Жаңалықтар

“Сананың жаңғыруы – барлық істің бастауы”

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялағалы бір жарым жыл болды. Осы уақыт ішінде талай жұмыстың басы қайырылды. Елбасының өзі айтқандай, «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» бағытында өңірімізде іске асырылып жатқан шаралар туралы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы аймақтық жобалық кеңсесінің бас менеджері Серік САНАУБАЕВПЕН аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

Серік Мәлібекұлы, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының өзегіне айналып, алтын арқауы болған халқымыздың ұлттық болмысын сақтай отырып, сананы жаңғырту бағытында қандай жобалар жүзеге асырылуда?

– Көз ілеспес жылдамдықпен дамып, өзгеріп жатқан мынау дүбірлі дүниеде, Елбасы айтқандай, санасезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп кеткен таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз қажет. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салтдәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, бүгінгі қарыштап дамыған кезеңде сол құндылықтарымызды заманға сай дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыру қажеттігі туындады. Аталмыш бағдарлама аясында біздің облыстан қазіргі таңда 482 жоба қабылданды. Олар Президент межелеген 2022 жылға дейін жүзеге асырылатын болады. Оларды жүзеге асыруға бөлінген қаражат 19,7 млрд. теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін іске асқан 280 жоба бар. Оның ішінде, Бұқар жырау бабамыздың 350 жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырылған барлық шаралар, Ұлытау жерінде өткен «Жезкиік» алғашқы халықаралық музыка фестивалін айтуға болады. Биыл көктемде ашылған «Отбасы, махаббат пен адалдық аллеясы» жүзеге асқан жобалардың бір көрінісі. Аллея рухани құндылықтарды насихаттайды әрі қаламызға көрік беріп тұр.

– Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда кіші бағдарламаларды айқындап берді. Соның бірі «Туған жер» кіші бағдарламасы шеңберіндегі шараларға тоқталсаңыз…

 – «Отан – отбасынан басталады» дегендей, елін сүю – өз отбасын, ауылын, көшесі мен қаласын, туған жерін сүюден басталады. Туған жеріңнің перзенті ретінде бір кәдесіне жарау қажет. Бүгінде биік белестерге жеткен азаматтар өздерінің кіші Отандарына қол ұшын созып, көмектесіп жатса, қандай жарасымды?! Осындай нағыз патриоттардың көптеп шығуына жергілікті әкімдік жағдай жасап, оларды насихаттап, үлгі етуіміз керек. Мысалы, өткен жылы облыстың әр аймағында меценаттар жалпы сомасы 1 млрд. 817 млн. теңге болатын 84 әлеуметтік нысанды салып берді және жөндеуден өткізді. Ал, биыл осындай 63 шара жоспарланған, оған бөлінген қаражат 4,8 млрд. теңгені құрайды. Нұра ауданының Шахтерский ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Меценаттар көмегімен Жәйрем кентіндегі аурухана жөндеу көріп, жаңа құрылғылармен жабдықталды. Сондай-ақ, елімізде және шет елдерде белгілі спортшылармыз да аймақтың ажарлануына үлестерін қосуда. Каратэден қазіргі әлем чемпионы Тимур Райымбеков Язев көшесінің бойында бірнеше аула клубтары мен спорттық алаңдардың құрылысына мұрындық болды. Геннадий Головкин Майқұдықта өзі өскен аулада балаларға арналған «Жұлдызай» ойын алаңын ашып берді. Мұндай жарқын мысалдарымыз жетерлік, және олар басқаға үлгі болса екен дейміз. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырып жатқан барлық шараларда атымтай жомарт азаматтардың зор үлесі барын айта кету керек.

– Сіз бен біз айтып отырған бағдарламаларды іске асырудың кілті неде?

– Бұл сұрағыңызға Нұрсұлтан Әбішұлының «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады» деген сөзімен жауап беруге болады. Сананың жаңғыруы – барлық ісіміздің бастауы екенін есте ұстау керек. Олай болмаған жағдайда рухани жаңғыру дегеніміз бос көзбояушылық, есеп беру үшін атқарылған шаралар болып қалады. Мысалы, өз қоқысыңды подъезге, үйдің іргесіне тастап кетпей, қоқыс жәшігіне тастау кей тұрғындар үшін «бас қатыратын мәселе». Соңында бұл үшін әкімдік кінәлі болып шығады. Ал, мәселенің төркіні өзінің санасезімінің деңгейі мен жауапкершілігінің төмендігінде жатыр. Бұл – біріншіден. Бағдарламаны іске асырудың кілті – жастарда. Мұны екі деңіз. Елбасы кез келген Жолдауында, бағдарламаларында жастар еліміздің болашағы екенін, бұл жұмыстардың жемісі солар үшін екенін айтудан жалыққан емес. Аталмыш бағдарламаға жастарды тарту аса маңызды. Қазір «Рухани жаңғыру» кеңсесі жүзеге асыратын барлық жобаларда жастар еріктілер ретінде белсенді атсалысады.

 – Жобалық кеңсе шараларды ұйымдастыруға ғана жауапты ма? Жалпы, жобалық кеңсе жұмысының мәнісі неде?

– Аймақтық жобалық кеңсе ең бастысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсіндірумен айналысады. «Қайталана беретін бағдарламалар», «осылардың нәтижесі қане?» дейтін бәзбіреулер табылады. Осындайда, біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мақсаты мен міндеттерін айтып жеткіземіз. Жобалық кеңсе ашылғалы бері азаматтық бастамалар күнін өткізіп келеміз. Оған үлкендерден бастап мектеп оқушыларының, колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің өз идеяларымен келетіні қуантады. Олардың әрқайсын жіті саралап, идея өзегін жоба ретінде жүзеге асыру – біздің міндетіміз.

Биылғы оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарымен бірлесіп, олардағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасап жатқан жұмыстарымен бөлісетін алаң құрдық. Әр айдың соңғы бейсенбісі ЖОО күні болып бекітілген. Жастарды бір арнаға тоғыстырып, жұмыстарын ортақ мүддеге жұмылдыруды көздейміз.

– Ұлан-байтақ еліміздің әр түпкірі тарихи орындар мен ескерткіштерге бай. Табиғатымыздың байлығын, тарихымыздың тереңдігін таныту жұмыстары қалай жүргізілуде?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы Президент айтқан төртінші жоба – «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Оған өлкеміздегі жергілікті деңгейдегі 43 нысан және ұлттық мәні бар 21 қасиетті орын енгізілген. Ұлытау топырағындағы қасиетті орындар, Қарқаралының тұмса табиғаты, Ақтоғайдағы Бегазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштері және басқалары халқымыз қастерлейтін орындарға айналуы тиіс. Қасиетті жерлерге экскурсиялар, арнайы экспедициялар, зерттеу мен қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мұның бір жағы ішкі туризмді дамытуға да қатысты. Бағдарлама аясында биыл жалпы құны 661,55 млн. теңге болатын 8 жоба ұйымдастыру көзделген.

– Елбасы осы бағдарламасында таяу жылдардағы міндеттер деп латын әліпбиіне көшу жұмыстарын бастауды тапсырды. Бұл біздің қоғам үшін аса маңызды әрі өзекті мәселе екені айтпаса да түсінікті…

– Латын әліпбиіне көшу заманның қажеттілігінен туындаған, еліміздің дамуы мен болашағын айқындайтын маңызы зор шешім. Ол туралы алғаш рет Мемлекет басшысы 2012 жылы айтқан болатын. Бұл мәселе облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бақылауында.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын бір адам, тіпті, бір орган, не мекеме жүзеге асыра алмайды. Ол – азаматтық белсенді әрі өзіндік көзқарасы бар қазақстандықтардың атсалысуы нәтижесіндегі іс. Рухани құндылықтарды екінші орынға ысыра бермей, төрге озатын күні келді.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Жансая ОМАРБЕКОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button