Жаңалықтар

Қолжетімді баспана: құрылыс пен коммуникация

Қала мен қыр келбетін тегінде аспан тіреген биік ғимараттар ғана айқындамасы ақиқат. Әсілінде әр тұрғынның табалдырығынан басталып, көшесіне, мектебіне, ауызсуына, жылуына ұласатын жайлы өмір болар бұл. Мұқым бір инфрақұрылым мен әрбір шағынауданның көлеңкесінде ондаған әлеуметтік міндет – егіз ұғым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айрықша мән берілген «Халықтық құрылыс» бастамасы осы жарылмаған жаңғақтай жаратылысты алға шығарады. Келелі де кесімді пікірде құрылыс салудың сандық көрсеткішінен гөрі, оның адам өміріне әкелетін сапалық өзгерісі аса маңызды.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

– Біз халқымыздың артып отырған зор үмітіне лайық болуымыз қажет. Бұл жоспарымыз ел игілігін арттыруға арналып отыр, басқа астарлы ойымыз жоқ. Сондықтан осы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау берсек, қарсылық болмас деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Ордалы ойы қорғасындай қорытылған бедерлі бастама азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба екендігі аян. Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қомақты қаржы бөлу, елдімекендерге газ бен таза ауыз су тарту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту міндеттері нақты қойылды. 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағытталады. 2027 жыл «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жарияланды.

Баспана кілтін алған сәт – отбасы үшін үлкен қуаныш. Сол көл-көсір шаттықтың ғұмыры ұзақ болуы үшін есіктің ар жағында жайлы тіршілікке қажетті жағдайлар жасалмағы айтпасад да түсінікті. Үйге апарар жол, жылу мен су, электр қуаты, кәріз жүйесі, балаларға арналған мектеп пен балабақша, тұрғындардың денсаулығын қорғайтын емхана  бір-бірін толықтыратын ортақ жүйенің бөлшектері. Күлбілтемесек, бірі жоқ жерде екіншісінің де игілігі толық сезілмейді. Әсіресе, кейінгі жылдардағы тәжірибе тұрғын үй құрылысын инфрақұрылымнан бөліп жоспарлаудың әлеуметтік салмағы ауыр екенін анық аңғартты. Президент тапсырмасы осы түйткілді түбегейлі шешіп, құрылыс мәдениетін кешенді жоспарлау қағидатына көшіруді меңзейді.

«Халықтық құрылыс» идеясын өңірлік деңгейдегі көрінісін өлкеміздегі жұмыстар легі айшықтай бастады. Тек соңғы үш жылда мұнда 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға шамамен 2,5 мың пәтер үлестірілді. Ал коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде 570 шақырымнан астам инженерлік желі жөндеуден өтті. Көзайым көрсеткіштер тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды дамыту қатар жүріп жатқанын көрсетеді. Осы қарқын әлі де жеткіліксіз. Құрылыс нысанының айналасында толыққанды әлеуметтік орта қалыптаспағы абзал.

Кезінде қаланың шеткері бөлігі саналған аумақтардың уақыт өте тірнекті тіршілік орталығына айналуы – урбанистикалық дамудың табиғи үдерісі. Мысалы, Оңтүстік-Шығыс пен «Көгілдір тоғандар» арасындағы аумақта осындай орасан өзгерістің сұлбасы айқындала бастанына жергілікті жұрт куә. Болашақ ауданның келбеті тек көпқабатты үйлермен шектелмейді. Кең тынысты экопарк, ауқымды спорт кластері, жаңа магистраль, мектептер мен балабақшалар, аурухана кешені біртұтас сәулеттік-жоспарлау жүйесін құрайды. Аумағы шамамен 200 гектар экопарк пен 74 гектар спорт кеңістігі тұрғындардың демалысы мен белсенді өмір салтына арналса, алты шақырымдық төрт жолақты жол көлік қатынасын жеңілдетуге бағытталды.  Қазірде 26 үй бой көтерген атаулы аумақта алдағы уақытта 55 тұрғын үй кешені салынып, жеті мыңнан астам пәтер пайдалануға берілмек. Жақсылықтың, әдеміліктің қадірін терең түсінетін бөгде жандар үшін де эстетикалық көрініс көңілге әлдебір шаттық орнайтынын бек сезінсе керек.

