Бас тақырыпЖаңаарқа

«90 жылдыққа – 90 игі іс!»

Жаңаарқалықтар ауданның 90 жылдығын лайықты атап өту мақсатында жаңа жылдың табалдырығын осындай бастамамен аттады. Бұл босқа даурығу емес, игі істің ілкімді іргетасы өткен жылы-ақ қаланғанын аудан басшысы Ю.БЕКҚОЖИННІҢ халықпен кездесуде берген есебінен бірден байқадық. Былтыр 34 млрд. 225 млн. теңгенің жалпы өнімі өндірілді. Өнеркәсіптік өнім көлемі 4 млрд. 849,7 млн. теңгеге (жылдық жоспардан 18,3% артық) жетті. Экономикаға 8 млрд. 767,2 млн. теңге (белгіленгендегіден 15,7% артық) инвестиция салынды. 21 млрд. 952 млн. теңгенің (2017 жылғыдан 6,7% артық) ауыл шаруашылығы өнімі алынды. Шағын және орта бизнес саласында 13 млрд. 253 млн. теңгенің (5,4% артық) тауары өндіріліп, қызметі көрсетілді. Арнайы құрылған штаб пен жұмысшы топтары елді иектеген инфлияция үдерісін тежеу мен қымбатшылықты құрықтау үшін үш бағытта (дәрі-дәрмек пен азық-түлік бағасы, коммуналдық қызмет ақысы) жүйелі жұмыс жүргізді. 112 азық-түлік дүкенімен әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік бағасын көтермеуге қатысты меморандум жасалды. Барлық дүкенде әлеуметтік бұрыш ашылды.

Агрокешен айшығы

Аудан экономикасында, дамуы мен өркендеуінде ауылшаруашылық саласының алатын орны айрықша. Былтыр тірі салмақта 14 мың 847 тонна ет, 47 мың 448 тонна сүт, 2 миллион 626 мың дана жұмыртқа өндіріліп, ірі қара — 64 мың 668, қой-ешкі — 113 мың 547, жылқы — 63 мың 849, түйе — 201, шошқа — 111, құс 20 мың 806 басқа жетті. Мал мен құстың қай түрінен болмасын, өсім бар.

Елбасы кезекті Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық пайдалану мақсатында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспорттауды 2022 жылға қарай 2,5 есе арттыруды алға міндет етіп қойғаны белгілі. Осыны басшылыққа алған ауданда етті мал шаруашылығын дамытуда жүйелі жұмыс жүргізілуде.

«Сыбаға» бағдарламасы аясында 335 млн. 980 мың теңге несие алған 13 шаруа қожалығы ТМД елдерінен 569 бас асыл тұқымды ірі қара алуға келісім-шарт жасады. «Мақсат» шаруа қожалығы Орынбордан ет-сүт бағытындағы симментал тұқымды 140 тайынша, «Көнек» шаруа қожалығы Кемероводан герефорд тұқымды 30 ірі қара әкелді.

«Агроэкспорт ЛТД» мал бордақылау алаңы былтыр экспортқа — 172,1 тонна ірі қара, 7 шаруа қожалығы – 27,4 тонна қозы етін өткізді. Аса сұранысқа ие қозы етінің 2,1 тоннасы «Арай kz» бордақылау алаңы арқылы Қытайға жөнелтілді. Қалған 25,3 тоннасы «Агроэкспорт ЛТД» бордақылау алаңы арқылы өз тұтынушысын тапты. Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында «Жәке» бордақылау алаңына 1443 жас мал қойылды. «Жанболат» шаруа қожалығының «Ет өңдеу және шұжық өнімін өндіру» жөніндегі инвестициялық жобасы кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді.

Былтыр 2500 гектарға бидай, 9200 гектарға арпа, 300 гектарға сұлы егілді. 2500 тонна бидай, 10400 тонна арпа, 300 тонна сұлы жиналды. 1200 тонна тұқым құйылып, қалғаны жемдік азыққа жұмсалуда. Сонымен қатар, 1000 гектарға көпжылдық шөп егіліп, шаруа қожалықтары 28 гектарға жұмыр, 1 гектарға көкөніс отырғызды. 250 мың тонна жемшөп дайындалды. Жалпы ауыл шаруашылық саласына 1 миллиард 310 миллион теңге инвестиция салынып, қайтарымы қадағаланды.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді айналымға шығару үшін өткізілген байқау қортындысында 37 661 гектар телім пайдалануға беріліп, жаңадан 37 шаруа қожалығы құрылды. Бұрнағы жылмен салыстырғанда егістік көлемі 10% ұлғайды.

Бизнес бедері

Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудың маңызына мән берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қосымша 20 млрд. теңге қаражат бөлу мәселесін көтергені мәлім. «Біз өз кезегінде, осы қаражатты пайдалана отырып, шағын несие алуға ниет білдірген көптеген тұрғындарды қамти аламыз» деп атап көрсетті. Былтыр ауданда 20 адам жеке кәсібін ашу үшін несие серіктестігі арқылы 93 млн. 200 мың теңге алды. Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы бизнес-жоба ұсынған 47 адамға 210 млн. теңге несие берілді.

