Аз ғұмырда көп сыйласайық

Әлемде қанша адам болса, сонша мінез бар. Кемшіліксіз пенде жоқ. Елдің бәріне ұнау мүмкін емес. Жақындарымыздың қалпы қалай – солай қабылдай алмай жатамыз, кейде. Арасында ойланбай сөйлеп, бірбіріміздің көңілімізге қаяу түсіреміз. Шариғат бойынша бір адамды ренжіту – қасиетті Қағбаны бұзғанмен бірдей екен.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «мына жалған дүниеде бір-бірлеріңді ренжітпеңдер және ренжімеңдер» деп өсиет еткен. Сондай-ақ, қамшының сабындай адамның қысқа ғұмырын «жолда келе жатқан жолаушының, бір көлеңкеде аз уақыт тыныстап алып, әрі қарай жүріп кетуі» деп сипаттапты. Осыдан-ақ, өміріміздің қасқағым сәт екенін ұғамыз.

Менің бірге оқыған сыныптастарым бар еді. Медреседе білім алып жүргенімде, достарымның уақытын пайдасыз нәрселерге ысырап етіп жүргендерін көріп, жаным ашитын. Беттерінен қайтаруға қолымнан келгенше әрекет еттім. Әттең, көбіне уақытым болмайтын… Көбісі жаман әдеттердің кесірінен бақилық болды. Өте адал, аңқылдақ жігіттер-тін. Жақсы адамдардың өмірден тосын өтіп кетуі қандай өкінішті!

Мұндай жағдайлар кез келген адамның өмірінде кездесуі мүмкін. Сондықтан, осындай жаны жаралы, тағдырдан көп таяқ жеген жақындарыңыз болса, уақыт тауып хабарласыңыз, сөйлесіңіз, күйген дүние күйіп кетсе де…

Кейде, жұмыс деп жақындарымызбен жүздесіп, әңгімелесуге мүлдем уақыт қалмай қояды, тіпті, баламызбен бір мезгіл тілдесуге мұршамыз келмей жатады. Алайда, шын қаласақ, мүмкін емес нәрсе жоқ деп ойлаймын. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұстанымымыз болса, тәлімді түрде өсіп-өнетініміз хақ.

Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) сахабалармен бірге отырғанда жасы үлкен бір қария келеді. Ол жұртқа көп жаманшылық істеген, абыройсыз, сараң адам еді. Оған ешкім орын бергісі келмеген соң, Пайғамбарымыз шамалы жылжып, оны қасына жайғастырды. Жиын тараған соң, сахабалар осы жайттың мәнін сұрағанда «ол қандай адам болса да, менің әкеммен қатар ғой» деп жауап беріпті. Осыдан-ақ қысқа ғұмырда сыйласудың маңызын ұғуға болады.

Сондықтан, жасы үлкендерге құрмет көрсетіп, жақындарымызды, достарымызды, көңілі жарым ағайындарымызды елеусіз қалдырмай, жағдайын сұрап тұрайық. Жастау кезімізде «Үй-іші аман ба?» деген сөзге қатты мән бермеуші едім. Сол сөздің өзінде үлкен мағына жатыр екен. Өйткені үй-ішің ол – сенің отбасың, ошақ қасың, ол – сенің қымбаттыларың. Солар аман болмаса, көрген күнің не болмақ?..

Бір-бірімізден бір ауыз жылы сөзімізді аямай, хал-жағдай сұрасып тұрайық.

Ешкім де мәңгілік емес. Аз ғұмырда көп сыйласқанға не жетсін?!.

Нұржан ҚАЛМАҒАМБЕТ,

Қарағанды қаласындағы «Бала қажы» мешітінің наиб имамы.