Аурухана құрылысы нақты сұранысқа сай ма?
Аурухананың қажеттілігі ең алдымен, науқастың дер кезінде ем алу мүмкіндігімен өлшенеді. Жаңа ғимарат салып, заманауи жабдық орнату маңызды болғанымен, оның игілігі халыққа қолжетімді медициналық қызмет арқылы көрінуге тиіс. Әсіресе, шалғай елдімекендерде тұратын азаматтар үшін бұл мәселенің мәні айрықша. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында да әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудан бұрын өңірлердің нақты қажеттілігін жан-жақты зерделеу тапсырылды.

Президент Жолдауында алғашқы кезеңде еліміз бойынша 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу көзделген. Олардың қатарында ауруханалар, перзентханалар, жедел медициналық көмек станциялары мен балаларға арналған оңалту орталықтары бар. Ауқымды бастама инфрақұрылым тапшылығын азайтуға бағытталғанымен, әрбір нысанның қажеттілігі тұрғындар санына, медициналық қызметке сұранысқа және қолданыстағы мекемелердің мүмкіндігіне сүйеніп анықталуға тиіс.
Аймақта медициналық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында бірқатар жоба жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – Балқаш қаласындағы көпбейінді аурухана. Мұнда жаңа қабылдау бөлімшесі мен екі операциялық залы бар корпус ашылып, ангиографиялық орталық пайдалануға берілді. Нысан құрылысына мемлекетке қайтарылған активтер есебінен 1 млрд теңге бөлінген. Ал, қажетті диагностикалық жабдықтар республикалық бюджет қаражатына сатып алынған.
Бұл жобаның маңызын оның нақты қызметінен аңғаруға болады. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, орталықта шілдеден бастап 148 ангиографиялық зерттеу мен эндоваскулярлық ем-дом шаралары жүргізілген. Оның ішінде 70 стенттеу және баллондық ангиопластика бар. Дәрігерлердің дер кезінде жасаған операциялары 70 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік бергені мәлім.
Бастысы, жаңа орталық Балқаш пен Приозерск қалаларының, Шет және Ақтоғай аудандарының шамамен 150 мың тұрғынына мамандандырылған медициналық көмекті қолжетімді етті. Бұрын күрделі ем алу үшін Қарағандыға жол жүру қажеттігі туындаса, енді бірқатар қызмет жергілікті жерде көрсетіледі. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары аурулары кезінде уақыт жоғалтпай көмек көрсету науқастың өмірін сақтауда шешуші рөл атқарады.
Ал, облыстық кардиологиялық орталықты кеңейту жоспары да нақты қызмет көлемімен байланысты. Қазір мұнда жылына үш мыңға дейін жүрек-қан тамырлары операциясы жасалады. Әйткенмен, рентген-операциялық блок бейімделген үй-жайда орналасқан. Сондықтан, жаңа блок салу, қосымша үш ангиограф сатып алу және төсек қорын 200 орынға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде орталықтың жалпы өткізу мүмкіндігін жылына бес мыңнан сегіз мың пациентке дейін арттыру көзделген.
Онкологиялық қызметті жетілдіруде де құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, облыстық онкологиялық диспансердің жаңа операциялық-реанимациялық блогы 93 пайызға дайын болған. Жеті операциялық бөлме мен 15 реанимациялық төсек қарастырылған нысан болашақта жылына жеті мыңға дейін күрделі операция жасауға мүмкіндік бермек. Бұл – әзірге жобалық қуат. Оның нақты нәтижесі орталық толық іске қосылғаннан кейін белгілі болады.
Алдағы ауқымды жобалардың бірі – Қарағандыда салынатын 200 төсектік перинаталдық орталық. Мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған нысанды 2029 жылы аяқтау жоспарланған. Мұнда ана мен балаға арналған бөлімдермен қатар, жүктілік патологиясы, неонаталдық хирургия және жаңа туған нәрестелердің жансақтау қызметі қарастырылған.
Дегенмен, жаңа құрылыстың қажеттілігін демографиялық ахуалмен де салыстыра қарастырған жөн. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы сегіз айда облыста 8372 нәресте дүниеге келген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 8,8 пайызға аз. Әрине, туу көрсеткішінің төмендеуі перинаталдық орталықтың қажеттілігін жоққа шығармайды. Өйткені күрделі босану, шала туған нәрестелерге күтім жасау және мамандандырылған көмек көрсету үшін бөлек инфрақұрылым қажет. Сондықтан, жаңа орталықтың тиімділігі қолданыстағы перзентханалардың жүктемесі мен жоғары технологиялық көмекке нақты сұраныс арқылы бағалануға тиіс.
Медициналық қызметтің қолжетімділігі ауылдық жерлерде де өзекті. Өңірде ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту аясында 92 медициналық нысан пайдалануға берілген. Мәселен, Бұқар жырау ауданындағы Гагарино ауылында ашылған амбулатория 1500-ден астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда диагностикалық көмекпен қатар, телемедицина және оңалту қызметтері қарастырылған.
Алайда, ғимаратпен бірге білікті маман қажет екенін ескерген абзал. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі мемлекеттік медициналық ұйымдарда 144 штаттық бірлік тапшылығы тіркелген, оның 95-і – дәрігерлер. Әсіресе, жалпы тәжірибелік дәрігерлер, акушер-гинекологтар, педиатрлар мен анестезиолог-реаниматологтар жетіспейді. Сондықтан, жаңа нысандар салумен қатар, кадр даярлау мен оларды өңірде тұрақтандыру мәселесі де қатар шешілсе керек.
Түптеп келгенде, медициналық инфрақұрылымның тиімділігі салынған ғимараттар мен игерілген қаржының көлеміне ғана тәуелді емес. Науқастың емді қанша уақыт күткені, күрделі көмек үшін қаншалықты алысқа барғаны, жаңа жабдық пен маманның қолжетімділігі – басты өлшем осы. Президент Жолдауында қойылған нақты қажеттілікті анықтау талабы да осыған саяды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



