Бас тақырыпКөкейкесті

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: саланың ауыр жолы қайтсе жеңілдейді?

«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Қазақстан Республикасының Президенті.

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Шынымен де еңбек еткеннің көп белесті бағындырары хақ. Еңбекпен есейген елдің баласы мұны жақсы білсе керек-ті. Ерен еңбек, маңдай терді қажет ететін саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Ел экономикасының негізгі драйверіне айналуы тиіс ауыл шаруашылығының қазіргі халі қандай? Тоқырау жылдары тұралаған саланың ауыр жолын жеңілдете аламыз ба? Мемлекеттің қолдауы саланың тамырына қан жүгірте ала ма?

Ауылшаруашылығы атам заманнан халықтың негізгі нәсібі мен кәсібі. Қазақ халқының әуелден күнкөрісі төрт түлікке байланысты болды. Оның үміті де, тілегі де, таянышы мен қуанышы да сол мал болып келді. Жесең – азық, кисең – киім, мінсең – көлік, ішсең – сусын болып, тіршіліктің тірегі, байлықтың қайнар көзі. Сол себепті қазақ халқы қай түлікті болсын әспеттеп, кәделі жағына да барынша назар аударған. Қазақтың «мал-жан аман ба?» деп сәлемдесуінің өзі бар тіршілігінде малдың соншалықты маңызы болғандығын білдірсе керек-ті. Көшпелі халықпен бірге жасасып, құндылығына айналған мал шаруашылығының маңызы осындай.

Кейін қазақ отырықшылыққа бейімделіп қара жерді игере бастады. Түрлі дақылдар егіп, қажетіне жаратты.

Ауыл шаруашылығы саласының қос қанаты мал және егін шаруашылығы 90- жылдарға дейін қарқынды дамыды десе де болады. Сай-салаға толған мыңғырған мал мен теңіздей жайқалған егістік алқаптан көз сүрінетін. Тоқырау кезеңі ауыл шаруашылығы саласын тұралатып кетті. Фермалардағы ірі қара еңбекақы мен зейнетақыға үлестіріліп, бартерге кетті. Малдан құн кеткен кезең еді. Осы кездерді егістік алқаптың да көлемі күрт кеміді. Сол кездердегі бөлістерді пайдаланған азын-аулақ адам өз үлестерін алып, қазір іргелі шаруашылық болып отыр. Әрине, бұл мал шаруашылығымен шұғылданған халықтың кішкентай ғана бөлшегі еді. Тіпті тоқырау жылдары мал саны еліміз бойынша 68 %-ға азайып кеткен екен.

–Осы бір кезеңде өзім мал бағып отырған қыстақ пен 100-ге тарта ірі қараны туғандарым мен балаларымның үлесіне алып қалдым. Бұрынғыдай өкіметтен көмек жоқ. Маялап шөп үйетіндей мүмкіндік жоқ. Жем-шөпті өз күшіңмен түсіресің. Бірді-екілі ескі техниканың көмегімен мал азығын дайындағандай болдық. Оңай болмады. Бір екі жыл бейнеттендім. Балалар да шыдамады. Ақыры арам өлгенше қолдағы малды қыстағымен сол кездегі белді кәсіпкерге саттық. Жалпы малдың жайын білетін адам болмаса, біреуге мал бақтырып қажеті жоқ. «Мал баққанға бітеді» деген бар. Егер мыңғырған мал айдаймын десең, ерте тұрып малмен бірге өріп, кешке қораға малмен бірге кіруің қажет. Өзгеге қаратсаң, шаруашылығың қараң қалады – дейді Талғат ақсақал.

-Шынымен де сол кездегі жағдай тым қиын болды. Мен мал фермасында басқарушы болдым. Жанар-жағармайдың қат кезі. Мал азығын дайындау керек. Еріксіз сатып аласың. Ферманың біраз малы алыпсатарлардың қолында су тегін кетіп жатты. Ішің ашиды. Тіпті болмаған соң таратылып тынды. Техника ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті, – дейді Тиыштық Қаламбаев.

