Спорт

«Тұлпар» сүрінді

Футзалдан ел чемпионатының 40-шы туры өз мәресіне жетті. Келер айдың соңында ел чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алған сегіз команда анықталмақ. Ал, бұл чемпионатта өнер көрсетіп жатқан қарағандылық «Тұлпар» шағын футбол командасының жағдайы мәз емес. Күні кеше сырт алаңда «Шымкент» клубымен кездескен. Бірінші кездесуде 1:1 есебімен тең түссе, қарымта ойында 3:7 есебімен жеңіліп қалды.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

«Тұлпар» соңғы 13 ойынында тұрақты өнер көрсетіп жүрген жоқ. «Ақтөбе», «Атырау», «Semey», «Қайрат» және «Astana» сынды қарсыласына есе жіберген. Ақтаулық «Каспий» командасына қарсы ойынның бірінші матчында 3:0 есебімен жеңгенімен, қарымта кездесуде 3:4 есебімен жеңіліс тапты.

Күні кеше «Шымкент» клубына қарсы өткізген бірінші кездесуде тең есеп тіркеген. Қоржынға түскен бір ұпайға қарап, қарымта кездесуді де өз пайдасына шешеді деген үміт болған-ды. Алайда, жерлестер қарымта кездесуден ұпайсыз оралды.

Енді жерлестер 25-26 сәуірде өз алаңында оралдың «Бәйтерегін» қабылдаса, 16-17 мамырда сырт алаңда талдықорғанның «Жетісуына» қарсы соңғы ойынын өткізеді. Қазіргі таңда «Тұлпардың» еншісінде – 42 ұпай. Әзірге турнир кестесінің VIII сатысында. Одан кейін елордалық «Astana» клубы тұр. Бірақ, оларда ойналмаған әлі екі ойыны бар. Сондықтан, «Тұлпардың» ел чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алып-алмауы екіталай. Жолдама алу үшін – соңғы төрт ойынды жеңу қажет. Ал, басты қарсылас елордалықтар қалған алты ойынның кемінде екеуінде жеңілсе, келесі кезеңге шығып кету мүмкіндігі туады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button