Руханият

Өнегелі өмір

Көзі тірісінде-ақ мойындалып, атағы шартарапқа жайылған Арқаның айтулы ақыны Ғабдиман ИГЕНСАРТОВТЫҢ туғанына биыл 120 жыл толып отыр. Шайырдың 60 жылдық мерейтойы 1962 жылы Қарқаралы, Ақтоғай, Қу аудандарында кең көлемде тойланып өтті. Сол жылы «Халық ақыны» атағына ие болды. Бүгінде Қарқаралы ауданының мемлекеттік архивінде Ғабдиман ИГЕНСАРТОВҚА қатысты деректер бар. Осы деректер мен ақын туралы жазылған өзге де материалдарды оқи отырып, ақынға осынау жетістіктер оңайлықпен келмегенін көреміз.

Ақынға қатысты деректер Қарқаралы ауданы қаржы бөлімінің 1940-1942 жылдардағы құжаттарының ішінде кездеседі. Құжаттар латын қарпімен ақынның өз қолымен толтырылған. Деректер арасында оның екі нұсқадағы өмірбаяны, жеке іс парағы, жұмысқа алу жөніндегі құжаттары тұр. Ғабдиман ағамыз аталмыш мекемеге жұмысқа келмес бұрын, өмірдің қандай өткелектерінен өткені өзі жазған өмірбаянында тайға таңба басқандай жазылған.

Өмірбаяндағы деректерді сөйлетсек, Ғабдиман Игенсартов бұрынғы Қарқаралы уезі Темірші болысының №3 ауылында, 1902 жылы дүниеге келген. Өзінің 1917 жылға дейін әкесінің асырауында болғанын жазады. Алғашқыда Қожахмет, одан кейін Әбеу, Жүнісбек (әкелерін жазбайды), Әмірбек Сарытөбелов, Ыбырай Жұмабеков деген байлардың қолында жалшы болыпты. 1926 жылы Қарқаралыдағы кемтарлар үшін ашылған дүкенде практикант, 1927 жылы Темірші болысында батракком болады. Бір жылда қызметі тез көтеріліп, Қарқаралы округі атқару комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалады. Бұдан кейін наркомземде нұсқаушы, Қоңырат (Ақтоғай) ауданында машина пішен станциясында директор, «райснаб» инспекторы болады. Бұдан кейін Қарқаралы ауданына қайта оралып, округтік атқару комитетінде нұсқаушы, 1936-1937 жылдары Жаңаарқа ауданында атком орынбасары қызметтерін атқарған.

Өмірбаянының соңында ақын өзінің баспасөздегі жұмысына және үстінен қылмыстық істің қозғалғанына тоқталады. «1937 жылдың мартынан бастап августіне дейін «Советтік Қарағанды» газетінде (ол кезде «Қарағанды пролетариаты» деп аталатын) запкультотдел болдым. Онан бері қызмет істегенім жоқ. Оның себебі, 1937 жылдың апрелінде үстімнен қылмыстық жұмыстың қозғалуына байланысты өз орнымнан алынып, партиядан шықтым», – дейді де, 1939 жылы ақталғанын жазады. Бұл туралы келесідей деректерді табамыз: «1938 жылдың октябрінде бұл жұмысты Қаз.Республикасы прокурорының протесті жасауымен Қазақстанның жоғарғы соты обл. соттың үкімін бұзып, жұмысты қайта тергеуге шығарған еді. Осы жұмыстың тергеуін республика прокуроры өзі жүргізіп, мені 1939 жылдың 15 ноябрінде біржола ақтады. Оған пакті: обл прокурордың осы жылы 15 январьдағы №3-2і-лі маған берген спрапкесі. Менің қысқаша өмір тарихым осы. Өмірін баяндаушы Ғабдиман Игенсартов. 31 май 1940 жыл», – деп аяқтайды.

