«Жолдың жайын жүрген білер»

Көліктің күрежолсыз күні қараң. Кез келген мемлекеттің экономикасы осы инфрақұрылымсыз дами алмайтыны белгілі. Жол сапасы халықтың тұрмыс деңгейіне, экономиканың дамуына тікелей әсер етіп қана қоймай, елдің әлеуметтік-саяси жай-күйінде де маңызды рөл атқарады. Қара жолдың қатері де көп. Жол-көлік апаты жыл санап еселенуде. Қас пен көздің арасында орын алатын жантүршігерлік жайт қаншама адамның өмірін қиюда. Салдары анық. Себебі не? Еліміздегі жол сапасы қандай?

Санамалай берсең себеп көп. Жүргізушінің физиологиялық жағдайы, ауа райының қолайсыздығы, жолдың нашарлығы, жылдамдық, автокөліктің ескілігі, тағысын тағы кете береді. Сайып келгенде негізгі себеп, жауапкершіліктің жоқтығы. Иә, солай. Автокөлікті тізгіндеген әр жүргізуші өзінің ғана емес, салондағы адамдардың өміріне де жауапты. Бұдан бөлек жол сапасының да маңызы зор. «Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп» демекші, біздің еліміздегі түрлі санатқа жататын жолдардың 87 пайызының жағдайы дәл осындай. Мамандардың айтуынша, жолкөлік оқиғаларының негізгі себепкерлері жастар, әрі қыршынынан қиылатындар да солар екен. Апат жағдайына негізгі себептің бірі – жүргізушінің салғырттығы.

– Жалғыз бала болғаннан кейін бетінен қақпадым. Оқушы кезінде мотоцикл әпердім, кейіннен оқуын бітіріп, жұмысына тұрғаннан кейін, автокөлік алып бердім. Ішімдікке әуестігі жоқ еді, қара жолдың бойында қаза болды. Шұңқыры көп жолда жоғары жылдамдықпен келе жатса керек. Әулет жалғастырушы жалғыз тұяқ еді… – дейді жалғыз баласы Саяттан айырылған Сағындық Жолжақсыұлы.

Қара жолдың бойында қаза болғандарды осылайша тізбектей берсек, санына жете алмасымыз анық… Жол нашар, ой-шұңқыры, жамау-жасқауы көп. Біле тұра жоғары жылдамдықпен жүретіндер жетерлік. Автобанның әлегі… Автобан – тақтайдай түзу жол. Жоғары жылдамдықпен жүретін автомобильге арналған. Қарамақарсы бағыттағы жолдардың ара-жігі арнайы қоршаулармен бөлінген. Жаяу жүргіншілер жолына заңмен тыйым салынған. Теміржол, басқа жолдармен қиылыспайды. Әлемдегі ең алғашқы автобан Италияда, кейіннен Германияда салынды. Бірте-бірте әлемнің барлық елдерінде салына бастайды. Бірақ, солардың ішіндегісі Германияның автобаны. Көлікке де жүргізушіге де ыңғайлы. Мұндай түзу жолдар салынарда әрбір жүргізуші алдымен автокөліктің техникалық сипаттамасы, жүргізуші шеберлігі, жол жағдайын байсалды бақылау қабілеттілігін басшылыққа ала отырып, қозғалысқа ыңғайлы түрде салынады. Яғни, уақыт үнемдеумен қатар көлік қозғалысын жылдамдату мақсатында салынған автобанның бойында апат көп. Мәселен, жел тұрып, боран соқса немесе қар еріп, қабыршақ мұз қатса, аталмыш автомагистраль ажал апанына айналады. Күре жол жаңа технологияларды назарға ала отырып салынғанымен, жергілікті жердің климаттық жағдайы ескерілмейді көп жағдайда. Мәселен, тура осындай Астана – Қарағанды бағытындағы күре жолдың бойында ауа райы қолайсыздығының кесірінен топтаса соғылған көліктер жайлы естіп, көріп жатамыз. Тіпті, жаяу жүргіншіні де мұз айдынында жүргендей сырғытатын жолдың қауіптілігі жоғары екенін мамандардың да өзі мойындап отыр.

– Өмір жолы деп аталатын автомагистральдің қауіптілігі жоғары. Көбіне асығып жүргендіктен ескере бермейміз. Шындығында жер бетінен бірнеше сантиметр биіктікке көтерілген жол бірнеше бөліктерден тұрады. Қиыршық тас үстінен салынатын құрылыс заттары, бетон, су өткізбейтін жабдықтар және одан жоғарғы жабындар қатты әрі сапалы болып келеді. Егер жолдың беті су болса ол ешқайда сіңіп кете алмайды. Яғни, жол жабыны судың сіңірілуіне жол бермейді. Көлкіп тұра береді. Ол қатқан жағдайда нағыз мұз айдынына айналады – дейді жол салушы Сергей есімді маман.

Осыдай жағдайда жоғары жылдамдықпен зулап келе жатқан көлікке тежегіштің де көмегі шамалы. Әлем ғалымдарының айтуынша, жол-көлік апаттарына негізгі себеп жүргізушінің сауатсыздығы. Көлікті жүргізумен қатар игерудің де қыр-сырын меңгерген абзал. Автобанның экономикалық тұрғыда тиімділігі жыл сайынғы жөндеу жұмыстарының алдын алады. Яғни, қыруар қаражат үнемделеді. Асфальттан артығы жоқ.  Ес білгелі көргеніміз асфальт жол. Битумның минералды заттардың қоспасынан асфальт алынады. Түпкі негізі сапалы болса, асфальттің да сапасы дұрыс болмақ. Минералды қоспа қиыршық тас пен құмнан тұратындықтан су сіңіргіш қасиеті жоғары. Әрі көктайғаққа төзімді. Асфальттың да сапасы құрамындағы бағалы сұйықтық – битумның мөлшеріне байланысты. Бір әттегені-айы, қызмет көрсету уақыты ұзаққа бармайтындықтан жылма-жыл ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Бұл сәйкесінше ел бюджетіне үлкен салмақ. Еліміздегі жолдардың басым бөлігі асфальт жолдар. Олардың сапасы сын көтермейді. Дегенмен, автобанға қарағанда қауіптілігі төмен. Еліміздегі автокөлік жолдарының 80 пайызы асфальтты жолдар. 2020 жылғы автомобиль жолдарының сапасы рейтингісінде Қазақстан 141 елдің ішінде 93-ші орында. Сарапшылар біздегі жолдардың сапасын Моңғолия, Уганда, Эфиопиядан да төмен бағалауда…

«Асыққан – шайтанның ісі» деген сөз бар. Қарапайым ғана қағида. Жол ережесін сақтау – әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі әрі бірденбір кепілі. Жолды жөндеп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету уақыттың еншісінде дегенімізбен, сапа түзелмей, апат азаймайды. Әлем бойынша жұқпалы аурудан қайтыс болатындардың санынан жол апатынан көз жұматындардың саны басым. Сонымен қатар, темір тұлпар тізгіндегендердің тәртібі түзелмей, жылдамдықпен ойнаған жүргізушілердің желігі басылмай жағдай оңалмасы анық.

Сағыныш ӘБІЛ.