Спорт

Үш жүлде иеленді

Түркістан қаласында дзюдо, самбо және қазақ күресінен ардагерлер арасында өткен Қазақстан чемпионатында жерлесіміз, қазақ күресінен спорт шебері әрі тәжірибелі жаттықтырушы Оразғали Мұхаметжанов жоғары нәтиже көрсетіп, үш бірдей жүлдені жеңіп алды. 600 спортшы қатысқан додада үш күн бойы балуан бозкілемге шығып белдескен.

Сурет автордан

Көпсайысты додада балуан өзінің жан-жақтылығын толықтай танытты. Әсіресе, самбо күресінде барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды. Бұл оның техникалық шеберлігімен қатар, тактикалық дайындығының да жоғары деңгейде екенін көрсетті. Ал, дзюдодан да сынға түсіп, финалға дейін жеткенімен, шешуші сәтте күміс жүлдемен шектелді. Дегенмен, көрсеткен өнері мен қарқыны жанкүйерлер, мамандар тарапынан жоғары бағаланды.

Қазақ күресінде де балуан өз мықтылығын дәлелдеп, қола медальді қанағат тұтты. Бұл нәтижелер оның бір ғана бағытпен шектелмей, бірнеше күрес түрін қатар меңгерген әмбебап спортшы екенін айғақтайды. Жалпы алғанда, спортшының көпсайыстағы жетістігі оның тыңғылықты дайындығының, төзімділігі мен жеңіске деген жігерінің айқын көрінісі болып отыр.

Айта кетейік, 58 жастағы Оразғали Мұхаметжановтың спорттағы жетістіктері бұған дейін де аз емес. Ол 1985 жылы Алматы қаласында өткен, Ораз Жандосовты еске алуға арналған самбодан бүкілодақтық жарыста күміс жүлдеге ие болған. Сол кезде небәрі 10-сынып оқушысы еді. Жас балуанның сол жетістігі-ақ оның болашағынан зор үміт күттіретін спортшы екенін айқындаған еді.

Жасөспірім шағынан-ақ ірі додаларда топ жарып, жоғары нәтижелер көрсеткен ол бүгінде де спорттық биігінен түскен жоқ. Өткен жылы Талдықорған қаласында өткен қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында балқаштық балуан алтын медаль иеленді.

Сонымен қатар, ол «Арландар айқасы» төсбелгісімен марапатталып, арнайы чемпион белбеуінің иегері атанған.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button