Айыртастықтар ауылға алаң

Қаладағы қазақтың жоқ дегенде, 70 пайызы ауылдан шыққан. Әлі де қалалық қазақтың кіндігі ауылдан ажырап үлгерген жоқ. Бірақ, біз қаласақ та, қаламасақ та, бүгінгі күннің ашық та ащы шындығы бар. Ол, жылдан жылға ауыл болашағы бұлыңғыр тартып, ауыл мектептерінің тағдыры қыл үстінде тұрғаны. «Ауыл алтын бесік», «Ауыл алтын қазық» деп қанша жерден жалынды сөздер арнап, «Ауыл – ел бесігі», «Туған жерге туыңды тік» деп қанша жерден ұрандатқанмен, жыртығына жамау болатын амалды, ауыл тұрғындары да, жергілікті билік те таппай отыр.

Ауылдар қартайып барады. Ауылдың орташа жас мөлшері 45-60 жас аралығы. Ауыл проблемасы тек сол ауыл тұрғындарын ғана емес, бүгінгі күні аудан, облыс қала берді үкіметті де аландатып отыр. Ауыл мектептерінің жабылып қалу көрсеткіштері де жылдан жылға арта түсуде. Газет оқырмандарының есінде болса, өткен жылы Ақтоғай ауданына қарасты Айыртас ауылындағы даңғарадай мектептің жабылып қалғандығы турасында «Асфальт та салынды, мектеп те жабылды» деп мақала жазып, дабыл қаққанбыз. Ауыл мектебінің жабылып қалуы, ауыл тұрғындары мен жан-жақта жүрген айыртастықтардың көңілінде «Ауылдың болашағы мен тағдыры не болады?» деген алаң тудырған. Алаң тудырған да аудан басшыларын ауылға шақырып, көкейлерінде қордаланып қалғап сұрақ-сауалдарына жауап іздеген. Апта соңында осы мәселеге қатысты аудан әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары А.Аманжолов бастаған, аудандық білім бөлімінің бастығы С.Жүнісов, аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы Е.Жаңқабылов, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы М.Қасымхан арнайы барып, Айыртас ауылының тұрғындарымен кездесіп, «ауыл», «мектеп» тақырыбын жан-жақты қаузап, ойларын мазалаған мәселенің, себебі мен салдарына үңілген. Аудан әкімінің орынбасары А.Аманжолов жиынды ашып, сөз кезегін ауыл тұрғындарына берді. Айыртастың жан-жақтан бас қосқан белсенді азаматтары кезекпен алға шығып:

«Ауыл мектебін қайта ашу керек. Сырттан келетін елдің жұмыс орны, көтерме көмегі бар ма? Болса қанша мөлшерде? Ауылда елді тұрақтандыру үшін, бос уақтыттарын тиімді өткізу үшін ауылға арнайы спорт алаңы, стол тенисін орналастыратын орын қажет. Аталған жұмыстарға аудан тарапынан қаржылық көмек болса. Ауыл мектебінде өте сирек, құнды жәдігерлер жинақталған мұражай бар болатын. Сол жәдігер аудан орталығындағы Ә.Бөкейхан мектебінде тұр. Мұражай экспонаттары қайтарылып, мұражайды қайтадан өз ауылымызда ашсақ. Және бір айтар мәселе мектептің мүліктері мен жабдықтары талан-таражға түсіп кетпеуін қатаң ескерсеңіздер. Ауылдың болашағы мен тағдыры үшін жан-жақтан ауыл азаматтары жиналып отырмыз. Белсенді топ құрып мәселенің шешу жолдарын қарастырдық. Жан-жаққа шығып, шекаралық аймаққа елді қоныстандырумен айналасытын ерікті топтың жетекшісі Бураханмен (еріктілер) хабарластық. Осы жылы солтүстік өңірлерге оңтүстіктен 500-ге тарта отбасын көшіріп апару жоспарда тұр екен. Олар бізге қол ұшын беруге қарсы емес. Көшіп келетін елдің басты талабы, баспана, жұмыс орны, интернет байланысы. Ерікті топтың жетекшілері Айыртас ауылына 10 отбасын көшіріп әкелуге ықпал етуге әзір екендіктерін айтып отыр. Ендігі біздің сіздерден сұрайтын көмегіміз қоныс аударып келетін адамдардың есепке тұру жағын шешіп берсеңіздер. Көшіп келетін елге аудан тарапынан көрсетілетін қандай қолдау-көмек түрлері бар, соны білсек. Ауылдағы бос үйлердің құжаттарын заңдастыруға ықпал етсеңіздер. Бір үйдің жөндеу жұмысына қаржылай көмек береміз деген аудан әкімінің уәдесі бар. Соған көмек болса. Айыртастықтар өзіміз қор құрдық. Бос тұрған үйлерді өз күшімізбен өңдеп-жөндеуге де күш саламыз. Шаруа қожалықтары тарапынан малдай көмек беру жағы да ойластырылды. Көшіп келеміз деп құлшынып отырған қандастарымыз бар. Соларға иесіз қалған қыстақтар мен жер беру жағы қарастырылса. Мектепті қайтадан ашу үшін не істеуге болады? Соны білсек. Мектептің жабдықтары талан-таражға түспес үшін, ауыл әкімінің құзырына өтсе, интернет тарату аппараты орнатылса» – деген сыңайдағы түйіні күрмеулі, түйткілді мәселелерді алға тартып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап іздеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Айыртастықтардың талап-тілектеріне бірінші кезекте аудандық оқу бөлімінің басшысы С.Жүнісов:

