Заманауи ғимарат, сапалы ем қолжетімді болады
Аурухана салу, заманауи медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, білікті дәрігер тарту – денсаулық сақтау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары. Алайда, медицинаның сапасы ең алдымен науқастың дер кезінде нақты диагноз қойылып, сапалы ем алуымен өлшенеді. Жаңа ғимараттың бой көтеруі өз алдына, оның ішінде көрсетілетін қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігі де қатар артуы керек. Бұл мәселе Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айқындалған міндеттермен де үндеседі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берді. Атап айтқанда, өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу, оның ішінде перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары мен балаларды оңалту орталықтарын тұрғызу қажеттігін атап өтті.
– Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл тапсырма өңірлердегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды да талап етеді. Себебі, халық үшін аурухананың сыртқы келбетінен бұрын, дәрігер қабылдауына уақытылы жазылу, қажетті тексеруден кедергісіз өту және ем нәтижесіне қол жеткізу маңызды.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қарағанды облысында медицина кадрлары соңғы екі жылда мамандар тапшылығы 62 пайызға азайған. 2023 жылмен салыстырғанда денсаулық сақтау жүйесіне 563 медициналық маман тартылған. Былтыр мемлекеттік медицина ұйымдарына 187 жас маман жұмысқа қабылданды. Ал, биыл тағы 77 резидент-дәрігер мен 390 орта буын медицина қызметкерінің келуі күтілуде.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір облыстың мемлекеттік медицина ұйымдарында 12 мыңнан астам маман еңбек етеді. Дегенмен, кадр мәселесі толық шешілген жоқ. Бүгінде 144 маман бірлігі бойынша тапшылық сақталып отыр. Оның 95-і – дәрігерлер. Бұл көрсеткіш медицина саласында мамандарды тартумен қатар, оларды өңірде тұрақтандыру, әсіресе аудандық және ауылдық медициналық ұйымдарды білікті кадрлармен қамтамасыз ету қажеттігін көрсетеді.
Денсаулық сақтау саласын дамыту жаңа медициналық нысандар салу және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етумен қатар, мамандардың жеткіліктілігіне, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасына да байланысты.
Денсаулық сақтау саласының дамуын тек салынған ғимараттар мен сатып алынған құрал-жабдықтардың санымен бағалау жеткіліксіз. Ең бастысы – сол мүмкіндіктердің халық игілігіне қызмет етуі. Ол үшін кадр тапшылығын түбегейлі азайтып, әсіресе, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, диагностика мен емдеу сапасын жақсарту қажет. Өйткені, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі ең алдымен тұрғындардың дер кезінде әрі сапалы медициналық көмек алуымен өлшенеді. Мемлекет басшысының Жолдауының мәні де осында.
Аида РАХЫМҚҰЛ,
Ortalyq Qazaqstan



