Ақын рухы – Орал аспанында
Орал қаласы мен даласы Қасым өлеңінің қанжайлауы болғанын көзіқарақты жұрт жақсы білсе керек. Рухын шарықтатып, шабытына қанат бітірген Оралда кезінде ақын тұрған үй «Қасым мен Абдолла атындағы әдебиет үйіне» айналатын болып шешілгенде, қалың қазақ бөркін аспанға атты. Алаш арыстарына бесік болған Қарқаралыдан Оралға көшіп барғаны тегін емес. Алашорданың құтты бір ордасы Оралда болғанын білеміз.
Әулие Қасымның атақты «Ақын өлімі туралы аңыз» атты поэмасы майдандас досы Абдолла Жұмағалиевке арналған. «Қасым мен Абдолла үйі» аталуының бір сыры сонда. Әдебиет үйі туралы мәселе көтеріп, Батыс Қазақстан әкімдігінің құлағына салған – сондағы ақын Бауыржан Халиолла: «Майдангер ақындар Қасым Аманжолов пен Абдолла Жұмағалиев жан дос болған. Екеуінің есімін бірге ардақтайық» деген бағыттағы ұсынысымыз қолдау тапты. Оған төмендегі маған және Жүрсін Ерманның атына келген ресми хат дәлел. «Бұл үй елеусіз қалмау керек!» деп келген сайын Жүрсін аға мен Светқали Нұржан көкем үнемі аманаттайтын. Өте қысылтаяң шақта тәуекелге бел буған аймақ басшысы Ғ.Есқалиевке Алла разы болсын!» – депті.
Қарағандыдағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы, ақын Айтбай Жұмағұлов бастап, Қасым үйі аталуын қолдайтын жігіттерден қол жинап берген. Сөйтіп, дүниеге Қасым мен Абдолла атындағы әдебиет үйі келді. Қос ақынның аруағы бір аунап түсетін болды.
Біз жоғарыда Қасымды тектен текке әулие дегеніміз жоқ. Мына өлеңіне көз жүгірсеңіз, байқалады.
Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым менің, Оралым!
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын.
Оралым, сенің қойныңда
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында,
Достармен сайран құрғамын.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс,
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс.
Өмірдің алтын кесесін
Тосқамын айдың нұрына.
Кешкенмін совет көшесін,
Кеудемді ашып құрбыма.
Сонау бір шетте, сонау үй,
Кетер ме, сірә, көңілден?
Алушы ед тартып мені ылғи
Махаббат, жастық лебімен.
Терезе алды – жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап үйге еніп?..
Сағындым сені, Оралым,
Күндер жоқ бейбіт бұрынғы.
Келгенше қайтып оралып,
Алып қал осы жырымды.
Сіркіреп жаңбыр жауғанда
Байқарсың өзің анықтап:
Жаным бір жүзер ауаңда,
Ауаңда сенің қалықтап.
Қош болшы енді, Оралым,
Күле бер шалқып, сайранда!
Айтпақшы қайда бораның?
Кетейін алып майданға!
Жәнібек ӘЛИМАН.