Руханият

Шедевр

– Айналайын, құтты болсын, мына тұсауы кесіліп, аттай шауып кеткелі, биіктерге сүрінбей жеткелі отырған…

Ата, – деп сыбырлады құлағына жанында тұрған жиен немересі, – мен ержетіп кеткенмін, бұл атамның тұсаукесері.

Бәлі-ай, атаңның тұсауы кесілмеп пе? Әлгі әртістер сияқты қалтасы қомпиғанда ғана үйлену тойларын бала-шағасымен қосыла жасайтыны секілді, бұл қай сасқаны?

Жоқ, ата бұл ол кісінің жақында баспадан шыққан кітабының тұсаукесері.

Айналайын, құда, құтты болсын! Мына «тұсауы кесіліп, аттай шауып кеткелі, биіктерге сүрінбей жеткелі отырған немереңнің» деп бұдан отыз жыл бұрын айтқан тілегім есіме түсіп кеткені, олай болса бүгінгі кітабыңның тұсаукесері құтты болсын!

Бұл алғашқы тілек иесі тоқсандағы Тойшыбай құданың игі тілегі еді. Сөйтіп кешіміздің шымылдығы ашылды…

Сонымен ауылдық клубқа жан-жаққа көшкеннен қалған 90 үйдің тұрғыны жиналды. Кештің бас қаһарманы – Сылбыр Көшекұлы. «Мен өзім туралы жазамын немесе аудан әкімі Кең Пейілұлының қабылдауында болғанымдағы түйгендерім» атты су жаңа кітабының тұсаукесері.

Ауылымызға өзі жақсы болды. Жылда осы Сылбырдың «шедеврінің» тұсаукесері өтетіндіктен, балалары клубты әдемілеп ұстайды. Жалпы саны 17-і кітабы шыққан оның аты, аудан демей-ақ қояйын, ауылдастарының ауызында.

Осы кештің жүргізушісі болғандықтан, Сылбырды жұртшылыққа таныстырып жатырмын (жылдағы айтылатын сөз болса да, тұрғындар үйреніп алған, әйтеуір бір жиналыс па бірдеме өтсе болды оларға). «Аудандық мәслихаттың депутаттығына жеті рет үміткер, ауданның «Құрметті азаматтығына» сегіз рет кандидат, ауылдың бас белсендісі, 80-ге келсе де тұғырдан таймаған…» кете береді, кете береді. Жалпы оқылатын, яғни, оның мадақтау беті он сегіз парақ. Яғни, ауылдастарының кітаптағы жазған алғысөзі. Оқи-оқи жағым да талды. Кейбір беттерін тастап кетейін десем, аңдып отырған ұрда-жық ұлдарынан қаймығамын, өткен жылы осындай кештен кейін қаладан арнайы шақырылған асаба бір бетті тастап кетемін деп таяқ жеп қала жаздағаны да бар…

Маңдайым тершіп, кеш иесін халыққа таныстырып шықтым-ау, әйтеуір. Сегізжылдық мектептің бір-екі оқушысы бұдан екі жыл бұрын осы клубта алғаш тұсауы кесілген: «Ауылдағы біздің жағдай немесе көк шөп жеген қара мал» деген Сылкеннің ән-жыр кітабынан үзінділер оқып берді.

Келесі бөлімде мен ақсақалдың бүгінгі шыққан, әлі сиясы кеуіп үлгермеген жаңа кітабына көштім. Ауылдағылардың біразы аудан әкімінің қабылдауына барып, тек Сылбыр Көшекұлының жолы болып ішке кіріп шыққан екен. Осы кітапта соны қамтыған, оқып тұрмын: «… аудан әкімі Кең Пейілұлының қабылдауында болғанымды өзім үлкен мәртебе санаймын! Ол – Атымтай жомарт, ауданның атын облысқа паш еткен іскер, жүрегі адал…», жалпы мадақтауды оқып біткенше алдыңдағы асқа мұз қатады. Оны да оқып шықтым-ау… «Кең Пейілұлы маған он пайыздық жеңілдікпен он тонна көмір бергізді, ол ақкөңіл, (тағы мақтау, бұл жолы төрт-ақ бет) сонда онды-онға көбейтсек маған көмірдің тегін келгені ғой»…

У-ф, әйтеуір бітірдім ғой.

«Сылбыр Көшекұлы, мынауыңыз нағыз «шедевр»! Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек!» деп кешті аяқтадым.

Үлкен ұлы жетіп келді: «Қандай сыйлық ол біз білмей жүрген, ертең сонда хат жаз, әкемнің бүкіл кітабын жібер, алмаса да Мемлекеттік сыйлыққа үміткер деген ат болсын!». Сылбырды кілемге отырғызып алған ауылдықтармен бірге үйіне қарай бара жатырмыз, бұл уақытта жылқы мен сиырдың еті екі қазанда бүлкілдеп пісіп жатқан болатын…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button