Ұмыт қалған рухани мекендер
Өткен жазда қазақтың біртуар перзенті, әнші-композитор, ақын, сал-сері Жаяу Мұса Байжанұлының кесенесіне барып қайттым. Жаяу Мұса мазары негізінен Павлодар облысы Баянауыл ауданы Мұрынтал ауылынан 10 шақырым жерде орналасқан (географиялық координаталар N50°17’16,38″ E75°05’47,82″). Ал, Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Шалқар ауылынан 15 шақырым жерде.

Бұған дейін оның дәл осы жерде жерленгенін білмеген екенмін. Ұлы тұлғаның 190 жылдығына орай жаңадан бой көтерген кесене алыстан менмұндалап көрінгенімен, оған жеткенше көңілде қуанышпен қатар қынжылыс та пайда болды. Кесенеге апаратын жолдың жағдайы көңіл көншітпейді. Бағыт көрсететін белгілер аз, инфрақұрылым жоқтың қасы. Алыстан келген адамға бұл жерді табудың өзі оңай емес. Мұндай жағдай тек Жаяу Мұса кесенесіне ғана тән емес.
Жаяу Мұса ауылының тұрғындары мерейтойды ерекше деңгейде ұйымдастырыпты. Ат жарысы, көкпар, концерттік бағдарлама, алыстан келген қонақтар – бәрі де халықтың өз перзентіне деген құрметін аңғартты. Ауыл азаматтарының ұйымшылдығы мен жанашырлығы сүйсінтеді. Бірақ, сол күні ойға бір сауал қайта-қайта орала берді: неге осындай ұлы тұлғалардың жатқан жеріне жету қиын?
Қазақстанның ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғалардың кесенелері, туған жерлері мен тарихи орындары бар. Алайда, олардың басым бөлігі шалғайда орналасқандықтан, көпшілікке беймәлім күйінде қалып отыр. Кейбіріне баратын жол жоқ, кейбірінің маңында қарапайым инфрақұрылым да қарастырылмаған. Нәтижесінде бұл орындар ғылыми айналымнан да, туристік маршруттардан да тыс қалып келеді.
Ең өкініштісі – мұндай орындарды көбіне жергілікті ауыл тұрғындары ғана күтіп ұстайды. Олар қолдан келгенше тазалап, қорғап, келген қонақтарға жол көрсетіп жүреді. Алайда, ұлттық деңгейдегі тарихи мұраны сақтау міндеті тек ауыл азаматтарына жүктелмеуі тиіс. Бұл – мемлекеттің, жергілікті атқарушы органдардың және мәдениет саласына жауапты мекемелердің ортақ міндеті.
Біз соңғы жылдары туризмді дамыту туралы көп айтамыз. Түрлі бағдарламалар қабылданып, жаңа бағыттар ұсынылуда. Бірақ, туризм тек қонақүй мен демалыс аймағынан тұрмайды. Әлемнің көптеген елдері тарихи тұлғалары арқылы турист тартады. Адамдар белгілі қайраткерлердің өмір сүрген жерлерін көруге, олардың мұрасымен танысуға қызығады. Бұл – мәдени туризмнің негізгі қағидаларының бірі.
Шын мәнінде, тарихи орындарға апаратын жолдың нашарлығы – тек жол мәселесі емес. Бұл – ұлттық жадыға деген көзқарастың көрсеткіші. Егер халық өз ұлыларының жатқан жеріне жете алмаса, олардың өмірі мен мұрасымен таныса алмаса, онда тарихи сабақтастық әлсірейді.
Бүгінде көптеген елдер тарихи тұлғалардың кесенелері мен мемориалдық кешендерін тұтас мәдени орталықтарға айналдыруда. Мысалы, Аустрияда әлемге әйгілі композитор Вольфганг Амадей Моцарттың өмірі мен шығармашылығына арналған музейлер мен мәдени орталықтар жыл сайын мыңдаған туристі қабылдайды. Ресейде Лев Толстойдың «Ясная Поляна» музей-қорығы жазушы тұрған үйді ғана емес, тұтас тарихи-мәдени кешенді қамтиды. Нәтижесінде тарихи тұлғалардың мұрасы тек сақталып қана қоймай, ел экономикасына табыс әкелетін маңызды туристік ресурсқа айналған.
Ал, Жаяу Мұса кесенесі орналасқан аймақтың мүмкіндігі бұдан әлдеқайда жоғары. Мұнда шағын музей ашуға, тарихи маршруттар әзірлеуге, ақпараттық белгілер орнатуға, туристерге арналған сервистік нысандар салуға толық мүмкіндік бар. Сонда бұл жер тек мерейтой кезінде ғана емес, жыл бойы келушілер үзілмейтін рухани орталыққа айналар еді.
Қазіргі таңда ауыл тұрғындары өз күштерімен сақтап отырған мұндай тарихи орындар мемлекет назарынан тыс қалмауы қажет. Әкімдіктер тарапынан тұрақты бақылау орнатылып, инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешілуі тиіс. Өйткені, тарихи мұраны сақтау – тек өткенді құрметтеу емес, болашаққа инвестиция салу.
Біз көбіне тарихи орындарды алыстағы шетелдерден іздейміз. Өз жеріміздегі қасиетті мекендердің біразынан көпшілік мақұрым. Егер ұлттық туризмді дамытуда, осындай мекендер жаңғырса керекті .
Ұлы адамдардың аты ұлықталған жерде ұлттың рухы биіктейді. Сондықтан мәселе бір ғана Жаяу Мұса туралы емес. Мәселе – қазақ даласының әр түпкірінде жатқан тарихи жадымыздың тағдырында.
Жансая ҚОПОБАЕВА,
ҚарҰЗУ-дың II курс студенті



