Жаңалықтар

Теміржолда өрілген өмір жолы

Алатау бөктеріндегі ару қала Алматыға жолым түссе, арнайы іздеп барып, аңыз аға, абыз тұлға Амангелді Жұмағалиұлы Омаровпен амандасамын. Арқа даласындай кең пейілді, Алатаудай асқақ тұлғалы ағамен әңгімеміз түгесілмейді. Елдің амандығын сұрап, Балқаш, Ақтоғай өңіріндегі ағайындардың аман-саулығына тілекші екенін білдіріп, ақ самалдай аңқылдап сала береді. Екі иығына екі кісі мінгендей алып тұрпатты, еңгезердей ағаның балаша елпілдеп, елгезек күйге түсетіні еріксіз таң қалдырады. Сүйсінесің. Риза боласың. Сексен деген сеңгір жастың жуан ортасына келіп қалса да, қайраты кемімеген, сергектігіне селкеу түспеген.

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Атам қазақ «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады», – деп тегін айтпаса керек. Әкесі Жұмағали Омарұлының қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженерінің бірі екенін, ХХ ғасырдағы алып теміржол құрылысы «Түркісіб» магистралін басқарған тарихи тұлға болғанын бұрыннан білетінмін. Азия мен Еуропаны жалғаған алтын көпір іспетті «Түркісіб» теміржолы құрылысында қатардағы жол шебері болып бастаған әйгілі Жұмағали Омаров аты аңыз­ға айналған Мұхамеджан Тынышбаевтың сенімді серігі болып, осы тарихи теміржол желісін басқару сеніміне ие болған. Тынышбаевтың таңдауы тегін адамға түсе ме?

Сөйтіп, Кеңес Одағы кезіндегі ықпалды орталықтың «қазақтың қолынан мал баққаннан басқа түк келмейді» деп, біздің ұлы халықты «бұратана» санаған көзқарасын жоққа шығарып, Жұмағали Омаров тарихы терең ірі жобаны жүзеге асыру ісінде аянбай еңбек етіп, абырой биігіне көтеріледі. Омырауында Ленин, Еңбек Қызыл Ту, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен ондаған медаль жарқырап, еңбек майданының һас батыры атанған Жұмағали Омаров туралы аңызға бергісіз әңгіме көп.

Әуелі, ол – оқымаған инженер. Иә, Жұмағали Омаровтың дипломы болмаған. Ол – қайламен ғана еңбек етіп, иығына генерал жұлдызын таққан тұңғыш қазақ. Теміржол саласы ежелден әскери мақсаттағы нысан болғандықтан, бұл саланың мамандары әскери шен таққаны белгілі. Ал, Жұмағали Омаров генерал шенін Сталиннің қолынан алған. Амангелді ағаның асқар тау әкесі Жұмағали Омаров ғұмырында Сталинмен екі рет жүздесіпті.

Бірінші кездесуі – шытырман оқиға. 1941 жылы жау шеңгелінде қалған Украина жерінен 500 паровозды бір-біріне тіркеп, жасырын алып шығу операциясы ұйымдас­тырылады. Мақсат – паровоздарды жау қолында қалдырмау. Осы бір аса маңызды құпия тапсырманы орындау полковник шеніндегі қазақ инженері Омаровқа жүктелген екен. Бұл операциядан орыс инженерлері не үшін шеттетілгені әлі күнге белгісіз. 1931 жылы «Түркістан-Сібір» теміржол магистралінің құрылысын абыроймен аяқтап, ғасыр құрылысын ғажайып ұйымдастырушылықпен атқарған қазақ инженерін «құрбандыққа шалу» ма, әйтеуір, осынау аса қауіпті де, маңызды тапсырма Жұмағали Омаровтың жауапкершілігіне беріледі. Абырой болғанда, тапсырма тап-тұйнақтай орындалып, қазақ инженерін Сталин қабылдайды. Кездесу соңында Сталин:

– Жолдас Омаров, жарайсың! Мен өзің секілді адал коммунист, білікті маманды құрметтеймін! Жоғары білімің бар ма? – деп сұрапты. Бас Қолбасшының сұрағына әскери тәртіппен жауап берген Омаров:
– Жоқ, жолдас Сталин. Оқуға уақытым болмады, – деп жауап береді.

