Коронавирус

Қарағанды облысы – «жасыл аймақта»

Қарашаның ортасынан бастап, Шығыс Қазақстан облысы, Павлодар, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстары «қызыл аймақта». Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «сары аймаққа» жатады. Республиканың эпидемиялық ахуалы қалыпты деген басқа облыстары «жасыл аймақта». «SARYARQA» телеарнасында өткен тікелей эфир барысында облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль ТОҚСАНБАЕВ пен облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий ЗАЛЫГИН облыс көлемінде вирустың күн сайын 16-20 адамнан анықталатындығын айтып отыр.

– Аймақта коронавирус өсімі 0,17 пайыз. Күніне 20 жағдайға дейін тіркелуде. Қазіргі таңда 154 адам стационарда ем алуда. Оның 17-сі бала. Ауыр халде 9 адам, бірақ олар ешқандай аппаратқа қосылмаған. Анықталып жатқан жағдайлардың жартысынан көбінде ауру белгілері байқалмайды, – деді Ю.Залыгин.

Дегенмен, басқа облыстар мен көршілес елдердегі қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалдың нашарлығын сөз еткен облыстың бас санитарлық дәрігері оқиғаның қайталанып келе жатқандығын атап өтті.

– Соңғы екі аптада коронавирус жұқтырғандардың өсімі байқалады. Ол өсе де береді деп болжап отырмыз. Себебі, оқиға қайталануда. 11 мамырда төтенше жағдай режимін алып тастағаннан кейін халық қуанып, тойлап кеткен еді. Қазір де салынған тыйымдарға қарамастан көпшілік шараларға қатысады, бетперде режимін сақтамайды, антисептик қолданбайды, – деді Юрий Леонидович.

Аймақта көктем-жаз кезіндегі вирустың таралуы негізінде жоспар жасалған. Әуелі денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымының дайындығы. Стационарлар мен алғашқы медициналық көмек көрсететін мекемелер, фильтр кабинеттерінің санын арттыру – бірінші орында. Жедел жәрдем қызметін ұйымдастыру бағыты бойынша қазір жұмыс істеп жатқан 114 жедел жәрдем бригадасының үстіне 36 реанимациялық автокөлік алынды, тағы 24-і беріледі деп күтілуде. Одан бөлек 288 мобильдік бригада бар. Олар ПТР тестілеу, термометрия жүргізеді. Жедел жәрдем іші де коронавирус бағыты бойынша қажетті жабдықтармен жарақталған. Сонымен қатар, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы. ӨЖЖ, пульсоксиметр сияқты қажетті аппараттар алынған.

– Осы бағыт аясында кадр мәселесі де қаралды. Инфекционистер, реаниматологтар мен анестезиологтарды қайта оқытып, қажетті мамандарға тапшылық болмауын қолға алдық. Жоспардың тағы бір бағыты кері байланыс орнатылды. Алдында адамдар инфекциялық стационар болғандықтан, ауырған туыстарының хал-жағдайын біле алмады. Қазір біз арнайы cool-орталықтарды іске қостық, – деді Гамаль Тоқсанбаев.

Сонымен қатар, ол коронавирус инфекциясынан емдеу вирусқа қарсы дәрілерге негізделгенін, емдеу алгоритмінде өзгеріс жоғын жеткізді.

– Мәселе вирустың өзін ғана емдеуде емес, оның салдарынан туындайтын асқынуларда. Пневмония, тромбоэмболия, жүрек-қан тамырлары ауруларының асқынуы мүмкін, – деді ол.

COVID-19 індетінің таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия берген статистика бойынша 19 қарашада елімізде коронавирус инфекциясының 791 жаңа жағдайы тіркелді. Оның 20-сы Қарағанды облысында. Ел көлемінде барлығы – 123 888 адам КВИ жұқтырған, облыста – 10 899 адам. Ал, жазылғандар қатарында облыстың 9 азаматы бар. Бір тәулікте барлығы 311 адам індеттен айықты. COVID-19-дан айыққандардың жалпы саны – 111 483 адам, ал облыс бойынша – 10 490.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button