Облыстың агроөнеркәсіптік өңірлері арасында Қарқаралы ауданының дербес ерекшелігі бар. Негізінен мал шаруашылығына басымдық беретін бұл әкімшілік құрылым биылдың алғашқы тоқсанында 5429,6 миллион теңгенің өнімін шығарды. Оның нақты көлем индексі 101,4 пайызды құрады.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айдын Қасымовтың айтуынша, қазіргі таңда өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мақсатында мал азықтық дақылдардың көлемін ұлғайту үшін жұмыс жасалуда екен. Осы көктемде жалпы 42,7 мың гектар алқапқа дәнді және мал азықтық дақылдар тұқымын себу жоспарланыпты. Оның ішінде, 29,3 мың гектар жерге дәнді дақылдар:17,8 мың гектарға бидай, 8,6 мың гектарға арпа, 2,7 мың гектарға сұлы, 13,4 мың гектар өңірге мал азықтық дақылдар, 5,0 мың гектар жерге бір жылдық, 7,0 мың гектарға көп жылдық шөп және 190 гектар алқапқа бұршақ дақылдары, 1,4 мың гектарға сүрлем, 20 гектарға картоп отырғызылмақ. Аталған көктемгі егіс жұмыстарын атқару үшін ауданға 3520 тонна тұқым қажет көрінеді. Оның негізгі қоры шаруа қожалықтарының өзінен шықса, жетпеген 500 тонна тұқымды облыстың басқа аудандарынан сатып алатын болыпты.
Көктемгі дала жұмыстарына 6 егін себу кешені, 111 трактор, 405 тұқым сепкіш құрал және 362 дана басқа да техника қатысады деп межеленуде. Бұл науқанды серпінді өткізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 36 құрылым 683,5 тонна дизель отынын алуға өтініш берді. Қожалықтардың қаржылық жағдайы әртүрлі. Осы себепті, 5 шаруашылық құрылымы аграрлық несие корпорациясы арқылы «Кең дала» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына қажетті несие алыпты.
Қарқаралы өңірінің климаттық жағдайына қарай дәнді дақылдардың тұқымын жер қойнына сіңіру мамыр айының 15-25 аралығында жүргізілсе, мал азығы дақылдарын егу айдың соңғы аптасында атқарылмақ.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Қарқаралыда мал шаруашылығы басым дамыған. Жылдың екінші тоқсанының басында аудандағы мал саны төмендегі көрсеткішті құраған: жылқы – 119,6 мың (өткен жылмен салыстырғанда 110,4 пайыз); ірі қара 126,8 мың (өткен жылмен салыстырғанда 98,1 пайыз); қой-ешкі 188,6 мың (өткен жылмен салыстырғанда 97,8 пайыз); құс 37,2 мың (өткен жылмен салыстырғанда 85,4 пайыз) бас.
Шаруа қожалықтары жылдың алғашқы тоқсанында қоғам игілігі үшін төмендегідей мал өнімдерін өндіріп, тұтынушыларға ұсынды: ет (тірі салмақта) 2266,2 мың тонна (өткен жылмен салыстырғанда 103,5 пайыз); сүт 3160,9 мың тонна (өткен жылмен салыстырғанда 98,4 пайыз); жұмыртқа 797,7 мың дана (өткен жылмен салыстырғанда 97,3 пайыз).
Ауданның аграрлық саласына биылғы жылдың 1 тоқсанында 1,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін осы жалғасын таппақшы. Ауыл шаруашылығына инвестиция тарту саланың дамуына ықпал етіп қана қоймай, бұл бағытта жаңа мүмкіндіктер ашылуына да зор ықпалын тигізеді. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Қарқаралыда үш инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның алғашқысы – бордақылау алаңын ашу, екіншісі – мал сою пунктін және ет өңдеу цехын іске қосу, үшіншісі – тері өңдеу цехын ашу.
Бірінші жоба бойынша Шарықты ауылдық округінің «Мұстафин Ақбай» шаруа қожалығы ет бағытындағы мал шаруашылығы кәсіпорнын құру және бордақылау алаңын 1000 басқа дейін кеңейтуді қолға алды. Мұнда қазір мал бордақылау алаңының құрылысы жүруде. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы бордақылау алаңына және ет өңдеу цехына ұзындығы 6 шақырым болатын электр желісін тарту мәселесі облыстық үйлестіру кеңесінде қарастырылып, кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Екінші жобада Қарқаралы қаласында мал сою алаңын және ет өңдеу цехын ашу көзделген. Оны іске асырушы – «Жасыл жиек» ЖШС. Күніне 25 бас мал союға қуаты жететін цех жыл ішінде 1000 тонна ет өндірмекші.
Үшінші жобаға сай Қарқаралы қаласында сиыр мен жылқы терісін тереңдетіп өңдеу бойынша цех салу қарастырылыпты. Оны іске асырушы – «Бизнес партнер Астана» ЖШС. Аграрлық сала үшін аса өзекті болған мәселені шешу – текке шіріп қалып жатқан бағалы шикізатты тереңдетіп өңдеу өңірде мал шаруашылығының дамуына тың серпін береді деген үміт зор.
Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін аграрлық саланың жұмысын атқаруға ықпалы тиетін 57 дана техника сатып алыныпты.
Осы жылдың басында облыс басшылығының қолдауымен Қарағанды қаласында Қарқаралы ауданы фермерлік өнімдерінің әлеуметтік павильоны ашылғаны белгілі. «Бұл шара, ең алдымен, бағаны тұрақтандыруға бағытталса, екіншіден, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден тұтынушыларға дейін делдалсыз өткізуге қолайлы жағдай туғызуда. Азық-түлік өнімдері аспандап тұрған қазіргі таңда бұл ауыл еңбекшілеріне де, қала тұрғындарына да ыңғайлы», – дейді Айдын Жұмажанұлы.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