Маңғаз Қолбасшы:
– Оны шешеміз, – дейді де, телефонмен Калининге шұғыл тапсырма беріп, Жұмағали Омаровтың дипломға қол жеткізуін қамтамасыз етуді жүктейді. Сталиннің кабинетінен шығаберісте Орталық Комитеттің бір қызметкері күтіп алып, оны Калинин мырзаға алып барады. Калинин де аса маңызды операцияны сапалы орындаған қазақ инженеріне алғысын білдіріп, Мәскеу транспорт институтының (МТИ) ректорына қоңырау шалады да, Омаровтың студенттерге лекция оқуына мүмкіндік жасауды тапсырады. Сөйтіп, ешқандай жоғары білімі жоқ қазақ инженері бірыңғай академиктер мен профессорлардың қатысуымен Одаққа белгілі іргелі оқу орнында дәріс оқиды. Сонда институт профессорларының өзі Омаровтың лекциясын конспектілеп жазып алған екен. Осылайша, орыс тілінде еш мүдірмей, қағазға да қарамастан, алты күн лекция оқыған дипломсыз қазақ инженері МТИ ғалымдарына бас шайқатыпты. Сонан кейін МТИ ректораты мен ғылыми кеңесі бірауыздан «Жолдас Омаров – нағыз инженер. Оған МТИ дипломы берілсін» деген шешім қабылдап, Жұмағали Омаров МТИ ғалымдарынан оқымай-ақ, керісінше өздерін оқытып, диплом алады.

Сталинмен екінші кездесуі салтанатты жағдайда өткен. Кеңестер Одағы Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткеннен кейін тылдағы еңбек қаһармандарын Иосиф Сталин өзі қабылдап, Кремльде марапат тапсырады. Сол қабылдауда Амангелді ағаның әкесі Жұмағали Омаров та болып, Бас Қолбасшының қолынан ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені мен генерал шенін алыпты.

Сонымен қатар, Жұмағали Омаров – Қазақстанда теміржол институтының ашылуына мұрындық болған тұлға. 1967 жылы Алматы теміржол дистанциясының басқарма бастығы лауазымынан өз еркімен босап, кәсіби білім мен өмірлік тәжірибесін ұлттық мамандар дайындау ісіне арнауға бел буады. Мәскеуге мың барып, КСРО Көлік министрлігінің табалдырығын тоздыра жүріп, Қазақстанға теміржол институты қажет екенін дәлелдейді. Ақыры, КСРО Министрлер Кеңесінің (СовМин) төрағасы А.Косыгин мырзаның қабылдауында болып, бұл мәселені де табандылықпен шешеді. Алғашында Ташкент теміржол институтының филиалын ашып, кейін өз алдына Қазақ теміржол институты шаңырақ көтереді. Қазақ теміржол инженерлерінің қаншама буынын дайындап шығарған оқу орнының тұңғыш ректоры болып Жұмағали Омаров тағайындалады.

Міне, осындай текті әке, білікті инженер, ғибратты ұстаз, практика мен теорияны терең меңгерген ғалым, Сталинді мойындатқан тарихи тұлғаның ұрпағы қалай осал болсын?! «Әке көрген оқ жонар» дегендей, ардақты әкенің аманатына адалдық танытып, өнегелі жолын жалғастырушы кіші Омаров – Амангелді Жұмағалиұлының да теміржолдан басталған өмір жолы өнегеге толы.

…Әкелі-балалы Омаровтар тағдырындағы сабақтастық – тереңнен тамыр тартып, әлдебір тылсым күшпен бекітілген үндестік. Мәселен, әкесі Жұмағали Омаров – «Түркісіб» теміржолының қазығын қағып, құрылысын ұйымдастырушы болса, баласы Амангелді Омаров – Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылында «Достық-Алашонкоу» теміржолы желісін іске қосып, екі ел арасындағы ұлы достықтың күретамыры саналатын бірегей жобаны жүзеге асырушы инженер. Әкесі Жұмағали Омаров – «Қарағанды-Сұрыптау» теміржол бекетін жобалаушы болса, баласы Амангелді Омаров – сол бекетті толық іске қосқан аңыз инженер. Әкесі Жұмағали Омаров – «Түркісіб» теміржол желісін тау қопарып, тас үгітіп салған инженер болса, баласы Амангелді Омаров – сол «Түркісіб» теміржол желісін толық электрлендірген майталман маман. Әкесі Жұмағали Омаров – Қазақстанда тұңғыш теміржол институтын ашқан қайраткер болса, баласы Амангелді Омаров – Қазақ жол қатынастары университетінің, қазіргі Халықаралық көлік-гуманитарлық университетінің құрылтайшысы.

Міне, әкелі-балалы Омаровтардың тәуелсіз Қазақстан экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласына сіңірген еңбегі осындай! Әке мен бала өмірі мен қызметінің сабақтастығында тек қана әке жолын қуған баланың еңбек жолы емес, қастерлі аманат, сол аманатқа адалдық, әке бастаған істі түпкілікті аяқтауға деген жауапкершілік жатыр.

Амангелді Жұмағалиұлы Омаров 1941 жылы 30 сәуірде Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген.

Новосибирск теміржол көлігі институтын бітірген. Ол оқу орнына түсу тарихы да – ерекше. Қабылдау комиссиясына құжаттарын тапсырып, ертеңінде дайындық сабақтарының кестесімен танысуға келсе, емтиханға дайындалатын абитуриенттер тізімінде фамилиясы жоқ болып шығады. Комиссия мүшелерінен жағдайды сұрауға барса, бір қызметкер:

– Абитуриент Омаров сіз боласыз ба? Сізді институт ректоры күтіп отыр. Бізге сондай бұйрық берілген. Барыңыз, – деп, асқан сыпайы мәдениетпен жөн сілтейді. Түкке түсінбеген абитуриент Омаров:
– Мен сонда қайда баруым керек? – дейді.
– Жүріңіз, екінші қабатқа барамыз, – деп, ұзын бойлы еңгезердей қазақ жігітін жетектей жөнеледі.
Ректор жылы қабылдап:
– Жарайсың, Омаров! Аты аңызға айналған ардақты әкенің жолын қуып, нағыз керемет мамандықты таңдаған екенсің! Әкең қалай? Ол кісіде бәрі жақсы ма? – деп, орысша сөйлеген ректордың бір сөзін түсініп, бір сөзін түсінбей отырған Амангелді Омаровты сұрақтың астына алады. Әйтеуір, әкесін жақсы танитын адамға ұқсайды. Ректор да жас жігіттің орыс тілін түсінбей тұрғанын сезе қойды да, шеткері үстелге отырғызып, күрделі есептерді шешуге тапсырма берді.
– Екі сағат уақыт беремін. Бұл – өте күрделі тапсырма. Бірақ, мен білетін генерал Омаровтың баласы болсаң, саған оңай болуы керек! Қане, сынап көрейік! – деді де, өзі шығып кетті. Белгіленген уақыт өтті. Амангелді Жұмағалиұлы есептерді толық шығарып үлгерді. Жауапқа назар аударған ректор бірден телефон тұтқасын алып, арғы жақтағы біреулерге:

– Келіңдер! – деп, бұйрық берді. Сол заматта бес-алты профессор сатұр-сұтыр кіріп келді. Абитуриент Омаров олардың профессор екенін ол кезде білген жоқ. Әйтеуір, көзілдірік киген, ақ бастысы бар, жалтыр басы бар, барлығы оқымысты адамдарға ұқсайды.

– Мына жас жігіт Қазақстаннан келіпті. Әкесін жақсы білемін. Қазақтан шыққан талантты инженер. Баласы бізге оқуға түсуге талаптанып келіпті. Әкесі де, ешкім де тапсырған жоқ. Тізімнен фамилиясын оқып қалып, өзім қабылдадым. Әрине, орыс тіліне шорқақ екені байқалып тұр. Алайда, мықты математик екен. Екі сағатта мына аса күрделі есептерді шығарып тастады, – деп, мұны мақтай жөнеліп еді, бір қасқа бас:

– Мен де шырамытып тұрмын. Бұл жігіт «Түркісіб» теміржол желісінің алғашқы құрылысшысы Жұмағали Омаровтың баласы болса керек. Судың қос тамшысындай қатты ұқсайды екен! – деп әкесінің аты-жөнін атағанда, Амангелдінің көңілі жайлана бастады. Ес білгелі әкесінің ерен еңбегін, асқақ абыройын естіп-біліп жүрсе де, дәл мынадай ортада әке даңқы алдынан шығып, қанатына қанат байлап, көкке самғатады деп ойламаған екен. Сол сәтте институт ректоры өктем үнмен:

– Мен Батыс-Сібір теміржол көлігі институтының ректоры ретінде, абитуриент Амангелді Жұмағалиұлы Омаровты мерзімінен бұрын I курс студенті деп жариял­аймын! Бұйрыққа бүгін қол қоямын! – деп мәлімдеді. Сөйтіп, өзінің терең білімі мен әке абыройы сеп болып, оқуға қабылданған Амангелді Омаров бірінші курстан-ақ үздік атанып, озаттар көшін бастады. Өзін білімділігімен де, тәрбиелі азамат ретінде де көрсете білген кіші Омаров екінші курста топ старостасы болып, үшінші курста үлкен байқаудың жеңімпазы атанды. Үшінші курс­тан бастап студенттер құрылыс отрядының командирі болып, Барнаул, Красноярск, Новосибирск, Омск және Томск қалаларындағы жоғары оқу орындарының студенттері арасынан «Сибирский ЯСТРЕБ» алтын белгісінің иегері атанды. Сол жылы Дания мемлекетінің астанасы Копенгаген қаласында өткен студент жастардың Дүниежүзілік фестиваліне жолдама берілді.