Сөз басында айтқанымыздай, ақын шығармашылық шыңына шығып, атақ-даңққа бөленгенге дейін тағдырдың небір теперішін көрген. Жастай жалшылықтың зардабын тартып, ат жалын тартып, азамат атанған 25 жасында ғана үкімет жұмысына кірісіп, әр төңіректе жалшылықта жүрген анасы мен інілерінің басын қосуға мұршасы келеді. Ақын кейінгі жылдары «…Жалпақ уезд төңірегінің төрт бұрышына бытырап кеткен бір үйлі жан қайыра табысып, 1927 жылдың жазында ғана кәдімгі семья болып бас құрадық…», – деп еске алады.

Үкімет қызметін атқара жүріп, өлең, жыр-дастандар жазып, түрлі баспасөз беттерінде жариялап жүрген Ғабдиман жалаң ұрандарға ере бермеген. Бұл туралы ақынның шәкірті, белгілі қаламгер Сапарғали Ләмбеков өз естелігінде айтып өтеді. «Голощекиннің «Кіші қазаны» басталады, әйгілі «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұраны дәуірлейді. Атқа мінген даңғой белсенділердің көбісі соған еріп еліре бастағанда, батырақтың баласы Ғабдиман басқа мінез көрсетеді. – Мен жаңа заманға жақсы үмітпен қараған момын қазақтың күнкөрісі болып отырған малын тартып ала алмаймын, – деп кесіп айтады. Әрине, оның бұл «қыңырлығы» жоғары жақтағыларға ұнамайды, қызметтен босатады»», – деп жазады қаламгер. Бұл жайт Ғабдиманның Қоңырат ауданында қызмет жасап жүрген жылдары алдынан шығып, жаланың үстіне күйе жағылуы мүмкін ғой!

Архивте сақтаулы өмірбаяны қырқыншы жылмен бітеді. Ақын қаржы бөлімінде де уақытша қызмет еткен. Оның қуғынға түсіп, жалаға ілігуі тағы алдынан шыққан болуы керек, еріксіз қара жұмысқа кіреді. «Игенсартов 1941 жылы «Халық жауы» атанып, кесімді уақытын өтеп, түрмеден шықты. Халық жауын ешбір кеңсе жұмысқа алмайды. Не істеу керек, қалай жан асырайды? Ақын атақты кенші Түсіп Күзембаевқа барған, Жоғарғы Кеңестің депутаты, ешкімнен именіп, қаймығатын ол емес: «Шахтер сенен қорықпайды, қайта бауырына тартады, тура жер астында, забойда істейтін болсаң, жұмысқа аламын», депті. Бұл жағдайды Ғабдиман 1949 жылы «Лавадағы өмірді» «Әдебиет және искусство» журналына басуға әзірлеп отырғанымда, сыбырлап қана айтқан-ды», – дейді Жаппар Өмірбеков өз естелігінде.

Ақынның өмірі 1940 жылдардың аяғында ғана баспасөз жұмысына қайта оралғанда түзеле бастаған. «Советтік Қарағанды» («Орталық Қазақстан») газетінің Қарқаралы ауданындағы меншікті тілшісі болады. Қосымша аудандық «Коммунизм таңы» газетінде қызмет істейді. Сан тақырыпқа қалам сілтеп, өлең-жырларын өндірте жазады. Рамазан Сағымбеков «Өнегелі өмір иесі» атты мақаласында соғыстан кейін ақын жүзден аса өлең, отызға тарта дастан жазғанын айтады. Ал, соғысқа дейінгі жазған көп дүниесі сол уақыттардағы сарғайған газет беттерінде сақталған. Қарағанды, Семей, Қарқаралы газеттерінің отызыншы жылдардағы ескі тігінділерін қопарып қараса, Ғабдиманның бірталай жырларын табуға болар еді.

Иә, тағдыр жолдары Ғабдиман Игенсартовты бірде биікке көтерсе, енді бірде ылдиға түсіріп, тіпті кейде жар шетіне жеткізгенін де көреміз. Бірақ, қай кезде де ол келер күнге сенімін жоғалтпай, басына түскен нәубеттерді қайсарлықпен жеңе білді. Ақынның өмірбаяны мен ол жайында жазылған естеліктер осыны баяндайды.

Аян КИЗКИН,

Қарқаралы ауданы мемлекеттік архивінің қызметкері.

Басқа материалдар

Back to top button