Бастауыш сыныптар жабылмасын деген облыс әкімінің тапсырмасы болған, әлі де күшінде. Мекеп керек пе жоқ па, ол тікелей сіздерге байланысты. Мектепте оқитын ауылдан бала шыға ма? Немесе білім алуға қаладан бала келе ме? Міне, ең басты сұрақ осы. Ауылда оқытатын бала жоқ. Мектеп жасындағы балаларын ауыл тұрғындары қалада оқытып жатыр. Сонғы үш-төрт жылдың көлемінде, ауылда бала туудың табиғи өсімі күрт төмендеп кеткен. Мұның барлығына мемлекет маниторинг жүргізіп отыр. Бәлкім, болашақта ауыл-ауылдар шоғырландырылып, әр жерден интернаттар ашылып, балалар бір жерден оқытылуы да ғажап емес. Аудан бойынша Айыртаста орын алған жағдай, жылдан жылға бала саны азайып бара жатқан Қараменде, Абай, Кежек, Қуаныш, Қарасу секілді ауыл мектептеріне қауіп төндіріп тұр. Мына, көрші Шет ауданында биылдың өзінде төрт мектеп жабылып қалды. Айыртастың мектебін ашқан күннің өзінде тек бастауыш сыныпты ғана ашып бере аламыз. Негізгі, орта мектеп ашуға біріншіден бала жоқ. Екіншіден жекелеген пәндер бойынша мамандар тапшы. Бастауыш сыныптарды, ауылда мектепке баратын бала болса бүгін-ақ, ашып беруге дайынбыз деп жауап берді. Бөлім басшысы айыртастықтарға ауыл мектебін ауыл әкімнің құзырына беруге байланысты заңдылықтарға тоқталып, жан-жақты қанағаттанарлық жауап берді. «Ауылға көшіп келетін ағайынға аудан тарапынан берілетін қандай қаржылық мүмкіндіктер бар» деген сұраққа, аудандық еңбек және жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Е.Жаңқабылов:

Өзге жерден қоныс аударып келген отбасыларына бір мезеттік материальдық көмек түрінде, отбасының әр мүшесіне 70 МРП айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек бар. Сондай-ақ, көшіп келген әр адамды тұрақты жұмыспен, тұрғын жаймен қамтамасыз еткен жеке тұлғаларға мемлекет тарапынан берілетін 400МРП есептік көрсеткіш деңгейінде берілетін бір реттік субсидия түрі бар. Тек жұмысқа алған кәсіпорын, болмаса шаруа қожалығы міндетті түрде ол адамдарды екі жыл жұмыспен қамтамасыз етулері керек. Одан тысқары ауылдық жерге көшіп келген отбасылар үй жалдап тұрған жағдайда коммуналдық қызмет түрлері үшін бір адамға 15 МРП, отбасында екі және төрт жан бар отбасыларға 18 МРП, бес және одан да көп мүшесі бар отбасыларға 21 МРП айлық мөлшерінде қолдау қаржы қаралған — деп тұшымды жауап берді. Айыртас ауылының атпал азаматтарының «ауыл түтінің тік ұшырып, бірнеше буын түлеп ұшқан білім ошағын сақтап қаламыз, елге ел қосып, құт-берекесін арттырамыз» деген қадамдары мен талаптары құптарлық-ақ. Елде келер, үкімет тарапынан қолдауда болар, мәселе көшіріп әкелген оншақты отбасының он-он бес баласы, бастамаларын баянды ете ала ма? Гәп сонда. Оған сол ауыл тұрғындары да, жергілікті атқарушы билік те «сенімді» деп айта алмаймыз. Жалпы «ауылдарды сақтап қаламыз» десек, мемлекеттік деңгейде мән беріп, үкімет тарапынан кешенді бағдарламалар қолға алынса ғана бұл мәселе шешімін таппақ. Сонда ғана ауыл болашағын, мектеп тағдырын түбегейлі шешуге болады. Айыртастықтар мен аудан басшыларының түптеп келгендегі ойы «ауылды қайтсек сақтап қаламыз» деген ортақ мақсат төңірегінде тоқайласып отыр.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ.