Болашақ басшы қандай болуы керек?
Қазақстанда алғаш рет қанатқақты режимде іске қосылған «Болашақ басшы» жобасы Қарағанды облысында өз мәресіне жетті. Бастаманың негізгі мақсаты – білім беру ұйымдары үшін жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыру, болашақ мектеп директорларының өңірлік кадрлық резервін даярлау.

Жоба Қарағанды облысы білім басқармасының 2025 жылғы 26 қарашадағы №738 бұйрығы негізінде жүзеге асырылды. Бағдарламаны ұйымдастыру және әдістемелік сүйемелдеуді «Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығы» КМҚК жүргізді. Бағдарламаға қатысу үшін 400-ден астам үміткер тіркеліп, олардың ішінен, 200 маман арнайы іріктеуден өтті. Қатысушылар қатарында мектеп директорларының орынбасарлары, педагогтер, білім бөлімдерінің мамандары мен әдіскерлер болды. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды: өтінімдерді қабылдау, психометриялық тестілеу, көшбасшылық әлеуетті бағалау және оқыту модульдері.

Оқу курсы 2026 жылдың 5 қаңтарында басталып, жалпы көлемі 320 сағатты қамтыған 7 модуль бойынша ұйымдастырылды. Бірнеше айға созылған бағдарламаны 169 педагог сәтті аяқтап шықты.
– Бұл курс заманауи білім беру жүйесіндегі басқарушылық құзыреттілікті арттыруға бағытталған өте құнды әрі мазмұны терең жоба болды. Төрт айға созылған оқу барысында біз тек теориялық білім алып қана қоймай, мектеп менеджменті, стратегиялық жоспарлау және көшбасшылық қасиеттерді дамыту бойынша үлкен тәжірибе жинақтадық. Курстың ерекше атап өтетін тұстары: Оқу бағдарламасы білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілерден бастап, ұжымдағы психологиялық климатты реттеуге дейінгі өзекті тақырыптарды толық қамтыды. Әрбір сабақ нақты кейстерді талдауға, мектеп өмірінде кездесетін қиындықтарды тиімді шешу жолдарын іздеуге бағытталды. Кәсіби өсу болды, – деді Абай қаласы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Алтыннұр Шашубай.
Бағдарлама аясында тыңдаушылар стратегиялық менеджмент, нормативтік-құқықтық сауаттылық, қаржылық менеджмент, мемлекеттік сатып алу, цифрландыру және жасанды интеллект, HR-технологиялар, дағдарысты басқару бағыттарын меңгерді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарын дамытуға арналған SWOT және PESTLE талдау әдістері, корпоративтік мәдениет қалыптастыру, жанжалдарды шешу және командалық басқару тәсілдері қарастырылды.

Жоба ерекшелігінің бірі – цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын басқару жүйесіне енгізуге басымдық берілуі. Қатысушылар әкімшілік жұмыстарды автоматтандыру, деректерді талдау және цифрлық қауіпсіздік бойынша практикалық дағдыларды меңгерді. Салтанатты жабылу рәсіміне жоба түлектері, тренерлер, білім беру ұйымдарының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шара барысында бірнеше айлық оқыту кезеңдерін қамтыған бейнеролик көрсетіліп, қатысушылардың жетістіктері таныстырылды.
Жиында Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев сөз сөйлеп, жобаның өңірдегі білім беру жүйесі үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бағдарлама болашақ басшылардың кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, білім беру саласына жаңа басқарушылық көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Шара барысында жобаға үлес қосқан тренерлер марапатталып, түлектерге арнайы сертификаттар табысталды. Сертификат алған қатысушылар алдағы екі жылға өңірлік кадрлық резерв құрамына ену мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, курс түлектеріне кәсіби нетворкинг пен кейінгі сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылатыны айтылды.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



