Спорт

Қазақстан құрамасы шахматтан әлемдік додада топ жарды

Сербияның Врнячка-Баня қаласында 8-18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында рапид және блиц шахматынан әлем чемпионаты өтті. Ауқымды додаға 40 елден 437 спортшы қатысып, бұл жарыс жасөспірімдер күнтізбесіндегі ең ірі турнирлердің біріне айналды. Сондай-ақ чемпионат әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас шахматшылардың жоғары дайындық деңгейін айқын көрсетті.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізіп, жалпы саны 21 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 9 алтын жүлде бар. Бұл – еліміздің аталған жарыс тарихындағы ең үздік көрсеткіші. Турнир қорытындысында қазақстандық команда жалпыкомандалық есепте айқын басымдықпен бірінші орынға ие болып, жасөспірімдер шахматында жетекші елдердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осы жетістікке қарағандылық талантты шахматшы Даниял Сапенов те зор үлес қосты. Ол 18 жасқа дейінгі санатта рапид бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Даниял Сапенов – ФИДЕ шебері және қазақстандық шахмат мектебінің ең перспективалы өкілдерінің бірі. Бұған дейін де ол халықаралық аренада жоғары нәтижелер көрсетіп, өз жас санатында блицтен әлем чемпионы атанып, рапидтен қола жүлде жеңіп алған.

                                                                                                                                                 Арайлым КӘРІҒҰЛ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button