Тоқыраған саланы қайта жандандыру үздіксіз жалғасып келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, жалпы өнімнің көлемі 1991 жылға қарағанда 30 жылда 58 есеге ұлғайған. Яғни, 1991 жылы 8,3 млрд. теңге болса, 2021 жылы 480 млрд. теңгені құраған. 1991 жылы 323 шаруашылық құрылымы болса бүгінде олардың саны 12732-ге жетіп, 40 есеге көбейіп отыр.

Егін шаруашылығында жаңа технологиялар енгізілуде. 2021 жылғы астық өндірісі 1991 жылға қарағанда 63%-ға, картоп 31%-ға ұлғайған. Ірі қара басы 6%-ға, жылқы 2,8 есеге артқан. Сәйкесінше, өнім көлемі де артқан.

90-шы жылдардағы дағдарыста қалжырап қалған шаруашылықты оңалту оңай емес. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті бағдарламалар қабылданғанымен кемшін тұстары да жоқ емес. Шетелден әкелінетін асылтұқымды мал өнімін толыққанды экспортқа шығара алмай, импортқа тәуелді болып отырған жайымыз бар. Тіпті терісі мен жүні де кәдеге жаратылмайды. Осының өзі – Үкімет тарапынан қабылданған бағдарламалардың үстірт дайындалғандығының көрінісі. Яғни, мал басын көбейтуге жағдай жасалғанымен, оның өнімін пайдамен айналымға шығаратын арнайы тетіктер қарастырылмаған. Соған сай, төленетін субсидияның өзі мал басының саны мен түр-тұрпатына қарай беріледі. Мәселен, жер-жерде кооперативтер құрылғанымен қандай да бір мал басын біріктіріп ұстайтын орындар жайы мемлекет жеңілдігінен тыс қалған. Тек сүт өнімдерін жинайтын, сақтайтын арнайы құрылғының ғана жартысын қаржыландырып отырған жайы бар.

Қыруар еңбек пен зор жауапкершілікті қажет ететін іргелі салаға атүсті қарау мен жүрдім-бардым бағдарлама жасау ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне даңғыл жол ашпайды. Алдымен бастапқы дамытушы факторын ауыл шаруашылық саласының білікті мамандарымен бірлесе отырып терең зерттеп, зерделеген абзал.

Субсидияның әлегі, жайылымның жайы, маман тапшылығы, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудағы қиындықтардың барлығы да ауыл шаруашылығы саласын артқа тартатын факторлар. Әсіресе, бәрін шешетін кадрдың жетіспеушілігі – шаруаны шатқаяқтатып тұр.

«Ел экономикасының локомотиві болған салаға маман даярлаудың әлі күнге жолға қойылмай келе жатқанын аңғаруға болады. Жылма-жыл қысқарып отырған субсидияда ауыл шаруашылығының дамуына кедергі болуда. Соған қарамастан тоқырау жылдарынан кейін ауылшаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Өсімдік шаруашылығында да өсім бар, егістік алқап көлемі қысқарғанымен, дәнді дақылдар арпа мен жүгері, бұршақ өсіру ұлғайып, майлы дақылдар өсіруде көрсеткіштер едәуір төмендеген» дейді сала мамандары. Жалпы осындай зерттеулердің өзі бүгінгі таңда халық тұтынатын тауардың қымбаттағанын көрсетті отыр. Мал басының саны өскенімен, сүт өнімдерін өңдеу саласында кешеуілдеу бар. Сол себепті, еліміз шетелдік тауарға тәуелді.

Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығының дамуына климаттық жағдай мен жердің жайы өз әсерін тигізеді. Жанды сөз. Бірақ, сылтау емес. Технология дамыған заманда тыңайтқыштарды пайдалана отырып, ретін келтіруге болады. Тек соған ынталы топ басшылық жасап, ауыл шаруашылығы саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандармен бірлесе отырып жұмыс жасаса болғаны. Салада өсім бары қуантқанымен сапа мен бағаға баса назар аударған жөн. Ауыл шаруашылығын тек бағдарлама қабылдап қана дамыту, науқандық шара жасау қажет емес. Мал мен жердің жайына білетін мамандар ғана саланың қарқынды дамуына сүбелі үлестерін қоспақ.

Сағыныш ӘБІЛ. 

Басқа материалдар

Back to top button