Жаңалықтар

Қарақұдық аулында ашылған тәлімбақта 3 мың ағаш көшеті отырғызылды

Бұқар жырау ауданының Қарақұдық аулында экологиялық бағыттағы маңызды шара өтті. Мұнда «Forest of Central Asia» ЖШС-нің бастамасымен ашылған жаңа тәлімбақ аумағына 3 мың түп қарағаш көшеті отырғызылды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Аталған инвестициялық жоба негізінде «Forest of Central Asia» ЖШС-не Қарақұдық аулының аумағынан 100 гектар жер телімі бөлініп, серіктестік осы питомникті құру жұмыстарын 2026 жылдың мамыр айында бастаған еді.

Бұл жобаның негізгі мақсаты – жердің құнарын қалпына келтіру, табиғи ортаны жақсарту, экологиялық инфрақұрылымды дамыту және жасыл желек көлемін арттыру.

«Forest of Central Asia» ЖШС еліміздің бірнеше елді мекенінде экологиялық бағыттағы осындай жобаларды жүзеге асыруда. Қарағанды облысы бойынша қолға алынған бұл бастама Қарақұдық аулында іске асты. Оның ашылуына компания өкілі Бөбеш Шамжан қатысып, жобаның маңыздылығын атап өтті.

Ағаш отырғызу шарасына Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Серік Әміралин, Қарақұдық аулының әкімі Мирас Зәруов, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернат Әбутаев бастаған Бұқар жырау жастары қатысты.

Іс-Шара басталар алдында Қарақұдық аулының ақсақалдары Үсен Рахымберлі, Серік Төлеубай, Серік Бақаев және жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдастығының мүшесі Темірбай Сарсенбаев сөз сөйлеп, игі бастамаға ақ баталарын берді. Сонымен қатар Мейіржан имам Құран бағыштап, дұға жасады.

Ауыл әкімі Мирас Зәруов алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың жоспары ауқымды екенін атап өтті. Оның айтуынша, ағаштың әр түрін отырғызудың өзіндік тәртібі мен қолайлы мерзімі бар. Осы талаптарды ескере отырып, көктемгі маусымда тәлімбақ аумағына жеміс ағаштарын отырғызу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар аумақты көгалдандырып қана қоймай, оның экологиялық әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді.

Іс-шара аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.

Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы

Автор: Ержан ИМАШ

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button