Институт бітіргеннен кейін арнайы жолдамамен Арыс станциясына аға жол шебері болып қызметке орналасты. Бұл станция да әкесі салған «Түркісіб» теміржол желісінің бойындағы іргелі бекет еді. Яғни, бұл жерде де ардақты әкенің ізі де, көзкөргендері де бар. Әкенің аты Амангелді аға үшін мақтаныш қана емес, зор жауапкершілік еді. Бейтаныс біреу «Әкең Жұмағали Омаровты жақсы білемін» десе болды, бойын жинап, ойын сергек ұстауға тырысатын.

Бұл Арыста Амангелді ағаның еңбек жолы ғана емес, махаббат пен сезімге толы өмір жолы да басталған. Асыл жары Кәрима тәтемізбен осы Арыс топырағында танысып, отау құрды. Ұрпақ сүйіп, әке атанды. Ізгі жолы жалғасты болып, көктеп, көгере бастады. Арыстан кейін Қарағанды жол дистанциясына ауысып, жол шебері, аға жол шебері, бас инженер лауазымдарын абыроймен атқарды. Сібірдің қалың қар, сарышұнақ аяздарында өндірістік іс-тәжірибеден өтіп шыңдалған жас инженерге Арқаның қытымыр қысы сынақ бола алмады. Талай қыстағы ақтүтек боран, көктемдегі су тасқыны кездерінде бірде-бір пойыз кес­теден кешіккен кезі болған жоқ. Иә, жол дистанциясы басшыларын тығырыққа тіреген күрделі жағдайлар болды. Алайда, Амангелді Жұмағалиұлының бойына әкенің күшімен сіңген шешімталдығы, кәсіби шеберлігі, инженерлік таланты тығырықтың бәрінен шығынсыз алып өтті.

Кәсіби біліктілігі жоғары бағаланған жас инженер 1971 жылы Балқаш жол дистанциясының, 1972 Қарағанды жол дистанциясының басшысы болып тағайындалды. Қарағанды облысында қызмет істеп жүрген кезінде облыстық халық депутаттары атқару кеңесінің депутаты болып сайланып, салалық қызметпен ғана емес, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, теміржол бойындағы станциялар мен разъездердегі халықтың мұң-мұқтажын шешуге де елеулі еңбек сіңірді.

1983 жылы сол кездегі ел астанасына қоныс аударып, Алматы жол дистанциясы басшысының орынбасары, кейін басшысы болып абыройлы қызмет атқарды. Осы лауазымда жүргенде ұзақ уақыт бойы жылжымалы вагонда (вагонның жартысы – жұмыс кабинеті, жартысы – жатын бөлмесі) тұрып, отбасынан жырақ жүріп, «Достық-Алашонкоу» теміржол желісінің құрылысын жүргізген. 1997 жылы «Қазақстан теміржолы» компаниясы Бас директорының бірінші орынбасары болып тағайындалып, жас мемлекеттік теміржол көлігі саласын дамытуға сүбелі еңбек сіңірді. 2003 жылдан бастап маман даярлау ісіне біржола ауысып, Қазақ жол қатынастары университетінің ректоры, 2023 жылдан Халықаралық көлік-гуманитарлық университетінің президенті қызметін атқаруда.

Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Омырауында талай жылғы қажырлы еңбектің дәлеліндей болған «Ерен еңбегі үшін» медалі (1975 ж.), «Құрметті теміржолшы» (1986 ж.), «Көлік саласының еңбек сіңірген қызметкері» (1992 ж.), «ҚР Білім беру саласының құрметті қыз­меткері» төсбелгілері, тәуелсіз Қазақстанның мәртебелі марапаттары «Құрмет» (2017 ж.), ІІ дәрежелі «Барыс» (2021 ж.) ордендері мен ондаған мерекелік медальдар жұлдыз­дай жарқырайды. Кеше ғана Ғылым күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Ғылымда да олжасыз емес. Ол – 500-ге жуық ғылыми мақаланың, 100-ге жуық оқулықтар мен оқу құралдарының, 10-нан астам монографияның авторы. Техника ғылымдарының докторы, академик.

Ел Тәуелсіздігін нығайтып, отандық теміржол индустриясын қалыптастыруға орасан еңбек сіңірген Амангелді Омаров – кешегі Алаш көсемдерінің арманын аялап, аманатын ардақтаған, қазақтан шыққан тұңғыш инженерлер Мұхамеджан Тынышбаев пен өз әкесі Жұмағали Омаровтың лайықты ізбасары. Жол табанындағы қос рельстің қаншама ауыр жүк өткізіп, батпандай салмақ көтеріп тұрған беріктігін жақсы білеміз. Әкелі-балалы Омаровтардың да тағдырын мен сол қос рельске ұқсатамын. Елдің жүгін көтеріп, абыройын асырған асылдар осындай болады.

Бүгінде 85 жасқа толып, Алаш абызына айналған Амангелді Жұмағалиұлының теміржолдан басталған өмір жолы тұйықталмаса екен!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ

Басқа материалдар

Back to top button