Бас тақырыпБәрекелді!

«Қазақстанның алтын баласы» Гүржі жеріндегі «Хәләулім»

«Талаптыға нұр жауар» демекші, ізденіп, алға ұмтылғанға барлық есіктер ақырындап ашыла бермек. Жерлесіміз 14 жастағы қарағандылық Айбек ҚАСЫМХАН Грузия мемлекетінде өткен халықаралық музыкалық байқауда бас жүлдені жеңіп алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Ол алты жасынан бастап, домбыра шертіп, ән салады. Қарағанды мамандандырылған музыка мектеп-интернатында домбырамен ән айту сыныбында оқиды. Қасиетті Арқа жерінің киелі топырағынан дарыған музыкалық қабілеті оны гүржілер елінде де алдаған жоқ. Ақтық сында оның домбырасы ағынан жарылып, алты құрлықты алапат арынымен қайран қалдырды.

Осыдан 3-4 ай бұрын «Балалар жылы» аясында Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі мен Қарағанды қаласының музыкалық мамандандырылған мектебі бірігіп, концерт берген еді. Концертті, ансамбльдің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байғара Сәдуақасов ұйымдастырған.
Дәл осы концертте мектептің 8 сынып оқушысы Айбек Қасымхан ансамбльдің сүйемелдеуімен үлкен сахнада Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған Тұрсынғазы Рахымовтың «Сәби болғым келеді» әнін тамылжыта орындаған. Ел көзіне жас алып қатты тебіренген. Сонда үлкендер «Жолың ақ болсын, қарағым!» деп бата беріп жатқанын естідік. Біз де толқып, жас таланттың болашағының жарқын боларын іштей сезгендей едік.

– Қарағанды мамандандырылған музыка мектеп-интернатында домбырамен ән айту сыны- бында оқимын. Менің жетекшім – Азамат Түсіпбеков. Көптеген облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдарға, сондай-ақ, «Қазақстан дауысы» жобасына қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Өте қуаныштымын. Бұл мені одан әрі ынталдандыра түсті. Елімді әлемге танытудан шаршамаймын, – дейді Айбек Қасымханов.

Айбек – Қарағанды қаласында туған. Яғни, қаланың баласы. Ауылда тумаса да, қазақтың даласына ғашық. Ауылға жиі барады. Осындай табиғилыққа жаны жақындығы оның кішкентай жүрегіне өнердің дәнін сепкен болар, мүмкін.

– Мен Айбектің мамандық бойынша ұстазымын. Ол барлық сабақтан үздік оқиды. Ұстаздардың бәрі жақсы көреді оны. Өте тәрбиелі әрі ұқыпты шәкірт. Болашағынан үлкен үміт күтеміз. Бос кезінде футбол, волейбол ойнағанды ұнатады. Күй мен әннен бөлек, фортепиано шебер ойнайды. Фортепианодан қосымша дәріс алып, бұған дейін республикалық байқаулардан орын алған. Сынып жетекшісі – Райгүл Қаюпқызы. Өте білікті ұстаз. Райгүл апайдың тәрбиесін алған шәкірттің осал болмасы анық, – дейді Азамат Түсіпбеков.

Айбек бұған дейін Алматыда «Мен де жұлдыз боламын» фестивалінде I орынды жеңіп, Түркия- дағы байқауға жолдаманы ұтып алған. Түркияда да талантты жерлесіміздің I орынды иеленуі, Грузиядағы халықаралық байқауға жол ашқан.

– Келесі жылы мен тағы да Грузиядағы музыкалық жарысқа қатысуды жоспарлап отырмын. Өйткені, мен осы жолы сертификат жеңіп алдым. Болашақта өз өмірімді музыкамен байланыстырғым келеді. Домбырамен күй ойнаймын және дәстүрлі халық әндерін дәріптеймін. Күй шертсем, домбырамен ән айтсам, басқа дүниені ұмытамын. Жаныммен сүйіп орындайтындықтан болар. Мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсу арманым бар, – деп бөлісті домбырашы.

Айбек Қасымхан бүгінде музыкалық мектептің халық әндерін орындау бағытында білім алуда. Жан серігі домбырамен 24 сағат бірге. Түркия мен Грузиядағы әлемдік байқауларда ол ел арасына кең тараған «Бастау» және «Хәләулім» туындыларын әуелете шырқады.

Қазір Айбек Қасымхановтың есімі «Қазақстанның алтын балалары» кітабына енгенін атап өткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button