Шаруалы шаһардың күретамыры саналатын инженерлік желілердің жай-күйі оның ертеңгі тынысын теңіздей толқытады. Үй тізбегі  бой көтерген сайын жылу мен суға, газ бен электр қуатына деген сұраныс та сәйкесінше артады. Сондықтан инфрақұрылымның мүмкіндігін алдын ала кеңейту – құрылыс саясатының ажырамас бір бөлігі. Қарағандыда «Күнгей» және «Таугүл» шағын аудандарын газдандыру жұмыстары жүргізіліп, мыңдаған жеке үйді табиғи газға қосу межеленді. Бұған қоса, жылу және су желілері жаңартылып, кәріз коллекторлары қайта құрылу үстінде. «Гүлдер» шағын ауданында орталық жылу бекетінің қуатын арттыру арқылы жаңа мектеп пен тұрғын үйлер жылумен қамтылмақ. Тұжырымымызды әрі қарай тұздықтайық.

Өңірдің құрылыс әлеуетін арттыру аясында инженерлік инфрақұрылымның қазіргі жағдайын ескеруді талап етеді. Бүгінде облыстағы инженерлік желілердің орташа тозу деңгейі 62,7 пайыз шамасында. Бұл жылу, су, кәріз және электр жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғыртудың қажеттігін көрсетеді. Осы мақсатта Ұлттық жоба аясында 151 шақырымнан астам желіні жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның ауқымы қарқынды құрылыс аумақтарын инфрақұрылыммен қамтамасыз етумен қатар, ескі шағын аудандардағы коммуналдық жүйелердің сенімділігін арттыруды да қамтиды.

Саналы адамның өз шаңырағында алаңсыз өмір сүргісі келетіні белгілі. Сондықтан әлеуметтік тұрғын үй құрылысында саннан бұрын сапаға мән беру де – уақыт талабы. Аймақта тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та Нұра ауданы тұрғындарымен кездесу барысында осы мәселенің мәніне тоқталды. Аймақ басшысының айтуынша, мұқтаж жандарға үй салып беру жеткіліксіз, құрылыс сапасы жұмыстың алғашқы сәтінен бастап, нысан пайдалануға берілгенге дейін жіті бақылауда болуы қажет.

– Мұқтаж жандарға үй салып беру ғана жеткіліксіз. Құрылыстың сапасы жұмыстың алғашқы кезеңінен бастап нысан пайдалануға берілгенге дейін қатаң бақылауда болуы керек. Тұрғын үйдің сапасы жоғары деңгейде болуы тиіс, – деп шегеледі ойын Ермағанбет Бөлекпаев.

Мұндай талап «Халықтық құрылыс» бастамасының түпкі мазмұнымен де үйлеседі. Үйге апарар жол, үздіксіз жылу мен таза су, балаларға арналған мектеп пен балабақша – бір-бірінен ажырамайтын қажеттіліктер.

Кез келген құрылыс алаңы белгілі бір мызғымас мақсатқа қызмет етеді. Мемлекет басшысы Жолдауында тұрғын үймен қатар көлік, әлеуметтік, спорт және мәдени инфрақұрылымды кешенді дамыту міндетін көтерді. Байыпты бағыттағы жұмысты жүйелеу үшін өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бес басымдықты бармақ бүгіп белгіледі. Инфрақұрылымды жаңғырту, экономиканы әртараптандыру, энергетикалық қауіпсіздік, адами капитал және мемлекеттік басқару тиімділігі.

Құрылыс ісіндегі жүйелілік әр мекеменің өз міндетін атқаруымен, сол жұмыстардың бірін-бірі толықтырып, ортақ нәтижеге қызмет етуі десек, . аймақтағы салалық басқармалар қызметінен де осы ұстаным менмұндалайды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы қаланың инженерлік қаңқасын жаңғыртып, жылу мен су жүйелерінің тұрақтылығын нығайтуға күш жұмсаса, Құрылыс басқармасы жаңа шағын аудандардағы тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың сапасына жауап қатады. Бірі инфрақұрылымның беріктігін қамтамасыз етсе, екіншісі жаңа құрылыс нысандарының талапқа сай салынуын бақылайды. Ортақ мақсат – тұрғын үйді ғана емес, сол үйдегі өмір сапасын да жақсарту.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq Qazaqstan

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button