Ауданда шағын және орта бизнеспен айналысатын адам қатары 5022-ге жетті. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс әкімінің 4,6 млн. теңге грантын 5 жоба иеленді. Әлеуметтік маңызы бар бизнес-жобаны жастар арасында жүзеге асыруға және қолдауға арналған аудан әкімінің 4 млн. теңге көлеміндегі гранты былтыр желтоқсанда 8 жеңімпазға табысталды. «Еңбек», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 31 жас кәсіпкер жеңілдікпен несие алды.

Былтыр жаңадан 19 нысан ашылып, жоспар артығымен орындалды. Жалпы аудан бойынша 792 млн. 54 мың теңгеге 198 жоба несиеленіп, 187 адам жұмыспен қамтылды. Атасу кентінде кәсіпкерлікті қолдау картасынан тыс 3 өндірістік нысан ашылып, барлығы 80 жаңа жұмыс орны ашылды. «Арқа Құрылыс 2009» ЖШС қатарға қосқан асфальт-бетон зауыты өнеркәсіптік өнім көлемінің артуына септігін тигізді.

Бұл бағыттағы жұмыс биыл да жүйелі жалғасын табады. Кәсіпкерлікке қатысты әртүрлі мемлекеттік бағдарламадан тыс ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға лайықты үлес қосуға ұмтылған жергілікті кәсіпкерлер тарапынан белсенділік байқалады. Олар жеке қаражаты есебінен 183 млн. 900 мың теңгенің 17 жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Жайлы баспана, қолайлы қызмет

Адамның өмір сүруіне жайлы орта қалыптастыру – Елбасының жіті назарындағы мәселе. Былтыр күздегі Жолдауында бұл тұрғыда бірқатар нақты міндет жүктеді. Бұған байланысты бірнеше мемлекеттік бағдарлама да бар. Ауданда кейінгі он жыл көлемінде тұрмысқа қолайлы 383 пәтер пайдалануға берілді. Ал, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жоспарланған 4 тұрғын үйдің 8 пәтерлік біреуінде қоныс тойы жасалса, 16 пәтерлік үшеуінің құрылысы аяқталуға таяу.

Атасу кентінің бас жоспарына сәйкес, солтүстік-шығыс жағындағы жалпы аумағы 14 гектар бос жатқан жерге 96 жекеменшік тұрғын үй салу үшін жалпы сметалық құны 32 млн. 800 мың теңгелік 2500 метр су және 2300 метр электр желісі тартылды. Тұрғын үй кезегі бойынша әр тұрғынға 1000 шаршы метрден дайын телім бөлінді. Биыл сол ауданнан осындай тағы 150 жекеменшік тұрғын үй салатын телімнің жобасы әзірленіп жатыр. Оған жергілікті бюджеттен 37,6 млн. теңге қаражат қарастырылды.

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында өткен жылы аудан бойынша 27 млн. теңгеге 4 көп қабатты тұрғын үй жөнделді. Бұл жұмыс ағымдағы жылы да жалғасын тауып, Атасу кентінде 6 көп қабатты тұрғын үйге жөндеу жүргізіледі.

Ең маңызды міндеттің бірі – электр қуаты, су және жылу жүйесінің ырғақты жұмысын қамтамасыз ету. Ауданда 7 локалдық және 45 дербес қазандық көпқабатты тұрғын үйді және әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Былтыр 12 млн. теңгеге Атасу кентінде орналасқан 2 локалдық қазандықтың тораптары айырбасталды. Сондай-ақ, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 9 млн. теңгеге «Манадыр», «Ақтайлақ» мектептеріндегі дербес жылу қазандығы сыртқа шығарылды.

Аудан тұрғындарының 87 пайызы орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Қазір М.Жұмажанов ауылдық округінде су жүйесінің 6 шақырым құбырын қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Жартысына жуығы тартылды, қалғаны биыл аяқталады. Ақтайлақ елді мекенін орталықтандырылған су жүйесіне қосу мақсатында ұзындығы 2,6 шақырым су құбыры салынды.

Атасу кентінде жарты шақырым ішкі жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында орталық көшелеріне бағдаршам орнатылып, жолақ салынды. С.Сейфуллин көшесінде 2 шақырым жолдың жиектасы гранитпен ауыстырылды. Түгіскен, Қызылжар ауылының ішкі жолы тегістелді.

Биыл Атасу кентінің Абай көшесіндегі тротуарға жөндеу жүргізуге және аталмыш көшедегі автожолды орташа жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 128 млн. 871 мың теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен бөлінген 16 млн. 212 мың теңгеге Орманбаев көшесіндегі жалпы ұзындығы 1 шақырым жолға асфальт төселеді.

Түйін Биыл ауданның құрылғанына 90 жыл толуымен қатар, жыр сұңқары Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойы өтеді. Сайын даланы думандатып, өткенге ой тастап, бүгінгіні безбендеп, келешекке көз жүгіртіп, руханиятын жаңғыртатын қос мерекені лайықты атап өту үшін арнайы комиссия құрылды. Облыстық әділет басқармасында тіркеуден өткізіліп, құжаты заңдастырылған, арнайы есеп-шоты ашылған «Атасу» қоғамдық қайырымдылық қоры қызметіне кірісіп те кетті. «90 жылдыққа – 90 игі іс!» қозғалысын қалың жұртшылық қызу қолдайтыны аудан әкімінің елге есеп берген жиынында да бірден байқалды. Оған аудан аумағымен шектеліп қалмай, кіндік қаны осы құнарлы топыраққа тамған, қазір қызмет бабымен басқа аймақта жүрген азаматтар да қызу үн қосуда.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button