Бәрекелді!

Қансонарда Айшолпан шығады аңға

Моңғолияның қиырында туып, ғажайып өнердің жап-жас өкіліне айналған Айшолпанның бағы бар. Сол құсбегілік өнер өрімдей қыздың өрісін кеңейтті. Осыдан 6 алты жыл бұрын британдық режиссер Отто БЕЛЛ түсірген «The Eagle Huntress» фильмі арқылы өзінің ғана емес, Алты Алаштың атағын әйгілеген еді. «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntres) атты деректі фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына енді дегенді естігенде қуаныштан бөркімізді аспанға аттық.

Саятшылық – салтымыз, құсбегілік – құндылығымыз емес пе?! Әсіресе, дәстүрлі мәдениетіміздің ең бір көрнекті түрі ат жүгіртіп, құс салу — үлкен ұлағатты үрдіс. Сол ұлағат бала бүркітшіге атадан мұра боп қалды. Яғни, бала Айшолпанға тегінен дарып тұр бұл өнер. Әкесі Моңғолиядағы белгілі бүркітшілердің бірі. Ағасы да құс салудың қыр-сырына әбден қаныққан. Айшолпан ағасы әскер қатарына шақырылған соң, үйдегі бүркітті өзі баптап, тау-тас аралап, аңға жиі шығып жүрген. Міне, содан бері Айшолпанның асыл өнерге деген махаббаты шыңға шығарды. Бала бүркіті иесін биікте қалықтатты. Әлемнің отыздан аса елінде болып, өнер көрсетті. Әлем таныды қазақ қызын.

Отто Белл израильдік фотограф Ашер Свиденски сол дүбірлі жарыстардың бірінде түсірген Айшолпанның суреттерін алғаш көрген кезде бүркітші қыз туралы деректі фильм түсіруге асық болыпты. Фильмнің жарыққа шығу тарихы да – осы. Режиссер іле-шала Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының Алтанцөгц ауданына жолға шығады. Айшолпанның бүркіт ұясынан балапан алғалы жатқан сәтіне дөп түседі. Түсірілім тобы «Алтын қыран» фестиваліндегі сайысты және оның қыранмен түлкі алған алғашқы сонарын таспалау үшін Моңғолияға бірнеше мәрте барған. Есесіне ыждахаттылықпен түсірілген кино Оскар сыйлығына үміткер деп танылып отыр.

Иә, бүркітші қыздың елге келгеніне екі жыл уақыт болды. Оксфорд, Гарвард университеттері оқуға шақырған. Бірақ, жаны да, жүрегі де қазақ бүркітші қыз Алматыдағы Сүлейман Демирель университетін таңдайды. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алуда. Міне, жақында ғана фильмнің елдегі алғашқы көрсетілімі аталған оқу орнында өтті. Алдағы уақытта кинотеатрлар мен отандық телеарналардан көрсетіледі.

Фильм жарыққа шыға салысымен бірден таныла кетті. Әлемдік басылымдарда бүркітші қыз туралы мақалалар үдете жазылды. Солардың бір парасын назарларыңызға ұсына кетейік.

Америкалық «NorthWest Herald» газетіндегі «Бүркітшілер» – жас пен кәрінің жүрегін елжіреткен аңыз» деген мақалада Айшолпанды «ұяң мінезді, қызыл шырайлы және шаңырақтағы алғашқы бүркітші қызға айналған қайсар қыз» деп сипаттайды.

«Фильм көрерменді Айшолпанның заманауи әрі ежелгі дүние әлеміне жетелейді. Ол әке-шешесі және отбасының өзге мүшелерімен даңғарадай кең киіз үйде тұрады. Анасы тамақ пісіріп, үй жинайды, әкесі моңғол даласында ешкі, ірі қара мал бағады. Айшолпан үй шаруасына қолғабыс етеді әрі сыныптағы үздік оқушы, ол дәрігер болғысы келеді. Бірақ оның ең басты арманы – әке жолын қуып, бүркітші болу. Жүрек тебірентер оқиғалары мен адамды еліктіріп әкететін пейзаждарының арқасында «Бүркітші» фильмі жас буынға шабыт сыйлап, керемет әсерге бөлері сөзсіз» деп жазады «North West Herald» газетіне британдық актриса Дэйзи Ридли.

Ал, америкалық «Daily News» газетінің «Бүркітшілер» тәрізді дүниені ешқашан көрген жоқсыз» деген мақала авторлары да фильмге таңданыс білдірген. «Батыс Моңғолиядағы Алтай тауларының сілемдері етегінде түсірілген фильм этникалық көшпелі қазақтар ұрпағы кәсіп ететін ұсақ аңға бүркіт салу сияқты ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрді көрсетеді. Ол әдетте әкеден ұл балаға даритын кәсіпке үйренген алғашқы қыздардың бірі Айшолпанның жетістіктерін көрсетеді» деп жазады. Сондай-ақ, «Нұрғайып қызын құз жартастағы бүркіт ұясынан алғашқы балапанын алып, бала бүркітті баптауға, тәжірибелі 70-тен аса жігітпен таласып, «Алтын қыран» аймақтық жарыстарында жеңіске жетуге, ақыры Орталық Азияның қақаған аязында сонарға шығу үшін иен түзге аттануға шыдамдылықпен, үлкен сеніммен әрі мақтанышпен баулып жүр» деп жазған мақалада.

Міне, қазақ қызы жайлы белді басылымдар осылай жазды. Демек, Айшолпанды ғана емес, арда өнер арқылы қазақтың болмыс-бітімін таныды.

Ол аз десеңіз, америкалық жазушы Лиз Уэлш Айшолпан туралы «Бүркітші қыз» атты кітап жазды. Иә, фильмнен бұрын 2014 жылы ағылшынның «Daily Mail» басылымы құсбегілік өнерді игерген 13 жастағы қазақ қызы туралы мақала жариялап, бала бүркітшіні алғаш танымал еткен еді. Сонымен қатар, австралиялық Sia есімді әнші «Періштені қанатыңа қондыр» деген ән де арнап шығарған.

Осылайша, әлем таныған Айшолпанның жұлдызы биіктен жанып тұр. Тәубе! Өз ұлтына деген ұлы махаббат кім-кімнің болсын бағын еселейтінін осыдан-ақ бағамдап отырмыз.

Қасымхан ҒАЛЫМ. 

Басқа материалдар

Back to top button