Халық игілігіне бағытталған даму
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы – геосаяси сын-қатерлер күшейген заманда еліміздің дербестігін, ішкі тұрақтылығы мен экономикалық қуатын нығайтуға бағытталған стратегиялық темірқазық. Президент қағаз жүзіндегі есептерден нақты, нәтижелі іске көшуді талап етіп, мемлекетті жаңғыртудың негізгі бағыттарын айқындап берді.

Келесі жылдың «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялануы – еліміздің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын түбегейлі жаңартуға жол ашады. «Бақты – Аягөз» теміржолы, «Арал – Каспий» күре жолы және «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту сияқты стратегиялық жобалар жүз мыңдаған отандық маманды жұмыспен қамтып, Қазақстанның Еуразиядағы басты логистикалық хабқа айналуына берік негіз қалайды.
Экономиканы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту үшін тұрақты қуат көзі ауадай қажет. Президент 2029 жылға қарай энергопрофицитке қол жеткізуді стратегиялық міндет ретінде қойды. «Балхаш» және «Мойынкум» АЭС құрылыстарын бастау мен уранның мемлекеттік стратегикалық резервін құру бастамалары елдің энергетикалық қауіпсіздігін алдағы ғасырға қамтамасыз ететін батыл қадам болмақ.
Отандық кәсіпкерлікке тосқауыл қою – мемлекетке қарсы қылмыспен пара-пар. Осы орайда, Президент микро және шағын бизнеске тексерістер жүргізуге 2027 жылдан бастап кезекті 3 жылдық мораторий енгізуді ұсынды. Сонымен бірге, жаңа Салық кодексі аясында ірі капитал иелеріне жоғары салық ставкасын қолдану арқылы қоғамда әлеуметтік әділдікті орнықтыру тапсырылды.
Жолдаудың өзегі – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өседі, бұл 1,8 миллион адамның табысына оң әсер етеді. Сондай-ақ, бастапқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы 77 мыңнан астам учаскелік маманның жалақысы еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін артады.
Бүгінгі жолдау – сөзден іске, жүйесіз дамудан стратегиялық озық ілгерілеуге көшудің нақты бағдарламасы. Қойылған ауқымды мақсаттарды жүзеге асыру бүкіл қоғам мен мемлекеттік аппараттың бірлескен, адал әрі сапалы еңбегін талап етеді.
Жұлдыз САҒЫМБАЕВА
Қарағанды облысының «Әділет» партиясының филиалы төрағасының орынбасары


