Бангкок төрінде бағы жанды
Балқаштық боксшы Гаухар Сайлаубек тағы бір мәрте туған қаласының абыройын асқақтатты. Таиланд астанасы Бангкокта өткен бокстан әйелдер арасындағы Әлем кубогында жерлесіміз күміс жүлдеге ие болып, ел мерейін үстем етті.

Халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекеге 34 мемлекеттен былғары қолғап шеберлері қатысқан. 48 келі салмақта өнер көрсеткен Гаухар жарыс барысында жоғары шеберлік танытып, үш қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Алғашқы кездесуінде таиландтық спортшыны ұтса, кейінгі кезеңде түркиялық боксшының жарыстан бас тартуына байланысты финалға жолдама алды. Шешуші айқаста вьетнамдық қарсыласымен кездесіп, тартысты бәсекеде аз ғана басымдықпен есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Жеңімпаз спортшыны әуежайдан жақындары, спорт саласының өкілдері мен жанкүйерлер зор құрметпен қарсы алды. Олардың қатарында жаттықтырушысы Дулат Саметов, Балқаш қалалық спорт клубының басшысы Ардақ Мурсалим, сондай-ақ, туыстары мен әріптестері болды.
– Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болды. Әлем аренасында мықты қарсыластармен кездестім. Екінші орын – мен үшін үлкен жетістік. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға күш саламын. Қолдау білдірген барша жандарға алғысым шексіз, – дейді Гаухар Сайлаубек.
Айта кетейік, Гаухар бұған дейін де бірқатар ірі жетістіктерге қол жеткізген. Ол – бес дүркін Қазақстан чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері. Италия мен Венгрияда өткен әлем чемпионаттарында қола жүлде иеленсе, Ташкентте ұйымдастырылған Әлем кубогында чемпион атанған. Сонымен қатар, Түркияда өткен додада да күміс медаль еншілеген. Жерлес спортшының жеңісі елеусіз қалмады. Қалалық спорт клубы тарапынан 200 мың теңгелік сертификат табысталса, демеушілер де құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Жаттықтырушысы Дулат Саметовке де 300 мың теңгелік сертификат табысталды.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



