АймақБалқаш

Жаяу жүргіншінің қауіпсіздігі үшін

Балқаш қаласында жаяу жүргіншілерге жол бермейтін жүргізушілерді автоматты түрде тіркейтін жаңа аппараттық-бағдарламалық кешендер жұмысын бастады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің өкілдері хабарлады.

Сурет автордан

Жаңа бақылау камералары Ағыбай батыр және Ш.Уәлиханов көшелеріндегі үш білім беру мекемесінің маңына орнатылған. Атап айтқанда, олар Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицей, әл-Фараби атындағы мектеп және Абай атындағы №2 мектеп-лицей аумақтарындағы жол қозғалысын тәулік бойы бақылап отырады. Бұл учаскелерде оқу жылында оқушылар мен жаяу жүргіншілердің қозғалысы көп. Ал, жаңа кешендер жол-көлік оқиғаларының алдын алып, сондай-ақ, мектеп маңындағы қауіпсіздікті сақтауға септігін тигізеді.

Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Әсіресе, білім беру ұйымдарының жанында жылдамдықты төмендетіп, жаяу жүргіншілер өткелінде адамдарға міндетті түрде жол беру қажет. Осыған байланысты полиция жүргізушілерді жол мәдениетін сақтап, барлық жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Айта кетейік, жаңа бақылау жүйелерінің іске қосылуы қаладағы жол қауіпсіздігін арттыруға және балалардың қауіпсіз жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button