Жаңалықтар

«Орталықтың» даңқ галереясы

Суреттер мұрағаттан

Нұркен ӘБДІРОВ

267 әуе дивизиясы 808 шабуылшылар полкінің әскери ұшқышы, Совет Одағының Батыры атағы 1943 жылы қаза болғаннан кейін берілген.

Нұркен Әбдіров 1919 жылы Қарқаралы өңірінде қазіргі Нұркен атындағы совхоз аймағында шаруаның отбасында дүннеге келген. Қейінде ата-анасымен бірге Қарағандыға қоныс аударып, осы қалада әуе клубында ұшқыш мамандығын алған. Соғыс басталғанда Нұркен Орынбор әуе училищесінде оқитын. Ол Отан қорғауға құштар болды, Ташкенттегі, одан кейін Сібір қалаларының біріндегі шабуылшы әскери ұшқыш дайындайтын курстарды бітірді.

Оқуды тәмамдағаннан кейін ол 267 әуе дивизиясының 808 шабуылшы полкы құрамында майданға аттанды. Нұркен Әбдіров талай әуе шайқасына қатысып, ерлік пен шеберлік таныта білді, әр тапсырманы мұқият орындап отырды.

Қазанның 23 күні тұңғыш рет әуе шайқасына аттанар алдында Нұркен былай деп жазған екен: «…Егер біз фашистерді құртпасақ, олар біздің түбімізге жетеді. Сөйтіп қуанышты, бақытты өмірмен қоштасамыз…»
Барлығы 17 рет әуе шайқасына қатысқан Нұркен жаудың 18 танкін, 46 жүк машинасы мен көлігін, оның ішінде, оқ-дәрі тасыған 18 керуенді, жанармай құйған 3 цистернаны талқандап, зенит қондырғыларының бесеуін, бірнеше жабық атыс ұясын, талай жау әскерін құртты.

1942 жылғы желтоқсанның 19-ында біздің батыр жерлесіміз өзінің серігі атқыш әрі байланысшы Саша Комиссаров екеуі соғыс аспанына соңғы рет самғап шыққан еді. Жаудың тасқұрсанған Боков-Пономорев станциясы маңайында үлкен алты танк, бірнеше атыс ұясын, зенит артиллериясының екі қондырғысын жойып жіберді.

Жау оғы самолетке дөп тиіп, өртене бастады. «Өзекті жанға бір өлім» деген ой шарпып өткен ұшқыш, отқа оранған күміс қанат сұңқарды фашист танктері шоғырланған бетке қарай бұрды. Осылайша құлдилай құлаған самолет ішіндегі Нұркен мен оның қандыкөйлек серігі Александр Комиссаров екеуі ақтық рет қанша жауды қырып, жас­тығын бірге ала кетті. Осынау теңдесі жоқ ерлігі үшін Нұркен Әбдіровке 1943 жылғы наурыздың 31-інде еліміздегі ең мәртебелі атақ – Совет Одағының Батыры атағы берілген еді.

Иван Самсонович ГАВРИЛОВ

Кіші сержант, №163 Ромен ат­қыштар дивизиясы 1318 ат­қыштар пол­кіндегі 3-атқыштар ба­тальоны атқыштар бөлімшесі­нің командирі, 1943 жылы Совет Ода­ғының Батыры атағын алған.

Иван Самсонович Гаврилов 1913 жылы Макеев поселкесінде (қазір қала) дүниеге келген. Оның әкесі шахтер еді. Сол жерде кен өнеркәсібі училищесін тәмамдаған Иван Гаврилов Донбасс шахталарында жұмыс істейді. Қызыл Армия қатарындағы борышын өтеп қайтқаннан кейін де кенші болды. Учаске бастығына дейін өсті, коммунистік партия қатарына өтті.

Җас кенші өмір қиындығына өзін салып көрмек болды. Шпицберген аралында 1940 жылы көмір қазды, одан кейін Қарағандыға келіп №12 шахтада істейді, 1943 жылғы наурызда осы арадан майданға аттанды.
Әскери бөлімшеге келген бойда кіші сержант Гаврилов атқыштар бөлімшесінің командирі ретінде ұрыс даласынан бірақ шықты. Өз тобын ілестіріп, Днепрдің оң қабағына ұрыспен өтті. Ол жаудың атқыштарын және әуеден шүйілген самолеттерін алаңдатып, ұрыстас жолдастарының аман қалуына себеп болды.

Енді бір жолы Днепрдің сол жағалауындағы тоқымдай ғана жер үшін топты жауға қарсы бес тәулік бойы жанқиярлықпен соғысқан Иван Самсоновичтің ерлігі ертегіге пара-пар еді. Осы жанқиярлығы үшін 1943 жылғы қазанның 29-ында СССР Жоғарғы Советі Президиумының указымен оған Совет Одағының Батыры атағы берілді.

Владимир Ефимович БРЕУСОВ

Аға лейтенант, 1944 жылға дейін 299-атқыштар дивизиясы 960 атқыштар полкінің пулеметшісі, 53 армия құрамында 1943 жылы Совет Одағының Батыры атағын алған.

Қаһарлы 1942 жылы қанды шайқастар кезі. Дәл осы кезде фабрика-завод мектебін жаңа бітіріп Қарағандыға келген алматылық Володя Бреусов №50-52 шахтада тіреуші болып істеп жүрген. Алайда, жас кенші Отан тағдыры таразыға түскен майдан жайын көбірек ойлап, алаңдай берді. Сөйтіп, 1943 жылдың басында Қарағанды комсомолының түлегі Володя өз еркімен майданға аттанды.

1943 жылдың тамыз айы. Харьков­ты азат етуге ұмтылған әскерлеріміз ұрысты үдете түсті. Жерлесіміз Владимир Бреусов аға лейтенант Петришевтің қарауындағы 16 жауынгердің бірі еді. Олар Полевое деревнясы түбіндегі жау бекінген шоқыны басып алып, ұрыс салды.

Құралайды көзінен атқан мерген Володя Бреусовтың пулеметінен атылған оқтар жауды кұрақша жайпады. Сол күні жаудың от шашқан бес ұнғысының көмейіне құм құйып, B.Бреусов жау окопына да жетті.

Оған беріле қоятын фашис­тер де осал емес. Бірақ коммунист Владимир Бреусов құрыш құрсанған қанішер жаудан тайсалмады. Дұшпанды өзіне таяуырақ келтіріп, жаусатып отырды. Он алты ержүрек жігіттің жетеуі ғана қалды, үшеуі тағы мерт болды. Оқ таусылды. Алайда, жау шоқының иығына шыға алмады. Сол мезетте бұларға соңынан тың күш келіп қосылды.

Осынау ерлігі үшін 1943 жылғы қарашаның 1-інде СССР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен Владимир Ефимович Бреусовқа Совет Одағының Батыры атағы берілді.

Бұдан кейін, 1944 жылы кіші лейтенант Владимир Бреусов Орел мен Белгород шаһарларын азат ету соғысына қатыс­ты. Ленин, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және медальдармен наградталды.

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button