Қоғам

Қордағы қаржы қолға тие ме?

Бірыңғай жинақтау зейнетақы қорындағы қаражатының бір бөлігін алу үшін онлайн портал іске қосылады. Маңызды істің басты операторы – «Отбасы банкі» АҚ осылай деп мәлімдеді кеше. Және ол 8 қаңтардан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған. Яғни, аталған мекеменің табалдырығын тоздыру қажет емес. Арнайы шот аштырып, ақша алу үшін өтініш онлайн қабылданады. Алайда, бұл мүмкіндік барлығына берілмеген. Оны жеткілікті шектен артық қаражаты бар азаматтар ғана пайдалана алады. Ал, олар кімдер? Қаражат қолға қалай тиеді? Қайда жұмсауға болады?

Кімдер ала алады?

Алдын ала есептеу бойынша зейнетақы жинағының бір бөлігін 700 мыңнан астам қазақстандық ала алады. Олар үш топқа бөлінеді.

Біріншіден, олар зейнетақы қорында ең жоғары жеткіліктілік шегінен астам жинағы мен тұрақты жұмысы бар адамдар. Одан кейін – зейнеткерлер. Зейнеткер болғанда да бұрынғы табысының (еңбекақы) кемінде 40 пайызына тең мөлшерде зейнетақы алатындары ғана. Соңғы топ – сақтандыру қорымен зейнетақы аннуитетін рәсімдеген азаматтар.

Оның өзінде әр жастағы азаматтар үшін жеткілікті шек енгізілген. Ол азаматты ең төменгі еңбекақы мөлшерінен кем болмайтын айлық зейнетақымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ өмір бойы зейнетақы төлеуге жететіндей болуы керек деп есептелген. Қалған қаражат сіздің 82 жасқа дейінгі зейнетақыңызға жетуі тиіс.

Жеткіліктілік шек мөлшері жақында ғана өзгертіліп, қайта жарияланды. БЖЗҚ ресми сайтындағы кестені ұсынамыз. Осы сомадан асқан қаражатты ала аласыз.

«Жинақтағы қаражатым қанша?»

Зейнетақы жинағындағы соманың қаншасын ала алады екенмін дегендер, оны былай тексере алады.

1. БЖЗҚ сайтындағы салымшының жеке кабинеті арқылы. Ол үшін ЖСН мен құпиясөзді енгізу қажет, немесе электрондық цифрлық қолтаңба болуы керек.

2. Зейнетақы жинақтары туралы ақпарат eGov.kz сайтында және eGov mobile ұялы қосымшасы арқылы да қолжетімді. Ол үшін де электрондық цифрлық қолтаңба қажет.

3. Мақсатты пайдалануға қолжетімді сома туралы мәліметтерді @enpf телеграм-ботының көмегімен де алуға болады.

Алуға болатын қаражат әркімде әртүрлі. Мәселен, 20 жастағы адамда ең кемі 1млн. 710 мың ақшасы болуы керек. Жоғары оқу орнын 17 жасында бітірген жастар үш жылда мұнша сома жинай алмас. Жастар түгілі қазақстандықтардың басым бөлігінің жинағындағы қаражаты көрсетілген шекті сомаға жетуі неғайбыл.

Пайдалану мақсаты шектеулі

Ал бағыңыз жанып, жасыңызға байланысты жинақтау қорындағы қаражатыңыз жеткілікті шектен асса да оны кез келген мақсатта пайдалана алмайсыз. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе жекеменшік қаржы компанияларының басқаруына беруге ғана рұқсат бар. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсартуға мыналар жатады:

Үлестік қатысу, жекешелендіру, бөліп төлеу, тұрғын үйді айырбастау сияқты шарттар арқылы баспаналы болу; сатып алу құқығы бар тұрғын үйді жалдау шарттары бойынша берешекті толық және жартылай өтеу; жеке тұрғын үй салу немесе жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер сатып алу; «Отбасы банкі» арқылы баспана алу үшін ипотекалық қарыз алу; қайта қаржыландыру.

Бір айта кетерлігі, пайдалану мақсатының әрқайсы жеке бекітіледі. Әзірге ол жоба ретінде қарастырылуда, яғни, ресми қабылданған жоқ. Тұрғын үй жағдайын жақсартумен байланысты жобаны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеуі тиіс. Ал, емделу мақсатында қаражат алу жолдарын Денсаулық сақтау министрлігі ұсынады. Дегенмен, барлық мақсаттағы операциялар үшін оператор бір.

Қаражатты алу механизмі қандай?

Салымшы әуеліде айтқанымыздай, «Отбасы банк» АҚ-ға жүгінеді. Онлайн түрде. Жинақтағы қаражатының белгілі бір бөлігін алу туралы электронды өтініші БЖЗҚ-ға түседі. Ол өз кезегінде негізгі операторға қаражатты аударады. Аударылған сома «Отбасы банкі» АҚ ашылған арнайы шотқа түседі. Әрі қарай ол салымшы көрсеткен мақсат бойынша жіберіледі.

Негізгі тетігі осындай болғанымен ескеретін жайттар бар. Ақша қолмақол берілмейді. Арнайы ашылған есепшотқа аударылады. Оны онлайн түрде ашуға болады. Қаражат түскен күннен бастап 45 күннің ішінде пайдаланылмаса, ол автоматты түрде зейнетақы қорына қайтарылады. Бұл ретте «Отбасы банкінің» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова қаражатты алу мақсатын айқындап алуға кеңес берді. Оның айтуынша, зейнетақы жинағындағы қаражатты шешіп алу бір күнде басталып, сол күні аяқталатын бағдарлама емес. Өтініш қабылдау мерзіміне қатысты да шектеу жоқ.

Сіз ескеретін жайттар

Алынған қаражат табыс болып саналады. Сондықтан, 10% көлемінде жеке табыс салығы салынады. Мәселен, БЖЗҚ-дан 1 млн. теңге алсаңыз, 100 мың теңге салық төлеуіңізге тура келеді. Бірақ, салымшылар ол салықты бірден емес, кейін, зейнетке шыққан кезде, бөліп-бөліп 16 жыл ішінде төлей алады. Жақын туыстар өзінің жинағындағы жеткілікті шектен асатын қаражатын бір-біріне бере алады. Оның ішінде, әйелі күйеуіне өзінің қаражатын бере алады. Бірақ, бір-бірінен жылжымайтын мүлік сатып ала алмайды. Сонымен қатар, БЖЗҚ алынған қаражатқа сатып алған баспананы 5 жыл көлемінде сатуға құқығыңыз жоқ екенін де біліп жүріңіз.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button