Биыл елімізде 32 бала суға кеткен

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан адамдардың суға кету фактілері тіркеліп отыр. Жыл басынан бері 81 адам суға кетті, оның ішінде 32-сі бала», деді Б. Сыздықов Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның айтуынша, шомылу маусымы басталғаннан бері Ішкі істер министрлігімен, әкімдіктер және еріктілермен бірлесіп 9 мың 300-ден астам рейд жүргізіліп, оларға 25 мыңға жуық адам жұмылдырылды.

«Шомылу маусымы басталғаннан бері 20 күн ішінде 36 адам суға кетсе, оның ішінде 19-ы бала. Бұл қайғылы оқиғаларға жабдықталмаған жерлерде шомылу және балаларды қараусыз қалдыру себеп болып отыр», деді ведомство өкілі.

Осы орайда су қоймалары, көлдер мен өзендерде қарапайым қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керек екенін атап өтті.