Қарағандыда кеншілерге құрмет көрсетілді

Кеншілер күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы ғимаратында салтанаты жиын өтті. Шара барысында көмір өндіру саласында еңбегімен көзге түсіп, ұжымға үлгі болған бір топ азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, «Шахтер даңқы», «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Қазіргі таңда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің құрамына кіретін сегіз шахта мен бес кәсіпорында 14 мыңнан астам адам еңбек етуде. Кеншілерді кәсіби мерекесімен «АрселлорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің директоры Андрей Черномаз құттықтап, ерен еңбектері үшін алғыс білдірді.

  • Шахтер – абыройлы мамандық. Бұл салада жауапкершілігі жоғары, еңбектен қашпайтын, мінезді азаматтар ғана еңбек етеді. Олар жұмыстың ауырлығы мен қауіп-қатерге қарамастан, өндірісті өркендету жолында еңбек етуде. Біздің бүгінгі шыққан биігіміз – кеншілер еңбегінің нәтижесі. Біз олармен мақтанамыз! Барлық шахтерлерге, ардагерлерге зор алғыс айтамын, – деді Андрей Черномаз.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қарағанды шахталарына жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде, биыл Қарағанды көмір бассейнінің кеншілері алғаш рет миллиондық межені мерзімінен бұрын орындап, «Шахтинская» шахтасы алғашқы жарты жылдықта 1 000 000 тонна көмір өндірді.

Шахтерлер басқа саланың өкілдеріне қарағанда анағұрлым көп еңбекақы алады әрі әлеуметтік көмектен де құралақан емес. Десек те, кеншілерді толғандырған бірқатар әлеуметтік мәселе бар екен. Солардың бірі – зейнет жасының өзгеруі. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған шахтер Марал Жанпейісов айтып берді.

  • Шахтер болып еңбек етіп жүргеніме 39 жылдан асты. Жер астында жүріп жұмыс істеу – оңай емес. Әсіресе, жасы келген адамдарға қиын. Бұрын шахтерлер 50 жастан зейнет демалысына шығатын еді. Қазір бұл меже 63 жасқа дейін өсті. Алпыстан асқан адамнан шахтер шықпайды. Шахтерлердің әлеуметтік мәселесі сөз болғанда, ең алдымен осыны ескерсе, – дейді «Шахтер даңқы» төсбелгісінің толық иегері Марал Жанпейісов.

Оның бұл сөзін «Ленин» шахтасының директоры Арман Халықов та қолдап отыр. Айтуынша, көмір өндіру технологиясы қанша жаңарса да, шахтердің жұмысы ауыр әрі қауіпті мамандық санатында қала береді.

Салтанатты жиын жергілікті өнер ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты. Кеншілерді кәсіби мерекесімен жергілікті өнер ұжымдары және танымал қазақстандық әнші Ержан Максим құттықтап, әннен шашу шашты.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»