Сарыарқа дарындары анықталды

Кеншілер мәдениет сарайында облыстың аудандары мен қалаларының «Сарыарқа әуендері» халық шығармашылығының облыстық байқауының гала-концерті және марапаттау рәсімі өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен байқауға 7 аудан мен 5 қаладан өтініш түскен.

Сарыарқа дарындары анықталды

Байқау қазақ халқының мәдени-мұрасын насихаттап, жаңа таланттарды анықтау мақсатында ұйымдастырылған. Сондай-ақ, көркемөнерпездар ұжымдарының орындаушылық шеберлігін арттырып, репертуары мен сахна киімін жаңартуға бағытталған.

Қарағанды – өнер тұнған өлке. Дарынды да талантты жандар бар. Сондай жандар көрінбей қалып жатады. Сондықтан, осы байқауды ұйымдастырдық. Жыл бойы таланттарды іздеп, қорытынды кеште гала-концертке шығардық. Мақсатымыз – осы, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаев.

Байқау қорытындысы ойынша Бас жүлдеге Бұқар жырау ауданының өнерпаздары лайық деп танылды. І орынды Осакаров ауданы мен Теміртау қаласының өнерпаздары иеленді.

Аудан бойынша 35 мәдениет ошағы бар. Әуелі солардың арасында аудандық байқау өткізіп, үлкен концертке жүзден жүйріктерді таңдап алдық. Аудандық кезеңде этно-мәдени бірлестікте киіз үйлер тігіліп, әрқайсысында түрлі тарихи бағыттағы қойылым қойылды. Тарихи қойылымның басы сонау жылдардан бастап, соңы «Тәуелсіздік таңы атты» деп аталатын көрмемен түйінделді. Сол уақытта 46 нөмір ұсынылған. Солардың ішінен 4 нөмірді іріктеп, гала-концертке шығарып отырмыз. Үлкен концертке дайындық екі ай бұрын басталды. Үлкен еңбек пен табандылықтың, төккен тердің нәтижесінде Бас жүлдені иелендік. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінің әдістемелік бөлімінің меңгерушісі, сахналық сценарий авторы Зәуре Төлеубаева.

ІІ орынды Нұра, Ақтоғай ауданы мен Қарағанды, Саран қаласының өнерпаздар ұжымы иеленді. Ал, Абай, Шет, Қарқаралы ауданы мен Шахтинск, Балқаш қаласының өнерпаздары ІІІ орыннан көрінді.

Бұл концерт – жылдық жоспарымыздың қорытындысы. Осакаров – көп ұлт шоғырланған аудан. Бүгінде 56 этнос өкілі тұрады. Қазір аудандық мәдени-сауықтыру орталығында 6 этно-мәдени бірлестік, 28 мәдени ошақ бар. Осының бәрі жыл бойы өнер көрсетті. Соларың ішінен үздігін таңдадық. Әрине, өнерпаздардың бәрі бірінен бірі өтеді. Оларды бірін-бірінен бөле жарып қарау мүмкін емес. Талай республикалық, халықаралық байқаулардан топ жарып жүрген жүйріктер. Бізді І орынға лайық деп тану – жылдар бойы төккен тердің, еңбектің бағаланғаны, – деді аудандық мәдени-сауықтыру орталығының басшысы Гүлжан Елубаева.

Ербол ЕРБОЛАТ

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО.