүлі табысталды.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



