Бағамы биік төл теңге

Қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі бейнеленген ең алғашқы төл теңгеміз есіңізде ме? Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбілқайыр мен Абылай хандардың суреті бар, өзімізге ғана тиесілі, өзіміз үшін құнды купюраларды алғаш қолға ұстағанда әр қазақстандықтың бойын мақтаныш сезімі кернемеді деп кім айта алады? Себебі, теңге сол кезде енді ғана тәуелсіз ел атанып, тәй-тәй басқан жас мемлекет үшін кез келген тауар мен қызметтер құнының өлшемі, тікелей айырбастауға болатын әмбебап балама емес, азаттығымыздың, еркіндігіміздің, өзгелермен тереземіздің тең екеніндігінің белгісі еді. Теңге бізге өзге валюталармен салыстырғандағы бағамымен емес, әрқайсымыз алақанға алғаш ұстағанда сыйлаған дербестік сезімімен құнды.

Содан бері 27 жыл өтті. Осы уақыт аралығында талай өзгеріске ұшырап, түбегейлі түрленген теңгеден тарихи тұлғалардың бейнесі алынып тасталды. Бірыңғай стильде жасалған жаңа үлгідегі банкноттар пайда болды. Алғаш дизайнын жасауға төл теңгемізге деген ерекше ықыласпен кірісіп, қиындыққа қарамай жұмыс жасаған арнайы топтың жанын салуы, жоқтан бар жасауы да оның қадыр-қасиетін арттыра түседі. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көзсіз ерлігінің арқасында 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңге айналысқа енді.

Сол кезде банкноттарды басып шығаруы керек болған Англияның атағы дардай «Харрисон және оның ұлдары» компаниясының беделді, тәжірибелі, 70-ті алқымдаған менеджері, пайда табуды ғана көздеп, жай лотерея тәрізді банкноттар ұсынған Джон Брайс Гивеннің сол банкноттарымен тайсалмай бетінен ұрған теңге авторларының бірі, суретші-дизайнер Хайролла Ғабжәлеловтікі ерлік емей немене?! Басып шығаруға қаражаттың тапшы екенін, өзге елге келіп-кетудің өзі сол кезде Қазақстан үшін ауыр салмақ екенін, компанияның теңгені басып шығарудан бас тартуы мүмкін екенін білсе де намысқа тырысты. Үлкен тапсырыс алуды ғана мақсат етіп, «Сен кімсің? Жай суретшісің» деп, өзіне мұрын шүйіре қараған менеджердің алдында өзінің емес, елінің абыройын жоғары қойды.

Мемлекет ретінде танымал бола қоймаса да, әр теңгесі үшін жанын беруге әзір қазақстандықтар «азуын айға білеген» ағылшындарды осылай мойындатты. Мойындатып қана қойған жоқ, алдарында зыр жүгіртті. Кейін табандылықтың арқасында келген банкнот сапасының жоғарылығы, көз тартар дизайны және екі мемлекеттің арасын экономикалық тұрғыдан жақындатқаны үшін «Харрисон және оның ұлдары» фирмасы Ұлыбритания корелевасының алтын белгісін алды.

Қазір дизайны өзгеріп, бастапқы кездегі тұңғыш теңгеден басқа болып шыққанымен, сол кезде басылған теңгелердің қорғаныш қабілеті сол қалпы. Ең көп сұранысқа ие, сонау 1794 жылы ресми валюта ретінде бекіген «доллардың» өзі қауіпсіздік жағына келгенде басқа валюталармен салыстырғанда «өте жас теңгеден» үлгі алды. Осыдан кейін теңгені құнсыз деп көріңіз. Теңге – құнды! Бағамы үшін емес, қиындықпен келгені үшін, дербестігімізді сезіндіргені үшін.

Р.S. 1993 жыл. 8-сыныпта оқитын кезім. Шалғай ауыл болғандықтан, төл теңгеміздің шыққанын теледидардан көрсек те, біразға дейін көзбен көріп, қолмен ұстамадық. Бір күні сабақ болып жатқанына қарамай, сынып жетекшіміз кіріп келгені. Қолында Әл-Фараби, Сүйінбай, Құрманғазы, Шоқан бейнеленген су жаңа купюралар. Сабақ біткенін күтпей, оқушыларымен қуанышымен бөліскісі келген көрінеді. Сабақ жайына қалып, әр купюраны жүрексіне қолымызға алған біз де мәз-мейрам. «Бір теңге қанша сом болады?» деп, жарыса сұрап жатырмыз. «1 теңгеміз – 500 сом!» деп жауап берді мұғаліміміз мақтанышпен. «Дүниеде бізден асқан бай әрі бақытты ел жоқ екен!» деп қуанды мұны естіген балалар. …Теңге сыйлаған мақтаныш сезімі әлі тарқаған жоқ.

Салтанат ІЛИЯШ.