Білім

Ойын ойды дамытады

Қазіргі білім беру жүйесінде бастауыш сынып оқушыларының танымдық қабілеттерін дамыту – маңызды міндеттің бірі. Себебі, дәл осы кезеңде баланың зейіні, есте сақтау қабілеті, ойлауы мен қиялы қалыптасады. Осы тұрғыда ағылшын тілі сабағы тек шетел тілін үйрету емес, баланың ой-өрісін кеңейтетін тиімді алаңға айналып отыр.

Сурет автордан

Ағылшын тілін меңгеру үдерісі оқушыдан зейін мен есте сақтауды, логикалық ойлау мен елестету қабілеттерін қатар талап етеді. Сондықтан, сабақта қолданылатын әдіс-тәсілдер баланың жас ерекшелігіне сай, қызықты әрі нәтижелі болуы шарт. Оқушы пәнге қызыққан сайын, оның танымдық белсенділігі де арта түседі.

Осы мақсатта бастауыш сыныптарда ойын элементтері, интерактивті тапсырмалар мен көрнекі құралдар кеңінен қолданылады. Тыңдау, қайталау, визуализация және топтық жұмыс түрлері балаларды еркін әрекетке жетелеп, жаңа білімді жеңіл қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай сабақтарда оқушы тек тыңдаушы емес, белсенді қатысушыға айналады.

Сабақ барысында ойлану мен сөйлеуді қатар дамытатын «Speak & Think» әдісінің тиімділігі байқалды. Қысқа әрі нақты сұрақтарға жауап беру арқылы оқушылар өз ойын ағылшын тілінде жүйелі жеткізуге үйренеді. Ал, жұптық және топтық жұмыстар балалардың бір-бірімен еркін қарым-қатынас жасауына жол ашады.

Зейін мен есте сақтау қабілетін дамытуда визуализацияға негізделген әдіс­тер де маңызды рөл атқарады. Суреттер, флешкарталар, инфографика мен бейнематериалдар арқылы ұсынылған жаңа сөздер оқушылардың материалды тез меңгеруіне және ұзақ уақыт есте сақтауына көмектеседі.

Сонымен қатар, ойынға негізделген тапсырмалар бастауыш сынып оқушылары үшін аса тиімді. «Сөз құрастыр», «Жұмбақ шешу», рөлдік және тілдік ойындар арқылы балалар жаңа лексиканы еркін меңгеріп, оны күнделікті өмірмен байланыстыра алады. Ойын барысында тілдік кедергілер жойылып, сабаққа деген қызығушылық артады.

Тапсырмалардың күрделілігін біртіндеп арттыру оқушылардың сыни және логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Сурет бойынша әңгіме құрас­тыру, мәтін мазмұнын болжау сияқты жұмыстар балаларды өз бетінше ойлауға және шешім қабылдауға үйретеді.

Мұндай сабақтар оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, шетел тілін меңгеру сапасын да едәуір жақсартады. Ұтымды ұйымдас­тырылған әдістер бастауыш сыныптан бастап, оқушының танымдық белсенділігін дамытуға берік негіз қалайды.

Алина ШАЙДАРОВА,
Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның
ағылшын тілі пәні мұғалімі

Басқа материалдар

Back to top button