Білім

Білімділер бәйгесі өтті

Қарағандыдағы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназияда физика саласының білгірі, Халықаралық биографиялық орталықтың (Ұлыбритания, Кембридж) «2001 жылдың Халықаралық ғалымы» алтын медалінің иегері Темірғали Көкетай атындағы облыстық олимпиада өтті. Жалпы білім беретін және мамандандырылған мектептердің 9-11 сынып оқушылары физика пәнінен сайысқа түсті.

Суреттер әл-Фараби мектеп-гимназиясынан

Олимпиадаға 43 оқушы қатысты. Шара барысында әл-Фараби атындағы музейге және кәсіптік бағытта ашылған Темірғали Әбілдәұлы атындағы математика кабинетіне саяхат жасады. Оқушылар сондай-ақ, «Өнегелі өмір» жобасы аясында «Ғасыр адамымен» кездесті.

– Жер бетінде қазақтай ұлы, данышпан халық жоқ. Әлемнің талай елінде болдым, бірақ, салт-дәстүрінің тағылымдылығы, өмірлік таным-түйсігінің тереңдігі тұрғысынан қазақ халқына тең келер ұлтты көргенім жоқ. Қазақ балалары білімде озық болып, ғылымның шамын жақса нұр үстіне нұр. Олимпиа­да балалардың ғылымға қызығушылығын арттырып, таным көкжиегін кеңейтсе екен. Елінің тағылымымен қатар ғылымды сүйген бала дүниеге ұлы жаңалық әкеледі. Ең бастысы, өзінің ұлтын, Отанын сүйген өрендер көбейсін.
Жастар еліміздің нағыз азаматтары болуы керек. Азамат – бұл жай сөз емес, ол өз елі мен халқы үшін жұмыс істейтін және бәрін жасайтын адам. Бүгінгі жастар – тәуелсіз мемлекетте тұратын бақытты адамдар. Енді елімізді өркендету үшін жұмыс істеу керек. Ол үшін білімді, әділ, жігерлі және асыл болу керек, – деп атап өтті Темірғали Көкетай.

«Ғасыр адамы» атындағы физика сыныбын ашқан математика пәнінің мұғалімі Мархабат Нарова олимпиада оқушылардың талантын ашуға мүмкіндік беретінін атады.

– Бала оқыту ісінде барынша тырысып, еңбек етудеміз. Бастауыш сыныпта балаға ата-ананың көмегі керек. Мұғалім мектепте, ата-ана үйде екі жақтан тізе қосса, баланың оқу үлгерімі де жоғары болады. Бастауышта білімді жетік меңгерген бала жоғары сыныптарда өздігінен, тиянақты дайындалады, – дейді Мархабат Нарова.

Білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақытгүл Химальдинованың айтуынша, биыл оқушылар арасындағы олимпиада өз жемісін берсе, келер жылы физика пәні мұғалімдері арасында облыстық олимпиада өтеді.

Олимпиадаға қатысқан Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы Әлия Сабыржан ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

– Облыстық олимпиада тартысты өтті. Олимпиадалық есептерді шығарып, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу жөнінде нақты ақыл-кеңес алдық. Білім бәйгесінде «Ғасыр адамының» өмірімен және ғылыми істерімен танысуға мүмкіндік алдық, – деді Әлия Сабыржан.

Олимпиадаға қатысқан оқушыларға арнайы сертификат берілді. Ал, жеңімпаздар Темірғали Көкетайдың қатысуымен өткен салтанатты жиында I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button